8 октября 2024 г. 16:29

Жастарды көшеден ұстап, әскерге алып кету заңды ма? – Министрлік жауап берді

Фото: Фото: ғаламтордан

Қазір 18 жасқа толған жастарды (оқу орындарында оқымаса) көшеден, жұмыстан немесе демалыс орындарынан әскерге күштеп алып кетіп жатыр. Тіпті, ата-анасымен де сөйлестірмеген жағдайлар өте көп. 

Әлеуметтік желілерде қазақстандық ата-аналардың балаларымызды көшеде жүрген жерінен күштеп әскерге әкетіп жатыр деген шағымы көбейді. 

Жастарды көшеден ұстап, әскерге алып кету қаншалықты заңды? Бұл әрекетті құптарлық іс пе? NEGE тілшісі аталмыш сауалдарды Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Қорғаныс министрлігінің өкілдеріне жолдады. 

Фото: ОКҚ

«Мұндай әрекеттер көктемгі шақырылымда болды. Күзгі шақырылымда ондай әрекеттерге бармадық. Себебі, оның оңтайлы жолы табылды. Қазіргі таңда әкімдердің идеология жөніндегі орынбасарларымен, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдерімен тығыз жұмыс атқарылып жатыр. Зейнетке шыққан офицерлеріміздің де жүргізіп жатқан үгіт-насихаттарының арқасында біз көшеден күштеп алып кету фактілеріне жол бермедік. Жаңа айтып өткен 120 мың әскердің ішінен жарамды 40 мыңын зерделеп, әскерге шақырып жатырмыз», - деді ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев.

Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі әскерге келмей жүргендерді осылай алып кету іс-әрекетті заңды дейді. 

«БАҚ-та, әлеуметтік желілерде осындай фактілер айтылып жатыр. Бірақ, олардың саны көп емес. Әскер қатарына жылына 40 мыңдай азаматты шақырсақ, олардың арасында бірді-екілі осындай жағдайлар болып қалады. Оның өзі ішкі істер органдары әскерге келмей жүргендерді іздестіру шараларын жүргізіп, осылай алып келеді. Олардың іс-әрекеті, әрине, заңды. Бірақ шақыртылған азамат неліктен өзі келмейді? Оның да әртүрлі себептері бар. Мысалы, азамат бір жерде тіркеуде тұрады, бірақ басқа қалаға кетіп қалады. Сәйкесінше, тиісті органдар оның басқа қалаға кетіп қалғанын білмейді. Тіпті, ол азаматтың өзі де бұдан хабарсыз болуы мүмкін. Осындай іздестіру шаралары кезінде оларды жергілікті әскери басқару орындарына алып келеді және де осы тұрғыда олардың барлық құжаттарын, куәліктерін және де әскерге жарамдылығын тексереді, медициналық комиссиядан өтеді. Егер оны әскерден босатуға негіз болса, ол азаматты сол жерде босатып жібереді. Ал егер оның әскерге баруға құжаттары, денсаулығы сай келсе, ол әскерге баруға міндетті. Конституцияда: «Қазақстан Республикасын қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы» деп жазылған. Сондықтан ер азаматтарымыз әскери және жауынгерлік дайындықтан өтуі тиіс», - дейді ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин.