Тергеу сотының тегеуріні қандай?

Тергеу судьясының тәжірибеге енгізілгеніне бес жыл болды. Ал тергеу соттарының жұмыс істей бастағанына екі жылдан аса уақыт өтті. Осы уақыт аралығында тергеу соттары өзіне жүктелген міндетті талапқа сай орындап, қоғамға қажет екенін толық дәлелдеді ме?

Nege.kz тілшісінің сұрақтарына Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының төрағасы Болатбек Қатықбаев жауап берді.

Б.Қатықбаев. Фото: almaty.tv

– Болатбек Әділханұлы, тергеу сотын енгізудегі мақсат қандай? Оның жұмысына қандай баға бересіз?

– Тергеу судьясының маңызы мен мәні, әділ төрелік орнатудағы орны ең алғаш рет «100 нақты қадам – қазіргі заманғы баршаға арналған мемлекет» Ұлт жоспарының 22-қадамында көтерілген болатын. Бағдарламада сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу барысында заң талаптарын сақтап, азаматтардың Конституциялық құқықтары мен бостандықтарын негізсіз шектеуге жол бермеу үшін тергеу сотын енгізудің маңыздылығы назарға алынған еді. Бастапқы кезде әрбір соттан тәжірибелі судьялар іріктеліп, тергеу судьясының функциясын атқарды. Уақыт өте келе бұл бастама оң нәтиже бергеннен кейін Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 10 қаңтардағы №620 Жарлығымен еліміздің 14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында мамандандырылған тергеу соттары құрылып, жұмысын бастады. Мұндай қадамға біздің еліміз ТМД мемлекеттері арасында алғаш рет тәуекел еткенін айта кеткеніміз жөн. Бұл – өте дұрыс шешім. Франция сияқты өркениетті елдерде мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Және азаматтар құқығын мінсіз қорғауда, тараптардың сот жұмысына қатысты күмән-күдігін сейілтуде бұл институттың атқарар қызметі орасан.

– Сот жүйесіндегі бұл реформа халықтың сенімінен шықты ма? Тергеу сотына жүгінетіндердің саны артты ма?

– Қазақстан Республикасының сот жүйесінде қолға алынған жаңа реформалар  жалпы қоғамның сотқа деген сенімін арттыруға, азаматтардың Конституциялық құқығы мен бостандығын халықаралық стандарттарға сай қорғауға септігін тигізгені ақиқат. Тергеу соттарына қазір жүгінушілер саны көп. Тергеу соты судьясының құзырына қамаудағы тұлғаларға бұлтартпау шарасын қабылдау, үйқамақ немесе экстрадициялық қамау, қызметінен шеттету, кепілдеме қабылдау, мүлікке тыйым салу, мүрдені қайта қазып алу, халықаралық іздеу жариялау, тергеу орындарының салғырттығына қатысты шағым қабылдау секілді көптеген функциялар кіреді.

– Тергеу сотына қандай өкілеттіктер берілген?

– Тергеу судьясының өкілеттігі Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінде жан-жақты көрсетілген. Осы құжаттың 55-бабына сәйкес, тергеу судьясы сотқа дейінгі іс жүргізу барысында орын алған процестік әрекеттерді санкциялап, оларға рұқсат береді және де бұл әрекеттердің жүргізілуінің заңдылығын тексереді. Бұдан бөлек, тергеу судьясының жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуді және оның мерзімдерін ұзартуды санкциялау, сондай-ақ адамды оған қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері туралы хабардар ету мерзімін ұзартуға, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының адамды оған қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері туралы хабардар етпеуіне келісім беруге санкция беру құқықтарын иеленген.

Тергеу судьясының бес жылдық тәжірибесін таразы басына салып, талқылағанда азаматтардың бұл сотқа деген сенімінің күннен күнге артып, беделінің жоғарылағанын байқау қиын емес. Алматы қаласы мамандандырылған тергеу соты судьяларының атына түсетін алғыс хаттар, ризашылықтар тындырымды жүмыстың далаға кетпегенін, сапалы қызмет әрқашан лайықты бағасын алатынын көрсетеді.

– Тергеу сотының қызметін егжей-тегжейлі түсіндіріп бергеніңіз үшін рақмет! Істеріңіз ілгері болсын!

Қазір оқып жатыр

Алматы облысында Отан қорғаушылар күні айрықша аталып өтті

Ұрып-соғып, үтікпен күйдірген: Шымкентте балаларына қорлық көрсеткен ана сотқа тартылды

Қытайда екі экс-қорғаныс министрі өлім жазасына кесілді

Үкімет курьерлер мен таксишілерге төленетін әлеуметтік төлемдер мәселесін шешу жолын іздестіруде