28 Наурыз 16:22
...

Әділ Қасым, эколог: 2 млрд ағаш отырғызу – табиғатқа зор көмек

Фото:
Төрт бағытқа арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында негізінен атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, өнеркәсіптік шығарындыларды 20 пайызға төмендету жайы кеңірек қозғалған. Еліміздің өндіріс ошақтары мен кәсіпорындар орналасқан өңірлерінде бұл мәселе өте өзекті. Себебі, әлі күнге осындай мекемелерден шығатын қалдықтар көлемі азаймай тұр.

Не істеу керек? Бұл күні бүгін туындаған мәселе емес. Республиканың қай өңірін алсақ та, экологиялық ахуал күрделі, жергілікті халықтың денсаулығы төмен. Қоршаған ортаны ластамаудың қандай амалы бар? Эколог Әділ Қасымның айтуынша, бұл жоба дер кезінде қабылданды. «Алайда, 2025 жылға дейін көп уақыт қалған жоқ. Қазірдің өзінде не атқарылды? Қай жағына көңіл бөлу мардымсыз? Жалпы, атмосфералық ауаның сапасын жақсартудың тәсілідері баршылық.

Ол зиянды өнеркәсіп шығарындылары арқылы ауаны ластайтын мұнай өңдейтін зауыттар, өнеркәсіп орындары, шағын және орта кәсіпке жататын мекемелер халықаралық стандартқа көшу керек. Меніңше, мұндай кәсіпорындар қаланың сыртында орналасуы тиіс. Неге десеңіз, олардан шыққан зиянды қалдықтар қоршаған ортаға, ең алдымен халықтың денсаулығына қауіпті.

Осы жоба барысында «Экологиялық кодекстің» де дұрыс жұмыс істеуін қадағалау керек сияқты. Жоғары оқу орындары, мектеп, балабақшада қосымша сабақ бөліп, қоршаған ортаны ластамау, айналамызды таза ұстау мәдениетін өзімізден бастау керектігін айтып, санаға сіңіре беру қажет», – дейді эколог.

Ауаның сапасын жақсартудың тағы бір жолы – ірі мегаполистерде электр автобустар паркі кеңейтілуі қажет. Сондай-ақ, ЖЭО мен жеке секторлар толығымен газдандырылуы тиіс. Бүгінге дейін қаланың іргесіндегі шағын елді мекендерде көмір жағатындар көп. Көгілдір отынға көшпейінше атмосфераның таза болуы мүмкін емес. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында осы ұсыныстар ескерілсе құба-құп. 

Ұлттық жобаның екінші бағыты – «Үнемді Қазақстан». Бұл бағыт бойынша суды үнемді пайдалану, сол арқылы өнімділікті арттыру, сондай-ақ 401 арнаны реконструкциялау және цифрландыру есебінен су ысырабын 4 текше шақырымға азайту туралы айтылды. Осы тұрғыда эколог Әділ Қасым тамшылатып суғару әдісін де кеңінен қолдану керектігін айтады. «Қазақстанда бұл салада тәжірбиелі мамандар жеткілікті. Тамшылатын суғару әдісі өнімділікте де арттырады. Себебі, қазақ даласының 45 пайызы шөлді аймаққа жатады. Бұл жердің көбі игерілмей бос жатыр. Мәселен, шетел тәжірибесінде олар жерді өңдеп, игілігін көруде. Яғни, тамшылатып суғару тыңайтқышты, агрохимиялық заттарды, суды біркелі жеткізетін әдіс. Тіпті, тыңайтқышты суға қосып өсімдік тамырына жіберуге болады. Бұл суды үнемдеудің таптырмайтын жолы» дегенді айтты.

 «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының «Табиғат» бағыты аясында 2 млрд ағаш отырғызу шарасын жүзеге асыру көзделген. Сондай-ақ, жойылып бара жатқан және сирек кездесетін жануарларды қорғау да осы бағытта жүргізілмек.

Эколог Әділ Қасым бұл тұрғыда: «2 млрд  ағаш отырғызу табиғатқа орасан зор көмек болар еді. Алдымен нақты жұмысты неден бастау керек? Ағаш көшеттерін қайдан алу керектігіне және Қазақстанның климаттық жағдайына байланысты сараптама жүргізілуі керек. Ағашты тек егіп қою түйткілді шешпейді, оны алғашқы жылдары баптап, күтім жасау керек. Ал сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарларды қорғауға алу керек. Мемлекет тарапынан арнайы питомник әзірленсе деген ұсынысым бар. Жақында Қазақстанда тұңғыш «Байтақ» экология партиясы тіркеуден өтті. Алдағы уақытта партия осы бағытта жұмыс атқарады деп сенемін» деген пікірімен бөлісті.

Жасыл әлем, жасыл экономика деген ұғымның бәрі экологиядан бастау алады. Шетелде әлдеқашан қолға алынып, жемісін көріп отырған жобалар бізге де ауадай қажет. Бұл бағытта жұмыс шаш етектен. Энергия саясаты өте күрделі құрылым және ол көп көлемді қаражат талап етеді. Баламалы, жаңартылған энергия көздерін тиімді пайдалану, соның ішінде жел, күн энергиясын тиісті деңгейде кәдеге асыра білсек, мұның қоршаған ортаға да тигізер үлесі мол.

Экология туралы сөз етсек, мәдениетіміздің төмендігін айтып шығамыз. Кей жағдайда осы пікірді растайтын оқиғалар кездеседі. Экологиялық мәдениеттің өзі адамзаттың өмірі мен өсіп-өнуімен байланысты. Осыдан екі жыл бұрын ел мектептерінде экология туралы толық мәлімет беретін сынып сағатын енгізу міндеттелген еді. Ол ол ма, теле-радио, баспасөз, интернет желілерінде де экологиялық сананы қалыптастыратын ағартушылық ақпараттар жариялануы тиіс. 

Бұдан кейін тиісті министрлік бұл пәнде сабақтан тыс уақытта өкізудің тиімділігі жоғары болатынын айтып: «Баланың естігені бір бөлек, ал тәжірибе барысында қатысса, ол естен кетпейді. Экологиялық білім, экологиялық мәдениеттің астарында ортақ тәрбие жұмысы жатыр. Біз балабақша, мектеп, жоғары оқу орны мен орта білім беретін мекемелерде де жүйелі жұмыс жалғастыруымыз қажет» деген болатын.

Экологиялық мәдениетті дамытатын БҰҰ-ның арнайы бағдарламалары бар. 2020 жылы БҰҰ мен ҚР Білім және ғылым министрлігі 2020-2024 жылдарға арналған жалпы құны 10 млн теңге болатын бірлескен жобаны жүзеге асыруға қол қойған еді. Мұның нәтижесінде үздіксіз экологиялық білім берудің кешенді моделі, 17 экологиялық орталық құру, сондай-ақ экологиялық білім берудің оқу-әдістемелік базасын әзірлеу, веб-ресурсын ашу, оқытушылардың біліктілігін арттыру жоспарланды. 

Қоршаған ортаны ластамаудың тағы бір жолы – айыппұлды он есеге арттыру. Қазіргі айыппұл мөлшері аз. Содан кейін де ешкім жауапкершілікті мойнына алмайды. Егер қалтадан артық ақша шықса, жұрт та екінші мәрте ойланатын болады. Есесіне, одан түскен ақшаны экологиядағы мәселелерді шешуге жұмсалады. 

Тегтер: