28 февраля 2023 г. 17:38

Пакизат Сайлаубекова, эколог: Полигондарды қалай азайтуға болады?

Фото:

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының «Таза Қазақстан» бағытында атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару мәселесіне айрықша тоқталған. Яғни, жоба аясында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлектеп жинауға арналған 8 мыңнан астам контейнер орнату, сондай-ақ олардың үлесі мен кәдеге жаратылуын 18 пайыздан 34 пайызға дейін ұлғайту жоспарланған. NEGE тілшісі тұрмыстық қалдықтарды қалай азайтуға болатыны жөнінде эколог маман Пакизат Сайлаубековдан сұрады. 

   – Пакизат ханым, еліміздің экологиялық ахуалын жақсартудың қандай жолын ұсынар едіңіз?

  – Әлем бойынша экологиялық мәселе де, апаттар да көп. Ал Қазақстанда экологиялық мәселені үш топқа бөліп қарастыруға болады. Ең бірінші – ауаның ластануы, екінші – өзен-сулардың үнемделмеуі. Яғни, болашақта бұл су тапшылығына алып келуі мүмкін. Үшіншісі, тұрмыстық қатты қалдықтар. Экологиялық мәселені шешу үшін алдымен қоғам өзі атсалысуы керек. Әр адам жанашырлық танытып, өз деңгейінде не істей алатынын іштей түйсінуі тиіс. Мәселенің маңыздылығын және шешу жолдарын әртүрлі құралдар арқылы жеткізіп, ақпараттық білім беру қажет. Ең басты мәселе – ауаның ластануы. Ол үшін жылу электр станцияларын (ЖЭС) көгілдір отынға көшіру, жасыл энергетиканы пайдалану, қоғамдық көлік жүйесін жақсарту, жаяу жүру, электр қуатын үнемді пайдалану керек. Мұның бірден-бір жолы – газдандыру. Өйткені, біз әлі күнге көмір тұтынамыз.

Екінші мәселе – сулардың ластануы. Өнеркәсіп орындарынан шығатын қалдықтар, шығарындылар жерасты суларына кетеді. Өкінішке қарай, Қазақстанда сулардың 65 пайызы шетелден келеді. Сарапшылардың айтуынша, болашақта елімізде су тапшылығы болуы мүмкін. Бұған біз қазірден дайын боп, суды үнемдеуді үйреніп, тазарту жолын меңгеруіміз қажет.

Үшіншісі – тұрмыстық қатты қалдықтар. Бұл мәселе өте өзекті. Қоғамдағы әр адам қалдықты сұрыптау үшін ағарту жұмысын жүргізу керек.

  – Экология министрлігі еліміздегі 3 мыңнан астам полигонда 125 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық жиналып қалғанын жеткізген. Оған   жыл сайын 5 млн тонна қосылып отырады екен. Бұл түйткілді қалай шешуге болады?

   – Жалпы, өзім қоқыс дегеннен гөрі, қалдық деп айтуды құп көремін. Себебі, қоқысты өртейді немесе утильдеу жұмысы атқарылады. Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу арқылы жаңа зат шығаруға, яғни жаңа өмір сыйлауға болады. Ал кәдеге аспайтын қалдықтарды полигонға апарып көмеді.   Өкінішке қарай, заңсыз қалдық тастайтын орындар көбейіп кетті. Полигон аумағы күннен күнге өсіп жатыр. Бұл мақтанатын жағдай емес. «Еліміз кең, байтақ» деп қоқыстарды көрінген жерге тастай берсек, айналаны, қоршаған ортаны ластайды. Жерасты сулары бар, өсімдіктер мен жануарларға зияны тиеді. Қазақстан республикасының премьер-министрі Әлихан Смайылов Алматы әкімдігі биыл 1 маусымға дейін барлық заңсыз қоқыс орындарын жою керектігі жөнінде тапсырма берді.

Сондай-ақ, үкімет басшысы жұмыс істеп тұрған полигондарды экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкестендіруді талап етті. Оның пікірінше, қолданыстағы 630 шақты полигонның тек 21 пайызы ғана талапқа сай.

Яғни, елімізде жыл сайын 4,5 млн тұрмыстық қалдық пайда болса да, жергілікті атқарушы органдар сұрыптау және өңдеу жүйесіне тиісті жағдай жасай алмай отыр. Ал бұлай жалғаса берсе, қалдықтар тастайтын заңсыз орындар көбейіп, кейін мұның бәрін жою жұмысына бюджет қаржысы жұмсалады.

Қазір құрылыс қалдығын қайта өңдеу құрылымы Астана қаласы мен Қостанай облысында ғана бар. Демек, 5 мыңнан 10 мыңға дейін тұрғыны бар елді мекендерде полигонның типтік жобасын жасақтауды тездетіп, Қала құрылысы кодексі аясында құрылыс қалдықтары нормасын қайта қарау да маңызды.

Сондықтан алдымен тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, өңдеу жүйесін енгізу қажет. Қоғамда ақпараттандыру, ағарту жұмысын жүргізіп, тіпті болмаса айыппұл салу мәселесін қарастыру керек. Себебі, тәжірибеге қарасақ, халықтың санасы қалтасынан айыппұл төлегенде ғана өзгереді екен. Содан кейін ғана қоқысты кез келген жерге тастай салу азаятын ба еді, кім білсін? Тағы бір мәселе – қаладан қашықтау орналасқан кейбір елді мекендерде тұрмыстық қалдықты шығаратын арнайы көлік те жоқ. Бұл заңсыз қоқыс тастайтын орындардың көбеюіне әкеп соғуда. Меніңше, Экология кодексіндегі нормаларды қатаңдатып, заңдарды жетілдіріп, айыппұл жүйесін енгізу керек. Шын мәнінде, мәселені нақты шешу үшін, нәтижеге қол жеткізу үшін жұмысты кешенді түрде жасау қажет.   

  – Қазақстан әлем елдері бойынша ауаның ластану көрсеткішінде бесінші орында екен. АҚШ, Қытай, Ресейден кейінгі орынға жайғасқан қазақ елінде халық та, өнеркәсіп орындары да көп емес. Біз қолданыстағы заңды босатып алдық па, әлде қалай?  

  – Ауаның ластануына басты себеп – ЖЭС пен электр қуаты жүйелерінің ескіргендігі мен сапасыз көмірді қолдану. Бұдан кейін ескі көліктердің көптігі, жалпы қалада көлік санының артуы да түйкілді күрделендіре түседі. Мәселен, Алматы қаласында ЖЭС-ын көгілдір отынға ауыстыру мәселесі әлі күнге созбақталып келеді. Айталық, бір жылда 4, 3 млн тонна көмір жағылады. ДДСҰ-ның мәліметінше, Қазақстанда ЖЭС-да сапасы төмен көмір қолданылады екен. Бұдан ауаға тарайтын химиялық заттар, көмірсутекті газ тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіреді.

   – «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап, қалдығын бөлек жинайтын 8 мың арнайы контейнер орнату туралы айтылды. Бұл мәселені түбегейлі шеше ме?

  – Меніңше, контейнер орнату мәселені түпкілікті шешпейді. Бұл – бір жолы ғана. Тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптағаннан кейін оны өңдейтін және өртейтін, сондай-ақ көміп тастайтын түрі болады. Тұрмыстық қалдықтың 50 пайызы – тамақ қалдығы. Оның бәрін өртей алмаймыз. Бірақ өңдеу барысында тыңайтқыш жасайтын жолы бар.

   – Еліміздегі 3 мың полигонның жағдайы сын көтермейді екен. Оның 17-18 пайызы ғана экологиялық талапқа сай. Бұған дейін еліміздің бес қаласынан тұрмыстық қалдықты өңдейтін зауыт салу керектігі де айтылып жүр. Осы тұрғыда пікіріңізді білсек... 

   – Астана қаласындағы әлемдік стандартқа сай салынған эко-полигонды көргенім бар. Қазақстан бойынша дәл осындай бес қана полигон бар. Өкінішке қарай, шалғайдағы ауылдарда арнайы жерді белгілеп, қалдықтарды төге береді.

Пайда болған полигондарды рекультивация жасау керек. Бұл – полигон жұмысын тоқтатып, аумақты қайта қалпына келтіру деген сөз. Өкінішке қарай, рекультивация жасалған полигондар аз. Бұл үрдісті қайта жалғастыру қажет.

Мұның бәрін болдырмаудың бір-ақ жолы бар. Ол – қалдықтың пайда болу көлемін азайту. Бірақ Қазақстанның алты қаласынан қалдықты өртейтін зауыт салу туралы айтылды. Соның бірі Алматыда салады деген жоспар бар. Алайда, қалдықты сұрыптау және өңдеу жүйесін енгізбесек, қалдықтың бәрін зауыттарға жібереміз. Оның ішінде – қағаз, пластик, медициналық қалдықтар ғана өртелуі мүмкін. Сондықтан еліміз әзірге қалдықтарды өртейтін зауыт салуға нақты дайын емес. Бұдан ауа одан әрі ластана бермесе, тазармайды. Себебі, жұмыс істейтін нақты жүйе жоқ.

  – Қазақстан халқының экологиялық мәдениеті қай деңгейде?

  – Халықтың экология мәдениеті тез өспесе де, аздап артып келеді. Жалпы, қоғамда серпіліс бар. Кейбір компания қалдықты сұрыптау туралы білгісі келеді. Бұл сондағы қызметкерлердің экологияны қорғауға деген сана-сезімін оятуға септігін тигізетіні анық. Бұл процестің жедел жүруіне әрқайсымыз мұрындық болсақ, құба-құп. Біздің эковолонтерлік жүйемізге ай сайын он, он бес адам қосылып, белсенділігін танытып, қоғамға бір пайдасын тигізуге асық. Одан бөлек эко-сенбіліктердің саны артып жатыр. Мұның өзі тұрғындардың бойында экология мәдениетінің біршама қалыптасқанын аңғартады.

  ​ Сұхбатыңызға рақмет!  

Тегтер: