2021 жыл Қазақстан спорты үшін қандай жыл болды?
Тыныш заман болса, 2021 жылды біз әдет бойынша олимпиададан кейінгі тыныстау жылы ретінде шығарып салған болар едік. Бірақ 2019 жылдың соңында тіршілігімізге коронавирус араласты.
Алматы, NEGE. 2020 жылға жоспарланған ең үлкен спорттық мереке – Токио олимпиадасын бір жылға шегертті. Тіпті шегінген күннің өзінде де, биыл Жазғы олимпиялық ойындардың өтуі саяси дағдарыстарға, бірқатар мәселеге толы болды. Олимпиада өткеннен кейін Жапония премьер-министрі отставкаға кетті. Яғни пандемия жағдайында ауқымы аса ірі шара өткізуге тәуекел еткені үшін де жапа шеккен сыңайлы.
Қазақстан спорты үшін 2021 жыл өкініш пен үмітке толы жыл болды. Есте қалған оқиғаларды кеңінен тарқатып көрейік.
Қанша асыға күткенмен, Токио олимпиадасы Қазақстан үшін салыстырмалы түрде аса сәтсіз болды. Иә, жүлделер саны бойынша бұрынғы додалардан аса нашарлай қойғанымыз жоқ, бірақ тұңғыш рет отандастарымыз төртжылдықтың басты сынынан не алтын, не күміс жүлде олжалай алмай қайтты. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 83 орында қалды. Токиода ұнжырғамызды түсірген оқиғалар мынадай болды:
а) Тұңғыш рет қазақстандық спортшылардың ешқайсысы финалда өнер көрсете алмады;
ә) Тұңғыш рет бокстан Қазақстан құрамасы алтын жүлдесіз оралды. Бұған дейінгі алты жазғы олимпиадада боксшы жігіттердің кем дегенде біреуі әнұранымызды асқақтатып қайтқан еді;
б) Тұңғыш рет Қазақстан құрамасы жалпы есепте үздік елу елдің қатарына ене алмады;
в) Тұңғыш рет үш боксшы (В.Левит, А.Жүсіп, Б.Нұрдәулетов) алғашқы жекпе-жекте жеңілді. Бұрын мұндай сәтсіздік тіркелген емес;
г) Грек-рим және әйелдер күресінен қатысқан алты балуан да алғашқы қарсыластарынан аса алмай, алғашқы айналымнан жол босатты;
ғ) Еркін күрес балуаны Дәулет Ниязбеков екінші рет олимпиада қоласына таласып тұрып жеңілді. Бұған дейін ол 2012 жылғы Лондон олимпиадасында бесінші орынға тұрақтаған еді.
Дегенмен олимпиаданың жақсы деректері де аз болған жоқ:
а) Елдос Сметов дзюдодан екі олимпиадада қатар жүлде алған алғашқы балуан болды;
ә) Ауыр атлетикадан Токио додасына небары екі спортшымыз қатысып (Игорь Сон, Зүофия Чиншанло), екеуі де жүлдегерлер қатарына енді;
б) Олимпиада бағдарламасына тұңғыш және (бәлкім) соңғы рет кірген каратэден Дарқан Асаділов пен Софья Берульцева жүлдегерлер қатарынан көрінді;
в) Қазақстандық теннисші тұңғыш рет олимпиаданың жартылай финалына шықты. Елена Рыбакина аса тартысты кездесулерде Белинда Бенчич (Швейцария) мен Элина Свитолинаға (Украина) есе жіберіп, төртінші орынға табан тіреді.
Паралимпиадашылар салтанаты
Олимпиададан кейін өткен паралимпиадада қазақстандық спортшылар зор табысқа жетті. Пауэрлифтер Давид Дегтярев 54 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарынан анағұрлым жоғары нәтиже көрсетті. Атбасарлық атлет 174 келі көтерсе, оның ізін ала тұғырға көтерілген француз спортшысы 164 келімен шектелді.
Токио паралимпиадасында қазақстандық спортшылар бұрынғы рекордтардың бәрін жаңартты. Бес спортшымыз жүлдегерлер қатарынан көрінді: дзюдошылар Әнуар Сариев, Дәулет Теміржанов және Зарина Байбатина күміс медаль иегері атанды. Ал жүзгіш Нұрдәулет Жұмағали ел қоржынына қола жүлде салды.
Галышева бастаған керуен
Биылғы әлем чемпионаттары Қазақстанға аз жүлде әкелген жоқ. Сөз басында айтып өткеніміздей, пандемия олимпиада мен олимпиададан кейінгі әлемдік додаларды бір жыл аясына сыйдырып жіберді де, Париж олимпиадасы қарсаңындағы буын алмасу процесін жеделдеткендей болды.
Жылды күміспен бастадық. Алматыда өткен әлем чемпионатында фристайлдың могул бағдарламасында олимпиада жүлдегері Юлия Галышева күміс жүлдегер атанды. Бұл сында жас спортшы Анастасия Городконың қосар могулда қола жүлде иеленуі айтарлықтай оқиға болды. Олардан бөлек, әлем кубогы кезеңдерінде Павел Колмаков, Жанбота Алдабергенова сияқты спортшыларымыз үздік үштікке енді.
Жазғы спорт түрлері бойынша әлем чемпионаттары Токио олимпиадасынан кейін өткізілді де, қоржынымыз толыға түсті. Токио төрінде жартылай финалда төрешілердің аралас шешімімен жеңілген боксшы Сәкен Бибосынов (51 келі) әлем чемпионатында ешкімді шақ келтірмеді. Сөйтіп, ол бір жыл ішінде олимпиадада да, әлемдік сында да олжа салды. Сербияда өткен жарыста Теміртас Жүсіпов (48 келі) әлем чемпионы атанды, Махмұд Сабырхан (54 келі) мен Серік Теміржанов (57 келі) күміс жүлдеге қол жеткізді. Өкінішке қарай, орта және ауыр салмақтарда отандастарымыз жартылай финал есігін қаға алмады. 67 келіде Абылайхан Жүсіпов үшінші рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Ауыр атлеттер сыны жыл соңына қарай Ташкентте (Өзбекстан) өтті. Жарыстың алғашқы күні Арли Чонтей (55 келі) алтын жүлде әкелді. Бірақ басқа спортшылар жеңіс жолын жалғастыра алған жоқ. Айзада Мүптілдә (87 келіден жоғары) мен Артем Антропов (96 келі) жүлдеге бір қадам жетпей тоқтады.
Күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында (Осло, Норвегия) «классик» Алмат Кебісбаев қола жүлде жеңіп алды. 67 келіде күрескен балуан осымен бесінші рет әлемдік додадан жүлдемен оралды (1 күміс, 4 қола). Ал Жәмила Бақбергенова (72 келі) финалда жапон қызы Маско Фуруитиден жеңіліп, күміс тұғырға көтерілді. Елге оралған соң Жәмилаға «ҚР еңбек сіңірген спорт шебері» атағы берілді.
Әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионаты соңғы сәтте кейінге шегерілді.
Мықтылар спорттан кеткен жыл
2021 жылы бірқатар айтулы спортшылар белсенді спорттан қол үзді. Дзюдодан Рио олимпиадасының, әлем чемпионатының қола жүлдегері Отгонцецег Галбадрах, еркін күрестен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дәулет Ниязбеков, танымал дзюдошы Елдос Жұмақанов, Лондон олимпиадасында бесінші орынға тұрақтаған балуан Ғалымжан Өсербаев осы жылы спортпен қош айтысты. «Үлкен дулыға» турнирлерінің финалисі Ярослава Шведова да биыл спорттағы ғұмырына нүкте қойды. Ал жаңа жыл қарсаңында даңқты боксшы Василий Левит өзінің спорттан қол үзетінін мәлімдеді. Барлық спортшыларға алғысымыз шексіз!
Өкінішке қарай, жыл басында белгілі шаңғышы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Николай Чеботько жол апатынан қаза тапты. Жыл бойы біз белгілі спорт бапкері және функционері Темірхан Досмұхамедов, Вячеслав Шапран (волейбол), Фанас Салимов (футбол), Альберт Линдер (ауыр атлетика), белгілі спорт комментаторы Аманкелді Сейітхан, Евгений Пупков (хоккей), Қазбек Әшляев (бокс бапкері), Станислав Лунин (футбол) сияқты тұлғалардан көз жазып қалдық.
Аса ірі жеңіліс және футбол реформасы
Футболдан Қазақстан құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионатында өз тобында соңғы орында қалды. Әрине, бұл футбол жанкүйерлері үшін ерекше жаңалық емес. Украинамен екі рет, Босния және Герцеговинамен сырт алаңда бір рет тең ойнап, отандастарымыз көңілге үміт ұялатып еді. Алайда қазан және қараша айларындағы үш кездесуде қатар сүрініп, Қазақстан құрамасы өзінің «дәстүрлі» орнына жайғасты. Ең өкініштісі, Париж төрінде отандастарымыз Франция құрамасынан 0:8 есебімен ойсырай жеңілді. Бұл – Қазақстан құрамасы тарихындағы ең ірі сәтсіздік.
Биыл тұңғыш рет Қазақстан суперкубогы 4 үздік команда арасында сарапқа салынды. Тұңғыш рет Қазақстан кубогының топтық турнирі өткізілді. «Тобыл» екінші рет Қазақстан чемпионы атанды, «Қайрат» тұңғыш рет Конференция лигасының топтық турнирінде өнер көрсетті.
Биыл футзалдан Қазақстан құрамасы әлемнің үздік құрамалары қатарына енді. Литвада өткен әлем чемпионатының топтық турнирінде отандастарымыз Литва, Коста-Рика, Венесуэла құрамаларын артқа тастап, плей-оффта Тайланд, Иран құрамаларынан іркілген жоқ. Жартылай финалда ойын соңындағы пенальтиден ғана Португалиядан жеңілді, үшінші орын үшін матчта Бразилияға есе жіберді (2:4).
Жаңа жылдан не күтеміз?
Барыс жылының басты додасы екеу: Бейжіңдегі Қысқы олимпиада және Қатарда өтетін футболдан әлем чемпионаты. Олимпиадаға әзірлік қызып жатыр. Қазақстан құрамасы ең көп құраммен қатысуы мүмкін. Ал жеке құрлық сындарын, әлем чемпионаттарын айтпағанда, бұл жылы кезекті Азия ойындары жалауын көтереді.
Демек, спортшыларымызға жанкүйер болатын жарыстар жеткілікті. Табысымыз көп, өкінішіміз аз болсын!
Есей Жеңісұлы