Жансейіт Түймебаев, Қаз ҰУ ректоры: Студенттердің әлеуметтік жағдайына баса көңіл бөлеміз
«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру туралы айтылған. Бұл мәселеге Президент Жолдауында да кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, білім алу үшін 2-3 пайызбен жеңілдетілген несие беру, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыру жағы сөз болды.
NEGE тілшісі осы мәселелерге қатысты Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың пікірін білді.
– Жансейіт Қансейітұлы, жаңа Қазақстанға бет бұрған мемлекеттің алдына жүктелген жаңа міндеттер туралы не түйдіңіз?
– Әдетте қалың ел, қаумалаған қауым Мемлекет Басшысының халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауын үмітпен, келер күнге деген арман-мақсатпен күтеді. Өйткені ел дамуының елеулі де ерекше кезеңдерін талдап, таратып, қол жеткен белестер мен әсіресе алда тұрған асқаралы міндет-мұраттарды жақсы да жарқын жағынан саралап айтып, санаға салмақ салатын сөз қашанда – ел күткен сөз. Осы тұрғыдан келгенде, бүгін жолданған Жолдаудың жаңалығы мен жақсылығы қандай деген халықтық сұрақ алдан шығатыны сөзсіз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл Жолдауы халық күткен көптеген сауалдарға нақты жауап берді. Жолдаудың негізгі мақсаты тек қана есеп беру емес, әсіресе уақыт алға қойып отырған күрделі кезеңдегі көкейкесті мәселелерді шешудің, қоғам мен заман тынысын жаңаша безбендеудің, дүрбелең дүниедегі геосаяси өзгерістер мен өзектес жағдайлардың Қазақстан үшін оңтайлы әрі қажетті жағдайда оң шешімі табылуын жан-жақты саралап, алдағы бағыттарды айқындап алу. Осы жағынан келгенде, Жолдау іскерлік, мақсаткерлік, шешімділік, ұйымдастырушылық бастамаларының құндылығымен назар аудартты.
Ел тарихының дамуындағы ерекше оқиға – кезектен тыс Президент сайлауын өткізу саяси жаңғыруға дендеп бет алған мемлекеттік саясаттың басты алгоритмі деп қабылдаймыз. Сонымен қатар, Президенттік мерзімнің 7 жыл болуы қазіргі кезеңдегі жүргізіліп жатқан сындарлы саясатты, қалыптасқан тұрақтылықты тұлғаландыру бағытындағы тереңнен ойластырып, жауабын тапқан мәселе.
– Қалай ойлайсыз, «Жаңа Қазақстан» термині жай ұранға айналмай ма? Негізінен қай салаға басымдық берген жөн?
– Жаңа Қазақстан терминін тарихи қағидатқа ұластыру жағынан келгенде халық көңіліндегі Жаңарған Қазақстан деген ұғым осы Жолдауда айқындалған шешімдермен дәйектеліп, көп күткен жаңалықтар мен өзгерістер жаңаша тұрғыда бастау алады деген сенімдеміз. Соның ең бастысы халықтың тұрмыс-тіршілігін, әл-ауқаты мен әлеуетін көтерудегі маңызды қадамдарды жүзеге асыру болмақ.
Ел байлығын жаппай халықтың тең дәрежеде көруіне қол жеткізу жолындағы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жалпыұлттық деңгейге жеткізудегі ұмтылыстар науқандық сипат алмай, бірізділік пен кемшілікке ымырасыздықпен астасса, ел дамуының жаңа бетбұрысы да соны сүрлеуге түспек. Бұл тұрғыда да Мемлекет басшысының ойлары мен ұсыныстары, міндеттері мен тапсырмалары толық құптарлық.
Жолдауда «Жаңа экономикалық саясат» деген атпен енген тарауда айтылған еліміздің әлі де шикізаттық деңгейден шыға алмай отырғаны, инновациялық мүмкіндіктің кемшіндігі, табысты бөлудегі алақұлалық туралы айтқаны ақиқат. Осыларды реттеу үшін жолдауда айтылған макроэкономикалық тұрақтылық, экономиканы диверсифакация жасау, адами капиталды толық пайдалану және заң үстемдігі секілді ең негізгі қадамдар бұл мәселені шешуге толық мүмкіндік беретіні қадап айтылды. Бұл айтылғандарды жүйеге түсіру үшін Салық саясатын жаңаша жасау аса маңызды. Салық пен халық арасындағы өзара түсіністік пен өзара сенімділік экономикалық дамудың тетігі болмақ. Сондықтан 2023 жылы жаңа Салық кодексі жүзеге асады. Халыққа түсетін салық ауырлығын жеңілдетудің де тетіктері қарастырылады. Бұл да көптен күткен жақсы жаңалықтың бірі.
Тағы бір ел күткен жақсы жаңалықтың бірі – ауыл шаруашылығына баса көңіл бөлінуі. Пайдалы жерлердің мемлекеттік кадастраларын қайта жасақтау, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын және санын арттыру тұрғысындағы міндеттер жөніндегі айтылғандар елдің назарын ерекше аударады деп ойлаймын. Байтақ жеріміздің байлығын берекелі ету, ауылшаруашылығы өнімдерін дайындау және сақтау жағынан әлі де олқылықтар баршылық. Соның бәрін ретке келтіру туралы айтылғандардың бәрі халық көкейіндегі мәселе.
– Жоғары оқу орындарының әлемдік стандарттарға сай болуы жолында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Жолдауда халық көкейіндегі талай мәселелер ортаға түсті. Соның ішінде халыққа білім беру, жас ұрпақты білімдар етіп тәрбиелеу, орта буынды маман кадрларды дайындау, елдің болашағы болып табылатын балабақшалардың және оларда қызмет жасайтын тәрбиешілер мен мамандардың лайықты дайындалуына жағдай жасау жан-жақты айтылды. Арнаулы және жоғары оқу орындарынның оқу процесттерін жетілдіру, заман талабына сай қажетті мамандықтарды дайындау, студенттердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жыл сайын жақсарта түсу, оларды жайлы да жақсы жатақханалармен қамтамасыз ету мәселелері де барынша ашық және жүзеге асу жолдарын көрсете отырып баяндалған. Жоғары оқу орындарының әлемдік стандарттарға сай болуы жолындағы жұмыстарында инновациялық шешімдердің молынан қарастырылуы да жақсы айтылған. Бұл біздерге жаңа міндеттер жүктеп, жұмысымыздың жүйелі ізге түсуіне жақсы жол сілтейді. Білімді кадр – ел болашағы екенін даусыз.
– ҚазҰУ студенттері жатақханамен толық қамтылған ба?
– Жоғары оқу орындарында барлық проблемаларды мемлекеттің иығына жүк етіп артып қоюдың заманы өткенін Мемлекет басшысы анық айтып өткен. Мысалы, студент жатақханаларын салуда жеке әріптестік пен бизнес салаларын кең қамту күн тәртібіндегі мәселе екені де дұрыс көрсетіліп отыр. Бұл жөнінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде осындай іргелі қадамдар жасалып жатыр.
Студенттің жағдайын жасау, оның жан-жақты білім алуына кепілдік беру – біз үшін басты талап, негізгі қағидат. Сонда білімді жас әлемдік өркениетте бәсекеге қабілетті маман ретінде өз елінің атын шығарып, абыройға ие болмақ. Мемлекет басшысының бір жылды «Жастар жылы» деп атауының өзі бұл мәселеге қаншалықты назар аударып отырғанын көрсетті.
2022-2023 оқу жылына жатақханаға студенттерді орналастыру бойынша тоқталсам, университетте жалпы 15 жатақхана бар, орын саны – 5 840. Оның ішінде 1 курс – 3020, 2,3,4 курс – 1268 студент орналасты. Қазіргі таңда №5,10 жатақханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орын саны – 666 орын. Бұл 10-15 қыркүйекте дайын болады. Осы ретте жатақханаға мұқтаж 1 курс студенттері толық орналасты.
Одан бөлек магистранттарға 198 орын, докторанттарға 68 орын даярланды. Ал пәтер жалдап тұрып жатқан студенттер – 1986, туған-туыстарының үйінде тұрып жатқан студенттер – 2898, Алматы қаласындағы хостелде тұрып жатқан студенттер саны – 472. Сондай-ақ, «Шамшырақ» қонақ үйінде 500 орынға шетелдік студенттер орналасады.
– Әңгімеңізге рахмет.