«63 жастағы қария әйелін полиграф арқылы тексерген»: Қазақстанда бұл қызметке сұраныс артып келеді
Қазір қазақстандықтар бір-бірінің көзіне шөп салған-салмағанын полиграф арқылы тексере бастады. Полиграфолог Евгений Ивановтың айтуынша, соңғы жылдары отбасылық мәселемен жүгінетіндер қарасы артқан. Ерлі-зайыптылар арасындағы күдік пен сенімсіздік тіпті 63 жастағы қарияны да әйелін «шындық детекторына» алып келуге итермелеген.
Астана, NEGE. Осы күндері әлеуметтік желілер мен хабарландыру платформаларында «әйеліңді немесе күйеуіңді полиграф арқылы тексереміз» деген жарнамалар жиілеп кетті. Бұл қызметті кімдер пайдаланады, қандай жағдайда жүгінеді деген сауалдың жауабын алу үшін 16 жылдық тәжірибесі бар полиграфолог, гипнотерапевт Евгений Ивановпен сөйлестік.
Жарына деген күдік полиграфқа жүгінуге жетелейді
Бұрын полиграф қылмыстық істер мен арнайы қызметтердің құралы ретінде ғана қабылданса, бүгінде оны отбасы мүшелері бір-бірін тексеру үшін де қолдана бастады.
«Күн сайын дерлік ерлі-зайыптылар жүгінеді. Көбіне оларды "Жұбайым басқа біреумен сөйлесіп жүр ме, жасырын хат алмасып, байланыс орнатып жүр ме?" деген сұрақтар мазалайды. Мұндай күдікке ерлер де, әйелдер де бірдей бой алдырады. Әдетте, шын мәнінде опасыздық жасаған адам тексерілуге келе бермейді. Ал кейбірі полиграфты алдауға болады деп сенеді. Алайда өтірік ұзаққа бармайды, ақиқат дәл осы жерде ашылады. Бүгінде мұндай тексеруден тек жастар ғана емес, егде жастағы адамдар да өтуде», – дейді Евгений Иванов.
Маманның айтуынша, таяуда 63 жастағы қария әйелін күйеу баласынан қызғанып, шындықты анықтау үшін полиграфқа жүгінген. Себебі олардың қарым-қатынасы оған тым жақын көрінген: күйеу баласы келген сайын енесі ерекше ықылас танытып, алды-артына түсіп қызмет етеді екен. Алайда полиграф тексерісі олардың арасында қандай да бір жеке байланыс жоқ екенін көрсетті.
Полиграфологтың айтуынша, оның тәжірибесінде кездескен ең тосын оқиғалардың бірі қарт әйелге байланысты. Ол аяғын сындырып, ұзақ уақыт төсек тартып жатады. Туыстары оған күтім жасау үшін басқа қаладан күтуші қыз шақырады. Алайда арада біраз уақыт өткен соң, зейнеткер күтуші тамағына әлдебір дәрмек қосып, ұйықтататынын айта бастайды.
«Әже өзі ұйықтап жатқан кезде қыз оның ернінен сүйетініне сенімді болды. Күтуші болса бұл айыптауларды жоққа шығарады. Ол зейнеткер өзін әдейі қаралап отыр деді. "Мен келмей тұрып ол көрші қариялармен бірге өз үйінде ішімдік ішіп жүрген, ал қазір ондай мүмкіндік жоқ. Сол себепті мені үйден кетірудің жолын іздеп жүр" деп түсіндіреді. Әжей де өз сөзінен таймайды. Ақырында, шындықты анықтау үшін екі тарап та полиграфқа жүгінуге келісті. Тексеру нәтижесі күтушінің түнде әйел ұйықтап жатқанда оны ернінен сүйгенін растады», – дейді Евгений Иванов.
Кейін екі тарап та маманға қайта жүгініп, психиатрға жолдама беруін өтінген екен.
Соңғы кезде полиграф тексеруіне үйлену алдында тексерілу үшін келетін жұптар көбейген. Олар отбасын құрар алдында барлық күмәннан арылып, болашаққа алаңсыз қадам жасағысы келеді.
Кәмелетке толмағандар, бопсалау және жалған айып
Полиграфологтың тәжірибесінде алаңдатарлық жағдайлар да болып тұрады. Оның айтуынша, кейде ата-аналар кәмелетке толмаған қыздарын ертіп келеді.
«Кейбірі өзінен үлкен ер адамдармен хат алмасып, кейін олардан ақша бопсалайды екен. Ақша бермесе, полицияға арыз жазамын деп қорқытады. Мұндай жағдайда істің ақ-қарасын полиграф арқылы анықтауға болады», – дейді маман.
Детектордың нәтижесін сотта айғақ ретінде көрсетуге болады, бірақ соңғы шешімді тек судья қабылдайды.
Ал бизнес полиграфты не үшін қолданады?
Қазір көптеген жеке компаниялар қызметкерді жұмысқа алар алдында оның бұрын ұрлыққа қатысы бар-жоғын, жалған құжат қолданған-қолданбағанын, зиянды әдеттері немесе бәсекелестермен байланысы бар-жоғын детектор арқылы тексереді.
Компанияда жұмыс істеп жүрген қызметкерлер де белгілі бір мерзім сайын тексеруден өтеді.
«Онлайн-бизнес, ломбардтар, күзет агенттіктері, онлайн-казино саласында полиграф қолдану қалыпты тәжірибеге айналды. Кей компаниялар қызметкерлерін әр алты ай сайын тексереді», – дейді ол.
Маман тапшы, сұраныс көп
Евгений Иванов сұраныстың артуын Ресейден келген бизнес стандарттарымен байланыстырады. Оның айтуынша, Қазақстанда жұмысын бастаған ресейлік компаниялар полиграфтан өтуді міндетті талап ретінде енгізіп отыр.
«Мысалы, Ozon мен Wildberries қоймаларын күзететін қызметкерлер полиграфтан міндетті түрде өтеді. Бұл талап келісімшартта нақты жазылған», – дейді маман.
Осы тәжірибені көрген қазақстандық жұмыс берушілер де полиграфтың қаржылық шығынды азайтуға көмектесетінін түсініп, бұл тәсілді пайдалана бастапты.
Алайда Қазақстанда полиграфологтардың саны нарықтағы сұранысты толық жаба алмай отыр. Маманның айтуынша, елде кемінде 500-ге жуық полиграфолог жетіспей отыр. Астанада небәрі төрт жеке полиграфолог қана бар, ал өңірлерде тұратын адамдарға полиграфологтың көмегі қажет болса, олар мегаполистерге баруға мәжбүр.