«Табыстың 70%-ы азық-түлікке кетеді»: сатушылар соңғы 20 жылда мұндай қымбатшылықты көрмеген
Астана қаласының тұрғындары 20 мың теңге болса да үнемдеу үшін азық-түлікті қала ішіндегі супермаркеттерден емес, базардан алуға көшкен.
Астанада, NEGE. Бірнеше күн бұрын сауда және интеграция вице-министрі Айжан Бижанова елордада азық-түлік инфляциясының баяулау үрдісі байқалып отырғанын мәлімдеген еді. Ведомствоның дерегінше, бүгінге дейін қабылданған тұрақтандыру шаралары бағаның шарықтауына жол бермеген.
Алайда ресми мәлімет пен халықтың күнделікті өмірде көріп отырған жағдайы бір-біріне сай келе бермейді. Әлеуметтік желілерде тұрғындар азық-түлік бағасының қымбаттағанын айтып, супермаркеттердегі тауарлардың бағасын жариялап, шағымдануда. Көпшілігі күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасы қалта көтермейтін деңгейге жеткенін айтып отыр.
Nege.kz тілшісі Астанадағы базарларды аралап, нарықтағы бағаның нақты ахуалын зерделеді. Тілшімен сөйлескен тұрғындардың айтуынша, бұрын ай сайынғы азық-түлікке кететін шығын 70-80 мың теңге болса, жаңа жылдан бері бұл сома 120 мың теңгеден асып кеткен.
Тұрғындардың айтуынша, супермаркеттер мен базардағы баға айырмашылығы анық байқалады. Сол себепті көпшілік бір айға жететін азық-түлікті базардан көтерме бағамен сатып алуға мәжбүр. Алайда соңғы уақытта базарда да бағаны көтере бастаған.
«Баға айтарлықтай өсті. Бұрын 1 литр майды 870 теңгеге алатынмын, қазір 970 теңге. Картоп та 150 теңгеден 260 теңгеге қымбаттады. Өткен жылы айына 70-80 мың теңге жұмсасақ, қазір тек азық-түліктің өзіне 120 мың теңге кетеді. Төрт баламыз бар, бір отбасының тамағына осынша қаражат жұмсауға мәжбүрміз. Қазір тек базардан аламыз, мұнда көтерме де, бөлшек те сататын дүкендер бар. Қаладағы дүкендермен, әсіресе Magnum-мен салыстырғанда бір тауардың өзінде 500 теңгеге дейін айырмашылық шығады. Базардан алған кезде 20-30 мың теңге үнемдейміз, бірақ соңғы кезде мұндағы көтерме саудагерлер де бағаны өсіріп жатыр», — дейді қала тұрғыны Дамира Үсіпбек.
«Ет алу үшін келдік. Мұнда арзандау. Жылқы еті 3700 теңге тұрады. Мал бағу да оңай емес, қымбаттағанын түсінеміз. Сондықтан ет аларда осы базарға келген дұрыс деп ойлаймын», — дейді Берік Әкімбаев.
«Қазір жалақы жетпейді. Салық өсті, коммуналдық төлемдер де қымбаттады. Ай сайынғы табысымыздың 60-70 пайызы азық-түлікке кетіп отыр. Жаңа жылға дейін қаладағы супермаркеттерге барып жүрдік, ол кезде баға әлдеқайда төмен еді. Базардағы баға да арзан емес, бірақ қаладағы дүкендермен салыстырғанда біршама қолжетімді. Сондықтан осы жерден келіп аламыз», — деді Кенжетай Сағындыққызы.
Зейнеткерлер мен көпбалалы отбасылар үшін бұл жағдай тіпті ауыр. Айлық пен зейнетақы өсімі азық-түлік бағасының қымбаттауына ілесе алмай отыр. Қала дүкендерімен салыстырғанда базарда 20–30 пайыз үнемдеуге болатынын айтқан тұрғындар, соған қарамастан, табыстың басым бөлігі тамаққа кетіп жатқанын жасырмайды.
«Үкімет зейнетақыны аздап көтергенімен, ол күнделікті шығынды толық жаппайды. Қаладағы дүкендермен салыстырғанда базардан алған кезде шамамен 30 пайыз үнемдейміз», — дейді зейнеткер Шынар Ашырова.
«Базарда 20 жылда болмаған қымбатшылық»
Ал базардағы кәсіпкерлер бағаның өсуіне негізгі себеп ретінде ҚҚС-тың көтерілуін алға тартады. Айтуларынша, ірі фирмалардан тауарды қымбат бағада алуға мәжбүр. Соның салдарынан өз үстемеақыларын қосып сатуға тура келеді.
«Біз тауарды көтерме саудагерлерден қымбат бағаға аламыз. Олар қосылған құн салығын төлейтіндіктен, бағасын өсірген. Соған байланысты тұтынушылар бізге “неге қымбат?” деп жиі шағымданады. Біз енді өзіміз алған сомаға сатсақ, несіне мұнда тұрамыз? Үстіне көп те қоспаймыз. Өйткені бұл бөлшек сауда. Базарда тұрғанымызбен, жұмыс қызу жүріп жатқан жоқ. Мүмкін, жылдың басы болғандықтан, халықтың қолында ақша аз шығар», — дейді Альмира Әуелбекқызы.
Кәсіпкерлердің айтуынша, баға өсіп, сатып алушылар саны азайған. Бұрын өнімді бірнеше келіден алатын тұтынушылар қазір грамдап алуға көшкен.
«Сатып алушылар саны екі есе қысқарды, себебі халықтың қолында қаражат аз. Жағдай барған сайын қиындап барады. Мысалы, жаңғақты өткен жылы 4 500 теңгеден алсақ, қазір 5 500 теңгеге алып отырмыз. Соған үстеме қосып сатамыз, нәтижесінде әр өнімнің бағасы 1000-1500 теңгеге дейін қымбаттады», — дейді дәнді дақылдар мен кептірілген жемістер сататын кәсіпкер Гүлмира Оразбекова.
Саудамен ұзақ уақыттан бері айналысып жүрген кәсіпкерлердің айтуынша, мұндай қымбатшылық бұрын-соңды болмаған.
«Базарда 15 жылдан бері жұмыс істеймін. Бұған дейін азық-түлік бағасының 20 пайыздан артық өскенін көрмедім, ал қазір бұл көрсеткіштен асып кетті. Тауарды фирмалардан аламыз, олар бағасын айтарлықтай көтерді. Үлкен компаниялар қосылған құн салығын төлейді, ал біз, шағын кәсіпкер болсақ та, 3 пайыз салық төлейміз, оған қоса төлем жүйелері арқылы тағы 1 пайыз ұсталады. Сөйтіп, салық жүктемесі еселеніп отыр. Тұтынушылар шағымданады, бірақ біз де шығынға жұмыс істей алмаймыз. Мысалы, қантты бұрын 400 теңгеден сатсақ, қазір бағасы 500 теңгеге жетті», — дейді кәсіпкер Елдос Оразымбетов.
Сарапшы болжамы қандай?
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналинаның айтуынша, алдағы кезеңде инфляция жоғары деңгейде сақталуы мүмкін. Соның салдарынан 2026 жылы азық-түлік бағасы шамамен 10-15 пайызға, ал ақылы қызметтер 12 пайызға дейін қымбаттауы ықтимал.
Маманның сөзінше, бағаның өсуіне бірнеше фактор әсер етіп отыр. Олардың қатарында экспорт көлемінің қысқаруы мен импорттың артуы, теңгенің әлсіреуі, сондай-ақ капиталдың шетелге кетуі бар. Бұдан бөлек, жаңа Салық кодексіне көшу және халықтың инфляциялық күтулері де бағаға қосымша қысым түсіреді.