13 ноября 2025 г. 19:23

«Путин Тоқаев пен Трамптың кездесуін оңаша талқылағысы келген сияқты» – саясаттанушылар

Фото: NEGE

2025 жылдың 11-12 қарашасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясына ресми мемлекеттік сапармен барды. Мәскеуде Тоқаевты бұрын-соңды болмаған құрметпен қарсы алғаны жөнінде отандық және әлемдік БАҚ жарыса жазып жатыр. 

Бұл жолғы қабылдау рәсімі Ресей мен Қазақстан басшыларының бұрынғы кездесулерінен айтарлықтай өзгеше болды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің жеке келіссөзі шамамен екі жарым сағатқа созылды. Путин Тоқаевты Кремльдегі пәтеріне шақырып, әрі қарайғы әңгімені шай үстінде жалғастыруды ұсынған. 

Сарапшылар бұл жайтты екі ел арасындағы қатынастар тарихында алғаш рет Ресей тарапынан көрсетілген тең әріптестік белгісі деп бағалады. Бұл кездесудің астарында қандай мән жатыр? Бейресми жағдайда қандай мәселелер талқыланды? NEGE тілшісі осы сұрақтарға саясаттанушылардан жауап алды.

Дос КӨШІМ, саясаттанушы:

       Трамптың да, Путиннің де Тоқаевпен кездесуі Украинадағы жағдайға байланысты

Д.Көшім. Фото: ғаламтордан

– Біз Путинді бұдан да салтанатты құрметпен қарсы алған сияқтымыз. Осы жолы олардың да сыйға-сый жасағаны шығар? Әрине, мұндай кездесулердің артында стратегиялық және экономикалық байланыстарды нығайту сияқты маңызды мақсаттар тұрады. Мемлекет басшыларының арасында мұндай қатынастардың болуы табиғи құбылыс. Ұмытпасам, жаңа жылға дейін Тоқаев пен Путиннің екі кездесуі болады. Алда тағы екі Саммит өтеді, сол жерде тағы кездеседі.

Бұл Путиннің тарапынан жасалған шақырту болды. Тоқаев жақында Вашингтонда өткен C5+1 саммитінде Дональд Трамппен кездесті. Осы мәселеге көңіл аударатын болсақ, Путин сол жерде айтылғандарды Тоқаевпен талқылағысы келген сияқты. Біріншіден, ол сол жерде көтерілген мәселелерді Тоқаевтың өз аузынан естігісі келеді. Екіншіден, бұл жағдайға байланысты Ресейдің өз көзқарасы бар екені анық.

Соңғы уақытта Орта Азия елдеріне геосаяси назар күшейді. Себебі, бұл аймаққа Қытай да, АҚШ та ерекше көңіл бөліп отыр. Сол себепті кездесудің бір мақсаты осы болды. Демек, Путин Тоқаевтан: «Сіздердің Ресейге деген көзқарастарыңыз бұрынғы қалпында қала ма? Жоқ, әлде АҚШ-пен байланыс нығая ма?» деп сұрағысы келген сияқты. Өйткені соңғы уақытта АҚШ Ресейге өте қатаң көзқараста. «Соған байланысты сіздердің көзқарастарыңыз бұзылып кетпей ме? Егер бұзылатын болса, менің тарапымнан осындай әрекет болады» деген сияқты мәселені жеке кездесуде талқылады.

Трамптың да, Путиннің да Тоқаевпен кездесуі Украинадағы жағдайға байланысты. Өйткені Ресей Украинамен келіссөз жасамайтындай деңгейге келді. Соғыс ары қарай да жалғасады. Осы уақыттағы Қазақстан тарапындағы экономикалық және қаржылық байланыстың барлығы сол соғысқа қатысы бар мәселелер. АҚШ та бұл үдерістерге араласып отыр. Экономикалық жағдай дегенмен, мұның да астарында Украинаға деген көзқарас жатыр.

Айналып келгенде, мұның барлығы Украина мен Ресейдің арасындағы мәселеге тікелей байланысты. Басқа еш себебі жоқ. Путиннің шақыртуының себебі осы. Менің ойымша, екі елдің басшыларының арасындағы жарыққа шықпайтын жеке әңгімеде осы мәселе қаралды.

Бір жағынан қарасақ, Америка мен Қазақстан арасындағы қатынастар мен келісімдердің, сондай-ақ Трамппен өткен кездесулердің бәрі негізінен экономикалық мәселелерге байланысты болып отыр. Оған қатысты Путин ештеңе айтпауы керек.

Әрбір жеке мемлекет өзіне тиімді кез келген басқа елмен байланысын дамытуға құқылы. Ел үшін пайдалы болатын табиғи ресурстар, инвестициялар сияқты мәселелерді талқылау да заңды нәрсе.

Сондықтан, менің ойымша, мұның барлығы дұрыс. Тоқаев ешқандай ыңғайсыз жағдайда қалмайды деп ойлаймын.

Айдар ӘМРЕБАЕВ, саясаттанушы:

 Ресей басшысы қазір ресми кездесулерден шектелген

Айдар Әмребаев. Фото: platon.asia

– Шынында да, бұл сапар бұрынғы сапарлардан да ерекше сый-құрметпен өтті деп айтуға болады. Оның алғашқы сәтінен-ақ жоғары деңгейде қарсы алу рәсімі ұйымдастырылды. Жалпы, біздің президентіміз қай мемлекетке бармасын, мейлі ол Қытай болсын, АҚШ болсын бәрінде де жоғары деңгейде қабылданып жүр. Мәселен, Ақ үйде де ең құрметті қонақ ретінде болып, Трамптың алдында бірінші болып сөз сөйлегенін білеміз. Ол ағылшын, қытай және француз тілдерін еркін меңгерген, беделді әрі білімді саясаткер ретінде халықаралық деңгейде мойындалған тұлға.

Әрине, бұл оның жеке тәжірибесі мен біліміне ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның қазіргі беделіне де байланысты. Егер еліміздің халықаралық деңгейі мен экономикасы осылай дамымаған болса, мұндай құрмет болмас еді. Бүгінгі Қазақстан мәдениеті мен экономикасы дамыған, халықаралық ынтымақтастыққа ашық мемлекет. Біз Еуразияның дәл ортасында орналасқандықтан, Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті байланыстырып тұрған маңызды елміз.

Сондай-ақ, еліміздің саяси жүйесі тұрақты, заңдарымыз заман талабына сай. Білім мен ғылым саласында да өсім бар, жастар әртүрлі елдердің университеттерінде оқып, тәжірибе жинап жатыр. Көптеген шетелдік компаниялар Қазақстанмен бірлескен жобалар жасауға қызығушылық танытып, «бірге шығарайық, бірге өңдейік» деген ұсыныстар айтып жүр. Бұл еліміздің модернизация жолымен ілгерілеп келе жатқанын көрсетеді.

Саясаткерлер арасындағы мұндай кездесулер өте қажет. Әдетте мұндай кездесулерге сенімді, сөзі өтімді, беделді саясаткерлер қатысады. Олар кейде БАҚ өкілдерінсіз, өзара жеке сөйлесетін мүмкіндік алады. Бұл халықаралық қатынастарда жиі кездесетін тәжірибе. 

Әсіресе, Ресей басшысымен жеке кездесу қазір сирек жағдай. Себебі ол кісі қазір көбіне ресми кездесулерден шектелген. Онымен жеке, еркін әңгімелесетін серіктес елдер мен басшылар азайған.

Осы тұрғыда Тоқаев мырзаның рөлі ерекше. Ол тәжірибелі, жағдайды терең түсінетін саясаткер. Ресеймен арадағы қарым-қатынас та маңызды, өйткені біздің ортақ шекарамыз 7-7,5 мың шақырымға созылады. Бұл – үлкен жауапкершілік. Сондықтан Тоқаев бұл кездесуге бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ұстанымымен барған деп ойлаймын.

Кездесу барысында ол өз беделін көрсетіп, Трамппен, Си Цзиньпинмен және басқа да әлемдік көшбасшылармен кездесулерінен түйген тәжірибесін бөліскен болуы мүмкін. Қазіргі жағдайда Ресей қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр, сондықтан олар да жағдайдан шығудың тиімді жолдарын іздеуде.

Меніңше, Путин мен Тоқаевтың бұл бейресми кездесуі екі ел үшін де пайдалы, өзара түсіністік пен тиімді шешім іздеуге бағытталған маңызды әңгіме болды. Қазақстанның беделі өсіп келеді, сондықтан Ресей тарапы да мұны ескеріп, осы кездесуді ұйымдастырған сияқты.

Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ, саясаттанушы:

                  Путинде басқа амал қалмады

Қазбек Майгелдинов. Фото: жеке мұрағатынан

– Мәскеуде Тоқаевты құрметпен қарсы алуда саяси астар бар. Біріншіден, ресми қабылдау жоғары деңгейде өтті: Кремльдегі салтанатты қарсы алу рәсімі, сән-салтанатты кортеж және 3 сағаттай созылған кездесу. Бұған қоса, барлық ресейлік медиа бұл кездесуді кеңінен көрсетті. Телеарналар стратегиялық әріптестік пен Путиннің Тоқаевқа деген құрметін ерекше атап өтті. Алайда, бұл құрметтің астарында үш негізгі мәселе жатыр.

Біріншіден, әрине, Ресей ішкі аудиториясына месседж жіберіп отыр. Яғни Путин өзінің посткеңестік аймақта ықпалын сақтап қалғанын көрсеткісі келді. Украинадағы соғыс, Батыс санкциялары, геосаяси оқшаулану жағдайында Кремльге аз да болсын дипломатиялық жеңістер қажет. Сондықтан Путин бұл тұрғыдан алғанда: «Қараңыздар, Батыс бізді оқшаулауға тырысады. Бірақ біз шынайы әріптесімізбен байланысымызды бұзған жоқпыз. Ресей жалғыз емес», – деген сияқты нарратив жалпы ішкі тұрақтылыққа керек.

Екіншіден, біздің де мүддеміз бар. Мұндай қадам арқылы Ресей әлемге де, өз ішкі аудиториясына: «Қазақстан – сенімді серіктес, оны қорғауға дайынбыз», – деген ойды жеткізгісі келеді. Мәскеудің Астананың өз орбитасынан алыстап кетуінен қауіптенетіні де байқалады. Сондықтан бұл жерде Қазақстанның да мүдделі тұсы бар.

Үшіншіден, Батысқа берілген сигнал. Бізді қанша оқшауласаңдар да, біздің Орта Азиямен қарым-қатынасымыз бар дегенді білдіреді. Бүгінгі таңда осындай деңгейдегі кез келген кездесу өз ұпай санын теңестіруге мүмкіндік деп айтуға болады. Сондықтан, әрине, бұл жерде Ресей үшін, Мәскеу үшін саяси астар бар екені анық. Әдетте, Кез келген кездесу ары кетсе бір сағатөа созылады. Бұл жерде үш сағаттай кездесу болды.

Меніңше, бұл кездесуді бірнеше негізгі бағытқа бөліп қарастыруға болады.

Біріншіден, осы кездесудің алдында, шамамен бес күн бұрын, С5+1 форматындағы саммит өтті. Сол кезде АҚШ-та жалпы құны 17 миллиард доллар болатын келісімдерге қол қойылған еді. Бұл туралы тіпті президенттің баспасөз хатшысы да хабарлаған болатын. Кремль тарапынан бірінші кезекте қойылған сұрақтардың бірі, әрине, Вашингтонда өткен саммитке қатысты болғаны анық. Әрине, Қазақстанның бұл жердегі ұпайы түгел. Біз барлық стратегиялық серіктестермен тең құқықты және теңгерімді саясат жүргізіп келеміз. Бұрын сауда айналымы бойынша Ресей бірінші орында болса, қазір Қытаймен тауар айналымы шамамен 40 миллиард долларға жетіп, басымдық сол бағытқа ауысып жатыр.

Ресеймен сауда айналымы 20 миллиард доллардан асады, ал АҚШ-пен – шамамен 17 миллиард. Яғни, Қазақстан барлық негізгі серіктестерімен экономикалық ынтымақтастықты барынша тең деңгейде жалғастырып келеді.

Екінші маңызды мәселе, Украинадағы соғыс екені анық. Өйткені президентіміз осы қақтығысты шешуде Қазақстанның медиация, яғни бейбіт келіссөздер алаңы болу мүмкіндігін атап өтті. Сондықтан, менің ойымша, бұл тақырып кездесу барысында міндетті түрде қозғалған болуы керек. Қазақстанның ұстанымы – бейтараптық. Яғни, біз барлық тарапқа бірдей ортақ келіссөз алаңын ұсына аламыз. Астана бүгінде бейбітшілік диалогының символына айналып отыр, сондықтан соғыс мәселесін медиация арқылы, яғни келісім мен дипломатия жолымен шешу қажет деген ұсыныс айтылды.

Тағы бір маңызды мәселе Орталық Азиядағы ірі ойыншылардың бірі болып отырған Қытайдың рөлі. Ресей үшін Қытай стратегиялық одақтас. Дегенмен, Қытайдың ықпалы Орталық Азияда айтарлықтай күшейіп, аймақ елдерімен бәсекелес деңгейге жетіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Кремльдің белгілі бір алаңдаушылығының болуы түсінікті. Сол себепті бұл мәселе де кездесу барысында талқыланған болуы әбден мүмкін. Екі жақты мәселелер де қарастырылды. Ол экономикалық келісімдер, әсіресе мына энергетика мәселесі, атом электр станциясы, газдандыру және көлік-транзит мәселелері.

«Росатом» Қазақстанда бірінші АЭС салушы болып отыр, бірақ қытайлық компаниялар да жобаларға қатысуға белсенділік танытып жатыр.

Екінші маңызды мәселе – көлік және транзит саласы. Ресейдің Солтүстік–Оңтүстік дәлізі қазіргі кезде баяулап қалды. Бұған қоса, біздің Орта дәліз транзиттік мүмкіндіктері мен логистика саласы дамып келеді деп айтуға болады. Балама ретінде Оңтүстік дәліз бар, ол Өзбекстан мен Қырғызстан арқылы өтеді. Сондықтан транзит мәселесі маңызды болып отыр. Әрине, бұл да кездесудің күн тәртібіндегі басты тақырыптардың бірі деуге келеді.

Енді жалпы осы кездесудің негізгі нарративтеріне келетін болсақ, батыстық медиа оны «Путин Қазақстанға иек артып отыр» деп көрсетуі мүмкін. Ал ресейлік медиа Қазақстанды қазіргі таңда сенімді серіктес ретінде сипаттап отыр. Ал шындық біреу – Қазақстан осындай теңгерімді саясат арқылы өзінің тәуелсіздігін, егемендігін сақтап, өз мүддесін барынша тиімді басқарады. Өйткені қазіргі таңда тек осы тәсіл ғана бізге нақты табыс әкеледі.

Енді, жоғарыда айтылған мәселелерге байланысты, Путинде басқа амал қалмаған деуге болады. Өйткені оған санкциялар салынған, соғыс жүріп жатыр және халықаралық оқшаулануы күшейген. Бұның барлығы геосаяси оқшаулау. Былайша айтқанда, Кремльге кері әсерін тигізіп жатыр.

Ал Қазақстанға көрсетілген құрметті әлсіздік деп қарауға болмайды. Бұл Кремльдің өз стратегиясының бір бөлігі. Иә, бұл стратегиялық есеппен жасалған, Кремльдің жұмсақ күш көрсетудің әдісі деуге болады.

Қазіргі таңда Кремль үшін кез келген маңызды серіктестерді өзінің оқшауланбағанын көрсету және әлі де болса қарым-қатынас орната алатын мемлекет екенін көрсету маңызды болып отыр. Ресей мен Қазақстан бір-біріне өзара тәуелді саясат жүргізіп отыр. Өйткені біз үшін қауіпсіздік мәселесі маңызды, біз ортақ 7,5 мың шақырымдық шекарамызды ешқайда жібере алмаймыз ғой. Сондықтан, біз бір-бірімізге мұқтаж мемлекеттерміз. Геосаяси тұрғыдан алғанда, әлі де ажырауға мүмкіндік жоқ. Ресей үшін де бұл қажет, Қазақстан үшін де солай.