Салтанат Әзірбек: Алматыда тіркелетін қылмыстың 70 пайызын басқа өңірден келгендер жасайды
Алматы – ірі мегаполис. Қаржылық ұйымдар да, жоғары оқу орындар да осында. Сәйкесінше, қалада жастардың саны басым. Оның үстіне Алматы шаһарына басқа өңірлерден жұмыс іздеп келіп, біржола тұрақтап қалатындар көп. Халық шоғырланған жерде тәртіптің бұзылып, қылмыстық оқиғалардың жиі тіркелуі – заңдылық.
NEGE тілшісі Алматы қаласында құқықтық саясатты іске асыруды, халықтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын қалыптастыру жөнінде Алматы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбекпен сұхбаттасты.
– Салтанат, Алматы қаласы бойынша құқықтық саясатты іске асыру бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Негізінен бұл мәселе тек полиция құзырына ғана жатпайды. Барлық мемлекеттік органдар, оның ішінде құқық қорғау органдары азаматтардың құқықтық тұрғыда сауатын ашуға барынша атсалысып келеді. Мәселен, Алматы полиция басқармасы азаматтардың қауіпсіздік шараларын, дүние мүлкін сақтауға, сондай-ақ алаяқтардың құрбаны болмас үшін профилактикалық түсіндірме жұмысын жүргізеді. Яғни, бұл біріншіден, азаматтардың құқықтық тұрғыдан қорғануына барынша септігін тигізеді. Егер көзі ашық, сауатты адам болса, ол өзінің құқығын да, міндетін де жақсы біледі.
– Халықтың құқықтық мәдениеті мен санасын қалай арттыруға болады?
– Меніңше, бұл кез келген азаматтың өзіне байланысты. Адамда ынта-жігер болуы тиіс. Оған ешкім күштеп немесе мәжбүрлеп «Мынаны оқы, біл» деп айта алмайды. Зайырлы һәм құқықтық мемлекетте тұрып жатқандықтан азаматтар міндетті түрде заңға бағынуы тиіс. Заңға қайшы іс-әрекет жасамауы қажет. Мысалы, қандай да заңсыз іс-әрекеті үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын білгені жөн. Есірткі қылмысына қатысты айтатын болсақ, әсіресе жастар «есірткі затын пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын білмеп едік» деп өздерін ақтауға тырысады. Бұл ақылға қонымсыз нәрсе. Бәлкім, мектеп қабырғасында, жоғары оқу орнында заңнамалық тұрғыдан ақпараттандыру және түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек шығар. Яғни, баланың құлағына не нәрсенің дұрыс не бұрыс екенін кішкентайынан құю керек.
– Алматы – ірі мегаполис. Оның үстіне басқа өңірлерден жұмыс іздеп келіп, тұрақтап қалғандар көп. Бүгінде шаһарда қылмысқа қарсы іс-шаралар қалай жүріп жатыр? Қылмыстық оқиғалар негізінен қандай ортада жиі тіркеледі?
– Шын мәнінде, Алматы – жан-жақтан жайлы өмір іздеп келгендердің ордасы. Алматы – еліміздегі алып мегаполис. Жоғары оқу орындарының көбі осында шоғырланған. Қаржылық ұйымдар да осында. Алматы қаласында тіркеліп жатқан қылмыстың 70 пайызы басқа өңірден келгендердің қолымен жасалады. Сондықтан да қылмыстық жолмен нан табамын деушілердің қарасы басым. Олар көбінесе бөтеннің дүние-мүлкін ұрлау, қалта ұрлығы, пәтер тонау қылмысына барады.
Бұдан бөлек көші-қон заңнамасын бұзатындар да жетерлік. Осы жылдың басынан бері ірі шаһар Алматыда ҚР көші-қон заңнамасын бұзудың 15 мың 904 дерегі анықталды. 4 мың 182 іс бойынша шетел азаматтары жауапкершілікке тартылды. Сот шешімдерімен 310 шетелдік Қазақстан Республикасынан шығарылды, жеке басын куәландыратын құжаты жоқ 673 шетел азаматы қабылдап-тарату бөліміне орналастырылды.
Сонымен қатар, 2022 жылдың 6 айында еңбек иммигранттарына жеке адамдарда жұмыс істеуі үшін 34 мың 162 рұқсат қағазы берілді және ұзартылды. Қазіргі уақытта заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу және шетелдіктерді азаматтық-процессуальдық тәртіпте елден шығару жұмысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, бөлімшеде Алматыда жыл басынан бері «Келімсек» және «Нелегал» екі республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді.
Мұнымен қоса дәл қазір алаяқтық жолмен ақша табу дерегі көбейіп кетті. Соңғы 2-3 жылда, яғни коронавирус індетінің салдарынан күнделікті өміріміз онлайн форматқа көшкені рас. Қала тұрғындары азық-түлікке де, дәрі-дәрмекке де, киім-кешекке де интернет арқылы тапсырыс беретін болды. Осындай ұрымтал сәтте алаяқтар да қаптап жатыр. Қазіргі дейін қаншамасы ұсталды.
Соған қарамастан, келесі бір адам осы алаяқтық жолға түседі. Ал кейбір азаматтар сақтық шарасын ескере бермейді. Мәселен, танымайтын адамға өзі туралы жеке мәліметін беріп, өзіне тиесілі банк есепшотын жария етіп, қылмыскердің жетегінде кетіп қалады.
Тіпті, тағы біреулер баспанасынан айрылып жатады. Ол ол ма, тірнектеп жиған-тергенін алаяқтың қолына ұстата салатын жағдайлар да жоқ емес. Тұрғындарды сан соқтырып кеткен алаяқтық дерек жиілеп кетті. Жалпы, алаяқтық әрекеке баратын адамдар бәрін алдын ала зерттейді, анықтайды. Сондықтан бөтен адамға жеке басыңызды куәландыратын құжаттарыңызды беруден сақ болған жөн. Ал қылмыстық оқиғалар қандай ортада жиі тіркеледі дегенге тоқталсам, олардың көбі бұрын-соңды сотталған, ішкілікке салынған азаматтар.
Бір-бірімен бөтелкелес болып, жанжалдасып, мұның арты төбелеске ұласады. Кейде бір-біріне пышақ жұмсап, қару кезеп, өлтіріп алады. Яғни, сотталып, бостандыққа шыққан азаматтар тиісті нәтиже шығармай қайтадан қылмыспен қолын былғап жатады. Сондықтан оларды әркез қадағалауда ұстау үшін учаскелік инспектор тарапынан да жұмыстар атқарылады.
Мысалы, жазасын өтеп шыққан азамат үйіне оралған кезде учаскелік инспекторға дабыл түседі. Сосын учаскелік инспектор сол азаматтың дұрыс жолға түсуіне бірден-бір септігін тигізеді. Әрине, жұмысқа орналасқысы келген азаматқа қолұшын беруге болады. Ал дұрыс жолды таңдамай, баяғы әдетіне салынып кетсе, оны ешкім мәжбүрлей алмайды.
Алайда, жақсы жаңалықпен бөлісе кетейін. Қазір Алматыда ұрлық саны азайды. Жалпы, қаладағы қылмыстық ахуал тұрақты және бақылауда. Қылмысты ашу бойынша жұмыстың тиімділігі артты, оның ішінде көбі «ізін суытпай» ашылып жатыр. 2022 жылдың 6 айында қалта ұрлығы 3,8 есеге, пәтер ұрлығы 44 пайызға, сондай-ақ, көлік салонынан бөтеннің мүлкін ұрлау 47 пайызға азайған. Сонымен қатар, жыл басынан бері кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс (-14,5 пайыз), отбасы және тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар (-14,3 пайыз), сондай-ақ бұрын сотталғандардың заңсыз әрекеттері (-47,8 пайыз) төмендеген.
– Бұған дейін халықтың полицияға деген сенімі азайған еді. Полиция қатарында қызмет етіп жүргендердің қоғаммен қарым-қатынас мәдениеті төмендеу болатын. Қазір өзгерді ме?
– Қолжетімді полиция естуші мемлекеттің қағидаттары аясында полиция қызметкерлерінің тек кәсіби деңгейін ғана емес, мәдениетін де көтеруді көздеп отырмыз. Полиция да қоғамның бір мүшесі. Сондықтан полицияға негізсіз тиісе беруге болмайды. Қоғамда резонанс тудыру үшін, қоғамдық пікір қалыптастыру үшін жалған ақпарат айтатын адамдар көп. Бірақ мұның артында жауапкершілік бар екенін түсінбейді. Негізі мәдениетті болуды әр адам өзінен бастауы керек.
– Осыдан біраз жыл бұрын полиция қатарына жұмысқа алу тәртібі мен талабы қатаңдатылған еді. Қазір қалай? Осы бағыттағы жұмыстарға тоқталсаңыз...
– Әрине, полицияға ойдан-қырдан қашқандардың келмегені дұрыс. Шын мәнінде, «халыққа қызмет етемін, елдің тыныштығын күзетемін, қылмысқа қарсы күресемін» деген жақсы ниеті бар, ойы түзу азаматтарды ғана жұмысқа алғымыз келеді. Тәжірибе барысында полиция табылдырығын нақты мақсаты жоқ азаматтар да аттап жатады. Полиция қатарына алыну үшін бірнеше сатыдан, қатаң талаптан өтуі тиіс.
Бұл талапқа сай келмегендер жұмысқа қабылданбайды. Полицияға қабылдаудың алғашқы талабы – ол азамат міндетті түрде Қазақстан республикасының азаматы болуы тиіс. Екіншіден, жасы 35-тен аспауы керек. Үшінші, жоғары білімі болуы құпталады. Төртінші, әскери борышын өтеген азамат болуы қажет.
Сондай-ақ, медициналық тексеруден өтіп, денсаулығының мықты екенін растауы керек. Мұнымен қоса полиграфиялық сынақтан сүрінбеуі тиіс. Бұдан бөлек Қазақстан республикасының заңдарын қаншалықты білетінін анықтайтын арнайы тест сынағынан өтеді. Айта кетейін, Алматы полициясы қызметке болашағы зор, ақылды және дені сау жастарды жұмысқа алмақшы. Құқық қорғау органдарына қызметке әлгінде тілге тиек еткендей, 35 жасқа толмаған, тиісті білімі бар және әскери қызмет немесе әскери дайындықтан өткен Қазақстан республикасының азаматтары қабылданады. ІІО қызметке кіргісі келетін үміткерлер Қазақстан республикасының заңнамасын білуге арналған тестілеу орталықтарында тестілеуден өтуге жолдама алу үшін қаланың кез келген Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуі қажет. Содан кейін үміткерлер аудандық полиция басқармаларының кадр қызметіне хабарласып, қажетті құжаттарды тапсырып, медициналық тексеруден, оның ішінде полиграфиялық тексеруден де өтуі қажет. Сонымен қатар, үміткерлер ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты оқу орындарында конкурстық комиссиядан өтеді. Бұл – физикалық нормативтерді тапсыру және сұхбаттасу.
– Сұхбатыңызға рахмет!