«ЖИ арқылы диагноз қою – адам өміріне балта шабумен тең» – Дәрігерлер жаңа тәсілге НЕГЕ қарсы?
Жуырда отандық арналардың бірінде ақмолалық дәрігерлердің жасанды интеллектінің көмегімен пациенттерге диагноз қоя бастағаны хабарланды. Пилоттық жоба өңірдегі төрт емханада сынақтап өтіп жатыр.
«Осы жоба аясында жұмысымыз оңтайландырылды. Мысалы, қазір күніне 15 науқас келсе, соның шамамен 8-іне жасанды интеллект арқылы болжамды диагноз қоямыз» деді жұмыс қолы жеңілдегенін жеткізген дәрігер.
Өткен жолдауда ел президентінің жасанды интеллектіні әр салада жолға қою керектігін айтқанын ескерсек, бұл бастаманың өзге өңірлерде жалғасын табатыны белгілі. Осы ретте ауырып ем іздеген жандардың жиі жүгінетін дәрігерлеріне шығып, «жасанды мидың жаңылыспай ем тағайындай алуы мүмкін бе?» деген сауалды қойдық. Дәрігерлердің айтқанын қаз-қалпында жеткіздік, бәлкім, кеңестері сіздің де көкейіңіздегі сұраққа жауап берер.
Алинұр ҚАНАТҚЫЗЫ, терапевт:
ChatGPT-ді «шпаргалка» есебінде пайданалудың айыбы жоқ
– Жуырда президентіміздің өзі әр салаға жасанды интеллектіні ұтымды пайдалануды айтты. Бұл дұрыс па деп ойлаймын. Себебі, дәрігер де ет пен сүйектен жаралған, шаршайтын сәттер болады. Содан кейін медицинаға жаңадан келіп жатқан жас маман жан-жақты талдау жасап барып, қорытынды шығарғысы келуі мүмкін. Сондай кезде ChatGPT сынды дүниелерді көмекші құрал, яғни «шпаргалка» есебінде пайданалудың айыбы жоқ деп санаймын.
Бірақ басыбайлы техникаға сенім артып, алдымызға келген науқастың бәріне робот жазып берген диагнозды ұстатып қоя беруге болмайды. Өйткені дәрігер ауруды обьектвті түрде қарау арқылы қорытынды шығарып, сол бойынша емшара тағайындайды.
Мысалы, біз адамның түріндегі өзгеріске мән береміз, қажет болған жағдайда сыртқы органын ұстап көру арқылы да аурудың ошағы қайдан екенін анықтаймыз. Сөйтіп, соған қатысты қан талдамасын жасатып, арнайы құрылғыға түсуге жолдаймыз. Содан соң ғана ортақ шешімге келіп, емшара жазып береміз. Ал техникада ондай білім мен практиканы ұштастыратын мүмкіндік жоқ. Қандай жағдайда болсын адам денсаулығына нұқсан келтіріп, ауруын асқындырып алуға жол бермеуіміз керек.
Мырзалы ТӘШІМБЕТОВ, ЛОР дәрігер:
Әлі ерте
– Жасанды ми түгілі неше жыл оқыған мамандардың өзі науқасқа диагностиканы дұрыс қоя алмай жатады. Онлайн форматта оқыған студенттердің білім деңгейі тіпті төмен. Себебі, біз оқыған білімімізбен қатар жылдар бойғы жинаған тәжірибені ұштастыру арқылы ем-дом тағайындаймыз
Мысалы, төменгі буынның артроз немесе артриті болады. Оны өзге аурулардан жақты ашып-жабу арқылы ажыратамыз. Ал жасанды интеллекті мұндай дүниелерді анықтайтын дәрежеге жету үшін онымен арнайы медицина маманы жұмыс жасап, күнделікті тәжірибесін бөлісу арқылы ойлау жүйесін дамытуы керек.
Сонда ғана ол нақты диагноз қоюға қабілетті болуы мүмкін. Ал қазіргі деңгейінде медицинаға енгізуге әлі ерте.
Әнуар ТӨЛЕМІСОВ, Қан тамырлары хирургі:
Жасанды интеллект медицинада қауқарсыз
– Жасанды интеллекттің дәрігерге септігі тиюі мүмкін. Сондай-ақ алғаш қабылдауға келген науқас адамның ем қабылдау динамикасын жасауға жақсы көмек береді. Мысалы, келесі анализін қай уақытта тапсыру керек, қай уақытта қайта қабылдауға келу керек деген сияқты сұрақтарға жауап беруі мүмкін. Ал ем жүргізу жағына келгенде дәрігердің міндетін атқаратын мүмкіндігі жоқ. Дәрігер жасанды интеллект арқылы науқасқа диагноз қойғанның өзінде оның нәтижесін жақсылап сараптамадан өткізуге тиіс.
Мәселен, адамды жарымжан қылуға әкелетін жүйелі аутоиммунды ауруларды анықтау роботты қойып, дәрігерлердің өзіне қиындық тудырады. Сондықтан қанша жерден жасанды интеллект адам баласының орынын алмастырып жатыр деп даурыққанымызбен, оның медицинада қауқарсыз екенін ескергеніміз жөн.
Жақын болашақта да айтарлықтай дамып-жетіліп кетеді деп айта алмаймын. Басы ауырып, балтыры сыздаған адамға да өз бетінше ChatGPT сынды қосымшалардың көмегіне жүгініп, дәр-дәрмек қабылдауына болмайды. Онда жүргізген емінің салдарынан денсаулығына қандайда бір зақым келген жағдайда жауапкершілік өзіне жүктеледі. Ал тән мен жанның саулығына бей-жай қарауға мүлде болмайды.
Балнұр МАЙМЫШЕВА, дәрігер:
Ұрпақ тағдырын жасанды құрылғыға салуға болмайды
– Медицина саласында он бір жыл білім алған адаммен жасанды миды салыстыруға болмайды. Адам «мына жерім ауырды» деп алдымызға келгенімен, ауруының ошағы мүлде басқа жерден шығуы әбден мүмкін. Сондықтан қандай жағдайда болсын толыққанды диагностикадан өткізу қажет. Аутоиммунді және онкологиялық аурулар адам организмін жан-жақты зерделеуді талап етеді. Сондықтан қаралушыға түрлі анализдер тапсыртып, құрылғыларға түсіріп барып, диагноз қойылады. Сол сияқты бірнеше дәрігердің талқысына түсіп, консилиум арқылы шешілетін диагноздар да болады.
Жасанды интелект деген магниттік-резонанстық томография мен компьютерлік томография деген аппараттардың қызметін атқара алмайды. Сондықтан жасанды интеллект арқылы емшара тағайындау адам өміріне балта шабумен тең.
Мысалы, мен жалпы тәжірибелік дәрігер болғандықтан балаларды да қабылдаймын. Оларға үлкендерге қарағанда екі есе қырағы қарауға тура келеді. Ұрпақ тағдырын жасанды құрылғыға салуға болмайды. Оның үстіне әр адамның организмі де әр түрлі. Кейбіреулерде көптеген дәрі-дәрмекке реакция беріп жатады. Квинке ісігі немесе аллегрияның ең қауіпті түрі саналатын анафилактикалық шок болуы әбден мүмкін. Сондықтан диагнозды организмге толыққанды диагностика жасап барып қойған жөн.