27 февраля 2023 г. 15:42

Тимур Елеусізов: Алматы маңындағы 6 гектар жерге 7 мыңнан астам ағаш ектік

Фото:

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен қабылданған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының орындалу барысы жайында эколог мамандар не дейді? NEGE тілшісі Kaz Eco Patrol қоғамдық ұйымының негізін қалаушы, қоғам белсендісі Тимур Елеусізовті әңгімеге тартты. 

  Тимур Мэлсұлы, бес жылға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы қалай жүзеге асып жатыр?

– «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы дер кезінде қабылданды. Төрт бағыттан тұратын жобаны жүзеге асыру кезек күттірмейді. Себебі, елімізде экология мәселесі өте күрделі. 

– «Табиғат» бағыты аясында 2 млрд ағаш отырғызу туралы айтылды. Табиғат жанашыры ретінде бұл іске сіздің де атсалысып жүргеніңізді білеміз...

  – 2 млрд ағаш отырғызу деген дерек аспаннан алынған жоқ. Бұл ағаштар өнеркәсіп орындарынан, зауыттардан бөлінген көмірсутекті азайтуға септігін тигізеді. Неге десеңіз, қазір ауа ластанып кетті. Біз газ ауаны жұтып жүрміз. Мұның зардабын әзірге жасыл желек қана азайта алады. Сондықтан бұл бағдарламаның жүзеге асуын қадағалау керек. Бірінші кезекте бұл іс қоғам, халық тарапынан бақылауға алынуы керек. Әуелі қоғам өкілдері жобамен танысып, мәселеге жанашырлық танытып, хабардар болуы қажет. Президент тапсырма берді, жоба қабылданды, бірақ орындалуы қай деңгейде? Сол себептен де халы қолдап, ауызбірлік танытып, бірлесіп іске асыруға мүдделілік танытса деймін. Әрине, бюджет тарапынан атқарылып жатқан дүниенің бәрі халықтың салығы есебінен болып отыр десек, алдымен өзіміз бас-көз болуымыз керек сияқты.

Kaz Eco Patrol қоғамдық ұйымының маңызды бағыттарының бірі – Қазақстан бойынша ағаш егу. Біздің жобамыз – қарағайлы орман. Алматы маңындағы 6 гектар жерге 7 мыңнан астам ағаш ектік. Қазір барлық өңірде ұйымның 20 филиалын құру бойынша жұмыс атқарылып жатыр.

  – Былтыр Қостанай облысында өрт болып, халық та, табиғат та зардап шекті. Содан кейін сіз басқаратын қоғамдық ұйым 58 гектар жерге ағаш егуді жоспарлап еді. Сол жөнінде айтсаңыз?

  – Kaz Eco Patrol қоғамдық ұйымы Қостанай облысында қарағайлы орман құруға ниетті екенін және 58 гектар жерге 70 мың ағаш егуді қолға алды. Өңірдегі орман өртінің шығынының орнын толтыру туралы әлеуметтік желідегі парақшамда да жаздым. Қостанай облысында өрт 43 мың гектар аумақты шарпыды. Бұл өңірдегі орман қорының жартысына жуығы.

Түсінікті болу үшін айтайын, бұл аумақ Алматы ауданының 2/3 бөлігіне тең. Яғни, 3-4 күнде жүздеген мың тонна оттегіні жоғалттық. Ал ағаш шығыны туралы ешкім ештеңе айтқан жоқ. Жүздеген тонна көмірсутегіні ұстайтын 30-40 жастағы ағаштар жанып кетті. Оның үстіне ол жер әлі тағы бірнеше жыл тақыр болады. 25 миллион ағаш санын қалпына келтіру үшін 15 жылдан астам уақыт қажет. Бірақ одан кейін де орман бұрынғыдай болмайды.

Жылына шамамен 2 миллион көшет егу 350 мың (20-25 пайыз) осы табиғи нормадан тыс қалады. Сондықтан сапалы қалпына келтіру 30-50 жылға созылады. Мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері қолдаса, Қостанай облысында ағаш егу бойынша тиісті жобаны іске қосамыз. Әкімдіктен аумақты көрсету талап етіледі. Ал бизнестен көшетті сатып алуға көмек сұраймыз. Жасыл қорды толықтырудың екінші көзі – заңға сәйкес барлық өндірістік кәсіпорынның айналасында орман белдеуін құру. Осы түйткіл елде іс жүзінде өте нашар деңгейде.  

 – «Таза Қазақстан» бағытында ауа сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару жөнінде кеңірек тоқталған. Осы жөнінде пікіріңізді білсек...

– Бұл экологияны сақтаудың негізгі критерийі. Егер біз еліміздің патриотымыз десек, табиғатты, қоршаған ортаны таза ұстауды үйренуіміз керек. Сөз бен іс қабысуы тиіс. Тау бөктеріне демалысқа барып, ішіп-жеп, бәрін шашып кететіндер бар. Әр адам өзінен бастау керек. Айналамызды таза ұстасақ – ми мен жанның тазалығы сол дер едім.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта басқару мен өңдеуге келсек, бұл үлкен кластерлі мәселе. Жоба бойынша бес жылда өнеркәсіп орындарының шығарындысын жиырма пайызға азайту туралы айтылды.

Полигондағы қалдықтар аузы-мұрнына шығып жатыр. Меніңше, қалдықтарды толықтай өңдеуді басқаратын жаңа жүйе керек. Қазақстанда мұндай жүйе бұған дейін болмаған. Кейбір мамандар батыс елдерінің тәжірибесін ұсынып жатады. Бірақ бұл біздің менталитке сай келмейді. Сондықтан бізге керегі әрбір өңірде пайда болған тұрмыстық қатты қалдықтарды уақыт өткізбей сұрыптап, қайта өңдеп отыру керек. Сонда ғана полигондарға қалдықтар мейлінше аз баратын еді.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған 8 мыңнан астам контейнер орнату, сондай-ақ олардың үлесі мен кәдеге жаратылуын 34 пайызға дейін арттыру  да қарастырылды. Мұнымен қоса полигондарды жаңа заманауи құралдармен жабдықтауды қолға алу қажет. Мәселен, құрылыс саласынан қалған қалдықтар, тұрмыстық және медициналық қалдықтарды үйіп-төгіп тастай береді. Ешкім қадағалап жатқан жоқ. Бұл мәселені шешу үшін комиссия құрып, жаңа тетік қарастыру керек.

Қазақстан халқының экологиялық мәдениеті қалыптасқан ба?

  – Өкінішке қарай, экология мәдениеті мәз емес. Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстанда халықтың қоғамда өзін-өзі ұстау мәдениеті қалыптаспапты. Экология мәдениеті – адамдардың бір-біріне позитивті қарым-қатынас жасауы, этикет нормасын сақтауы. Қазір тіпті мектеп бағдарламасында этика туралы пән де жоқ. Бұрын болды, жасөспірімдер мен жастар этикет дегеннің не екенін білетін. Ол ол ма, бүгін халық қоршаған ортаны қорғау былай тұрсын, жақынын қорғаудан қалып барады. Бұл біздің тәрбие мәдениетіміздің ақсап тұрғанын көрсетеді.     

– Сұхбатыңызға рақмет! 

Тегтер: