2019 – әлеуметтік толқулар жылы

Доңыз жылында әлеуметтік сала күн тәртібіндегі негізгі тақырыпқа айналды. Тарих қойнауына еніп бара жатқан жылдың басты жаңалығы – көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту.
Көпбалалы аналар шеруі
Ақпан айында Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі отбасы бес бірдей перзентінен айрылып, қара жамылғаны көпбалалы аналардың бас көтеруіне түрткі болды. 50-ге жуық көбалалы ана рұқсат етілмеген митингке шығып, өрт салдарынан қаза тапқан балалардың ата-анасы сияқты түнде жұмыс істеуге мәжбүр болғанын айтты. Мұндай митинг Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында дүркін-дүркін өтті. Осыдан кейін-ақ сең қозғала бастады.
Әкімдердің есебі өзгерді
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биыл әкім-қаралар халыққа арнаған есебінде қоғамда жиі талқыға түскен көпбалалы аналардың жағдайына көбірек тоқталды.
Сол кездегі Қазақстан президенті Н.Назарбаев тұрмысы төмен жандар мемлекеттің қамқорлығын жақын арада сезінуі тиіс екенін айтып, «көмекке аса мұқтаж және көпбалалы отбасылар биылғы 1 сәуірден кешікпей әлеуметтік көмек алуы қажет» деп мәлімдеді.
21 мың теңгенің құны
Отбасының айлық табысы бір адамға шаққанда 20 789 теңгеден аспаған жағдайда, әрбір балаға дәл осы көлемде жәрдемақы төлеу тағайындалды. «Миллионерлерге мемлекеттен тағы көмек берудің қажеті не? Кірісі аз отбасылар арасында 111 мың отбасы ғана атаулы көмек алады екен. Көп балалылардың жəрдемақысын əрбір балаға 21 мың теңгеге жеткізуді жəне мүгедек бала асырап отырған ата-аналар мен отбасыларға, асыраушыларға берілетін жəрдемақыны 30 пайызға арттыруды тапсырамын», – деді Н.Назарбаев.
Елімізде 340 мыңнан астам отбасында кемінде төрт баладан бар. Жыл сайын мұндай отбасыларды қолдауға 500 миллиард теңге бөлінетін болды.
Милионнан астам азаматтың қарызы кешірілді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен несиеге бір реттік жеңілдік жасалады. 1 шілдедегі жағдай бойынша, тұтынушы несиесі бойынша өсімпұл мен айыппұл кешірілді. 3 млн теңгеге дейінгі несиесі бар әлеуметтік жағдайы төмен адамдардың 300 мың теңгесі мемлекет есебінен жабылды. 30 шілдеде банктер мен микроқаржы ұйымдары 33 миллиард 600 миллион теңгеге 1 миллион 200 мың азаматтың айыппұлы мен өсімпұлын кешірді. Ұлттық банктің хабарлауынша, ең көбі Алматы – 7,1 млн тенге, Нұр-Сұлтан – 3,4 млн, ШҚО – 2,8 млн кешірілген. Айыппұл мен өсімпұл банктер есебінен шығарылды.
Бұл – бір реттік акция. Қарыз кешіру рәсімі 18 қыркүйекте аяқталды.
«Екі сиырдың» жыры
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамыздың 21-і күні Нұр-Сұлтанда өткен партияның саяси кеңесі жиынында биліктен көмек сұраған отбасыларды, оралмандарды сөкті. «...Қазір сол отыз жыл бұрынғы ұранды көтеріп, «маған бер, менің балам көп, айлығым аз» дейді. Сен не ойладың? Бұл – сенің мәселең ғой, сен бұрын мемлекетпен ақылдаспадың ғой» деді. «Микрокредит ал да, екі сиыр сатып ал. Өзіңді асыра» деген кеңес те берді. Екі сиырдың жыры қоғамда қызу талқыға түсті.
Ажырасуға алып келген жәрдемақы
Кейбір ерлі-зайыптылар пәтер алу үшін, үкіметтен әлеуметтік көмек алу үшін қағаз жүзінде ажырасқан. Президенті Қ.Тоқаев үкіметтен әлеуметтік көмек алу үшін елімізде көпбалалы отбасыларда ерлі-зайыптылардың ажырасуы күрт көбейгеніне алаңдаушылық білдіріп, бұл алаяқтықты тоқтатуға тапсырма берді.
«Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін көпбалалы ата-аналардың ажырасуы жиілеп кетті. Үкімет пен президент әкімшілігіне алаяқтыққа тосқауыл қою үшін цифрландыру жүйесін енгізуді жеделдету тапсырылды. АӘК – бұл мемлекеттің мұқтаж азаматтарға берілетін жәрдемақысы», – деді.
Шымкенттегі бір соттың өзіне аптасына 10-15 арыз түскен. Жыл басынан бері АӘК алуға табысы мен дүние-мүлкін жасырған 73 714 отбасы анықталды.
Атаулы әлеуметтік көмек: жаңа жәрдемақы
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек заңы аясында тағы бір жәрдемақы тағайындалды. Бұл жәрдемақыны көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі баласы бар және материалдық жағдайы төмен отбасылар алады. Бұл заң 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, мемлекеттік жәрдемақы кәмелетке толмаған төрт және одан көп немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді. Осылайша, 4 баласы барлар – 42 500 теңге; 5 баласы үшін – 53 125 теңге; 6 баласы барлар – 63 750 теңге; 7 бала тәрбиелеп отырған отбасылар 73 375 теңге алады.
«Еңбек» бағдарламасы не берді?
Биыл «Еңбек» мемлекетік бағдарламасы аясында жұмыспен қамтуда қолдау және кәсіпкерлікті дамыту шараларымен 623 мың адам қамтылды, оның ішінде 416 мың адам еңбекке орналастырылды, 131 мың адам оқытылды, 46 мың грант пен шағын несие берілді, оңтүстіктен солтүстікке 9 мың адам көшірілді. Бұған 176 млрд теңге жұмсалды.
Донор болғыңыз келе ме?
Жыл соңына қарай донор мәселесі қызу талқыға түсті. Бұған дейін Жақсылық Досқалиев ағзасын беруге дайын екенін айтса, таяуда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев донорлыққа келісім беретінін ескертті.
Дәл қазір «Денсаулық сақтау жүйесі және халық денсаулығы туралы» кодекс қоғамдық талқылаудан өтіп жатыр. Ж.Досқалиевтің айтуынша, бүгінде шамамен 2800 адам бүйрек донорына зәру. Бауыр трансплантациясына шамамен 500 адам кезекте тұрса, жүрекке – 110 адам, ал 15 науқасқа өкпе доноры қажет. Яғни, кодекс бойынша «ағзамды беруге қарсымын» деп жазғанда ғана ешкім тиісе алмайды.
Динара Мыңжасар