«Отбасылық сот» жобасы шаңырақты сақтауды көздейді

Мемлекет тарапынан жасалған тұрақты қолдау мен

осы салада жүргізілген реформалар нәтижесінде отандық соттың деңгейі өсті, қоғамдағы  орнын айқындады. Мұндай ілкімді істердің басында Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасының тұрғаны белгілі.

Бұл стратегиялық құжатта сот билігін дамытудың басты тетігі ретінде мамандандырылған соттар мен судьяларды қалыптастыру, дамыту көрсетілген болатын. Соған орай республикада мамандандырылған соттар қанатқақты жоба ретінде енгізіліп, тәжірибеге кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған соттардың қосылуына серпін берді.

Бұдан бөлек, бұл бастаманың қоғам өмірінен өзіндік орын алуына 2005 жылдың шілде айында өткен республика судьяларының IV съезіндегі Елбасы тапсырмасы ықпал еткені мәлім. Осы жиында Нұрсұлтан Назарбаев кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған соттарды құру қажеттілігін айтып, жол сілтеген еді. Әрине, соттың тек бір салаға бейімделуі – істің тыңғылықты, сапалы қаралуының кепілі. Бұған біз тәжірибе барысында толық көз жеткіздік.

Тұңғыш Президент – Елбасының 2007 жылы 23 тамызда Қазақстандағы ювеналды әділет жобасын жүзеге асыру бойынша «Кәмелетке толмағандардың істері бойынша мамандандырылған ауданаралық соттарды құру туралы» Жарлыққа қол қоюы жасөспірімдер ісін қарауға бейімделген соттар жұмысын жүйелеуге жол ашты. Осылайша алғаш рет Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар өз қызметін бастады.

Жаңа бастамаға қатысты қорқыныш пен күдіктің қатар жүретіні шындық. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі соттардың тек екі ірі қалада құрылып, пилоттық жоба ретінде енгізілуіне де осындай сақтық ықпал етті. Бірақ, алғашқы қадамынан-ақ өз маңыздылығын көрсеткен бұл соттар мамандандырылған соттардың бүкіл республикада құрылып, жұмыс істеуіне алғышарт жасады. Еліміздегі ювеналды соттар жүйесінің жандануы Елбасының кішкентай қазақстандықтарға деген зор сүйіспеншілігі мен қамқорлығының жемісі

Бүгінде ювеналды сот жүйесінің қазақстандық үлгісі қалыптасып үлгерді. Мысалы Алматыдағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот 2008 жылдың 26 шілдесінде өз қызметін бастағаны мәлім. Содан бергі 12 жылдың ішінде біздің сот мол тәжірибе жинады. Өзіндік бет-бейнесін қалыптастырды. Қазақстан бойынша барлығы 19 ювеналды сот қызмет ететін болса, солардың барлығының бастауында Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында ашылған алғашқы ювеналды соттар тұратыны күмәнсіз. Іс барысында сұрақ туындағанда өңірдегі әріптестердің  Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы ювеналдық соттар жұмысына арқа сүйеп, көмек күтері талассыз. Бұл соттарға тәжірибелі, білікті мамандар іріктелгендіктен өзге әріптестерге үлгі көрсетіп, жол нұсқауда қазылар тартынып отырған жоқ.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылдың 18 тамыздағы Жарлығымен «Қазақстан Республикасындағы 2009-2011 жылдарға арналған ювеналдық юстиция жүйесін дамытудың Тұжырымдамасы» қабылданып, аталған жүйе кемелдене түсті. Осылайша, қазақстандық сот жүйесінде ювеналды соттардың дер кезінде құрылуы, отбасы және бала құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын жан-жақты қамтамасыз етуге зор мүмкіндік туғызды. Аталған соттардың кәмелетке толмаған азаматтардың құқықтарын қорғауда алар орны да елеулі. Бүгінгі күні өмірде шалыс басып, түрмеге тоғытылған жасөспірімдердің саны айтарлықтай азайған. Біздің соттың мақсаты шалыс басқан балаларды жазалау емес, керісінше, тура жолға салу, оның қателігін түсініп, өмірден өз орнын табуына көмектесу. Кішкентай түрме тұрғындарының азаюының бір себебі осында. Сонымен қатар, балаларға қарсы жасалған құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуда, жаза тағайындауда ілгерілеушілік бар.

Уақыт бір орында тұрмайды. Мұндайда қоғамның талабына жауап беріп, сұранысына сай болу, уақытпен бірге даму міндет. Бұл кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған соттар жұмысына да қатысты. Өзіндік қалыптасу, ілгерілеу кезеңінен өткен бұл соттарды әлі де болса жетілдіре түскен дұрыс. Ендеше, Қазақстан судьяларының 2020 жылдың 23-қарашасында өткен ҮІІІ-съезінде дәл осы мәселенің көпшілік талқысына салынуы тегін емес. Қазылар құрылтайында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі соттарды отбасылық соттарға айналдыру маңызды екені, бұл бастамада Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің үздік тәжірибелеріне сүйене отырып, сот қарайтын істердің шеңберін кеңейту қажеттігі ұсынылды. Дер кезінде көтерілген, орынды мәселе.

Себебі қол жеткен жетістікпен тоқтап қалуға болмайды. Одан гөрі соттың оң тәжірибелерін жалғастыра отырып, тың жаңашылдықтар енгізу, тәуелсіз ел ұландарының құқығын жан-жақты қорғауға қатысты бастамаларды қолдау үлкен ізденістерге жол ашады. Осы тұрғыдан алғанда ювеналдық соттар жұмысына елеулі өзгеріс әкелетін ҮІІІ-съезд міндеттемесін мінсіз іске асыру отбасы, жасөспірімдер өміріндегі түйткілдерді сапалы реттеуге ықпалын тигізеді. Жалпы қай кезде де бала құқығы, отбасы құндылығы – мемлекеттің басты басымдығы ретінде қала бермек. Дегенмен, отбасылық соттарды жеке-дара сот түрінде құру керек деген ойдамын. Оны кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған соттармен біріктіру қисынсыз. Мұндай пікірге келуімнің бірнеше себебі бар.

Жалпы соңғы жылдары отбасы құндылығының әлсіреп, бала тәрбиесінде түйткілдердің бары ешкімге жасырын емес. Бүгінде әрбір үшінші отбасының ажырасып, қылмысқа қатысы бар жасөспірімдердің 95 пайызының толық емес отбасынан шыққанын статистика растап отыр. Бұл отбасылық тәрбиеде кемшіліктің орын алып отырғанын, жанұядағы жарасымдылықтың күн өткен сайын кеміп бара жатқанын көрсетеді. Мұндайда отбасылық мәселелерді сотта сапалы, тиімді шешуден бұрын, некені сақтау, ата-ана мен бала арасындағы сыйластықты нығайту, шаңырақ шаттығын бағалау бағытында іргелі жұмыстар жүргізу маңызды. Отбасындағы мәселелердің бұлай қордалануының өзі жаңа құрылғалы отырған отбасылық соттарды ювеналдық соттармен біріктіруге болмайтынын дәлелдесе керек.

Сонымен бірге, отбасылық сот пен ювеналды соттардың алға қойған мақсаты да, меже еткен міндеті де әртүрлі. Кәмелетке толмағандарға қамқорлық көрсету, құқығын қорғау – мемлекет назарында. Соған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында балалар қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесіне айрықша назар аударған.  Прокуратураға бұл істі үнемі бақылауда ұстап, балалар құқығын қорғауға селқостық танытқандарды қатаң жазалауға пәрмен берілген. Балалар құқығына жауапты құрылымдар, арнайы органдар жұмысы да бір жүйеге келтірілген. Ендеше, дәл осы кешенді жұмыстың ювеналдық соттар қызметімен түйінделуі орынды. Бұған отбасылық соттың құзыретін қосу артық.

Мұнымен қоса, біздегі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған соттар әкімшілік істермен бірге жасөспірімдер жасаған қылмыстық істерге де төрелік жасайды. Ал біз тәжірибесін үлгі етіп отырған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерге бұл тән емес. Бұл жерде баса назар аударатыны, ювеналдық соттарды отбасылық сотқа айналдыру – кәмелетке толмағандар ісін қарауға бағытталған алдыңғы соттың бұрынғы жұмысын ақсатуға алып келеді. Ювеналдық соттарда басты бағдар – жасөспірімдердің мүддесін қорғауға, құқығы мен бостандығын сақтауға негізделеді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай жасөспірімдердің көпшілігінің құқығы басқа жерде емес, өз отбасында тапталады. Кәмелетке толмағандарға зорлық жасап, әлімжеттік жасаудың артында көбінесе жақын туыстары тұрады. Жаңа соттар қолданысқа енгізілген жағдайда бала құқығынан гөрі, отбасының сақталуына басымдық берген артықтық етпейді. Өйткені отбасылық соттарды қолданысқа енгізу арқылы отбасы институтын нығайту, жанұядағы жандарға психологиялық, құқықтық кеңес беру, сотта татуластыру рәсімдерін пайдалана отырып неке бұзу деректерін азайту, ажырасудың алдын алу көзделіп отыр.

Яғни, ювеналдық соттарды отбасылық соттарға біріктірген жағдайда шаңырақтарды сақтау, ерлі-зайыптылардың одағын бұзғызбау мәселесіне көбірек көңіл бөлінеді де, жасөспірімдер ісі екінші қатарға ығысады. Сондықтан, отбасылық соттарды ювеналдық соттармен біріктіргеннен гөрі азаматтық істерді қарайтын соттарға қосу материалдық тұрғыдан да, мазмұны жағынан да әлдеқайда тиімді болар еді. Олай дейтініміз, ювеналдық соттардағы штат саны аз, ал азаматтық істерге маманданған судьялар саны жеткілікті. Ендеше, отбасылық сотты азаматтық соттар жанынан үйлестіру судья әзірлеу жұмысынан құтқарады. Екіншіден, ювеналдық соттарға әкімшілік істер мен қылмыстық істерді қарау құзыретін қалдырып, азаматтық істердің бәрін отбасылық-азаматтық соттар бірлестігіне жүктеген дұрыс. Дәл осы мәселелерді ескере отырып, ірі қаланың біріндегі азаматтық істерді қарайтын сотты отбасылық сот жұмысына бейімдеп тәжірибе жасасақ, пилоттық жобаның көмегімен ұсыныстың тиімділігіне толық көз жеткізер едік.

Ардақ Ешеев, Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының төрағасы.

Қазір оқып жатыр

Алматы облысында Отан қорғаушылар күні айрықша аталып өтті

Ұрып-соғып, үтікпен күйдірген: Шымкентте балаларына қорлық көрсеткен ана сотқа тартылды

Қытайда екі экс-қорғаныс министрі өлім жазасына кесілді

Үкімет курьерлер мен таксишілерге төленетін әлеуметтік төлемдер мәселесін шешу жолын іздестіруде