12 сентября 2022 г. 16:53

Өмір Шыныбекұлы, ұстаз: Мектеп салып жатқан кәсіпкерлерді «ағартушы» немесе «меценат» деп айту қиын

Фото:

Елімізде орта білім беру саласында шешімін таппаған түйткіл көп. Әсіресе, үш ауысыммен оқитын мектеп саны азаймай тұр. Мұның көш басын Алматы облысы (56) бастап тұр. Ал ресми деректерге сенсек, Түркістан облысында 11, ал Шымкент қаласында 9 мектеп бар делінген. Алайда, ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері Өмір Шыныбекұлының айтуынша, үш ауысымды мектеп саны бұдан да көп.

    «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының қабылданғанына бір жыл толады екен. Бұл жобада қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту, оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын шешу үшін мектеп салу, қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын құру туралы айтылды. Бұдан бөлек «Оқуға құштар мектеп» жобасы, ал жақында президент жолдауында апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды» деді. Тіпті, қайбір жылдары қабылданған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы да мәселені шеше алмады. Неге?

  – «Жауырды жаба тоқып ұшпаққа шығу» мүмкін емес екенін Қаңтар қырғыны көрсетті ғой. «Бәрін кадрлар шешетіні» рас болса «Білімді ұлт» сапалы білім беру», «Оқуға құштар мектеп», «Жайлы мектеп» деген жобалардың да арты баяғы «Қазақстан 2030» деген бағдарлама секілді құмға сіңген судай болып жатса таң қалмаймын. Білім ошақтарын жекеменшіктің қолына берудің аяғы ұлттық катастрофаға әкеп соғуы мүмкін. Себебі, өздерінің жеке қаражатына емес, мемлекеттік тендер мен жан басына бөлінетін қаржыға сеніп мектеп салып жатқан біздің кәсіпкерлерді «ағартушы», немесе «меценат» деп айту қиын. Әзірге олар жоғарыға «пәлен мектеп аштық» деп есеп тапсыратын басшыларға қол боп тұр.

Мәселен, өткен аптада Түркістан облысы, Сайрам ауданынан мынадай хат келіп түсті. Онда:

«...Мен Оңғаров Қабыл Сұсынұлы. №47 жалпы орта мектебінде  (өзбек мектебі) қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып жұмыс істеп келдім. Қазірге дейін. Педагогикалық өтілім – 23 жыл. Санатым – педагог-зерттеуші. Бізге уведомление берді. Низамхан Сулаймановтың жеке мектеп ашуына байланысты оқушылар сол мектепке өтіп жатыр. Аудан әдіскерлері мектепке келіп түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар осы мектептен бала санына қарай мұғалімді сол мектепке еш кедергісіз алады деп айтты. Бізден қазақ тілден төрт мұғалім өтуі керек еді. Екеуін алды. Өткен екеуі өзбек ұлтының өкілдері. Кеше қазақ апай екеуіміз барған едік, «сынып жоқ, дүйсенбі келіңдер» деп шығарып салды. Директорымыз Луиза Малабаева төрт мұғалім қазақ тілден өтуі керек деп айтқан. Бірақ Низамхан мектебі бізді алмай отыр. Сабақ басталуына санаулы күн қалды. Кеше директор қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерін кабинетіне жинап, жиналыс жасаған. Жалпы он алты мұғалімбіз. Жетеуімізге уведомление берілген. Сағат жоқ, сағатты уведомление алмаған тоғыз мұғалімге беремін деп бөліп берді.

Кәсіподақ комитетінің төрағасы Абдирахмат Расулметов «біз заң аясында жұмыс істеп жатырмыз. Білгендеріңді істе, прокуратураға жазасың ба, сотқа барасың ба?» деп шіреніп отыр. Ол мектепке біздің еңбегіміз сіңген. Тәжірибелі ұстаздармыз. Осылай бізді жұмыссыз қалдырып отыр. Қазақ тілден сауатсыз өзбек ұлтының өкілдері сабақ беріп келді, қазіргі таңға дейін...».

Құрылтайшы басшы етіп өз адамын қояды. Жекеменшік білім ошағынамаман қабылдауды кім және қалай жүргізеді? Ол жағын өздеріңіз шамалай беріңіздер. Ал жеке секторды тексеруге құзырлы органдарға атышулы «мораторий» кедергі.

  – Министрдің айтуынша, оқушы орындарының тапшылығын азайту үшін 2025 жылға қарай 1000 мектеп салу жоспарланған. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер жойылады делінді. Жалпы, Шымкенттің өзінде үш ауысымды неше мектеп бар? 

    – «2025 жылға қарай 1000 мектеп саламыз» дейді. Бұл меже болуы мүмкін демографиялық өсімге негізделген шығар? Ал жұмыс істеп тұр деген мектептердің жайы қалай? Мәселен, Түркістан облысы Төлеби ауданы Қостөбе ауылында 2011 жылы пайдалануға берілген мектеп ғимараты жарамсыз боп, биыл балалар қайтадан арадағы ағыны қатты тау өзенін жалдап, көрші ауылға қатынап жүр. Қостөбеге көрші Оңтүстік ауылында 2014 жылы жаңа мектеп ғимараты берілген. Бірақ неге екені белгісіз спорт залы мен спорт алаңқайы қарастырылмаған. Бәлкім, ақшасын жеп қойды. Бұл жағы белгісіз әзірге. Бұл мен анық білетін екеуі ғана. Ал осы ауданда естігендерімді айтпай-ақ қояйын. Бір аудандағы жағдай осындай болса, Қазақстан бойынша апатты немесе шала біткен мектеп ғимараттары қанша?  Ол жағын ешкім айта алмайды.

Шымкентте 2021 жылы 14 үш ауысымды мектеп болды. Биыл неше екенін білмеймін. Ауылдан қалаға қоныс аударып жатқан көш дамылдар емес, үш ауысымды мектептің саны да азая қоймаған болар деп ойлаймын.

   – «Мұғалім мәртебесі» туралы заң қабылданғалы бері педагогтардың жалақысы көбейіп, әлеуметтік тұрмысы жақсарып келеді. Талай жыл еңбек өтілі бар ұстаз ретінде айтыңызшы, әлі де ескеретін тұстар бар ма? 

  – «Мұғалім мәртебесі туралы» заң қабылданды-ау. Енді «жалған диплом» дауы өршіп тұрған заманда сол заңға сүйеніп өз мәртебесін талап ететін педагог іздеу керек секілді. Иә, жалақы да өсті. Бірақ жыл басында өскен жалақы күн сайын өсіп жатқан қымбатшылықты қуып жетуге қауқарсыз боп отыр.

 – Естуімізше, мұғалімнің жалақысы көтерілген соңғы жылдары бұрын педагог мамандығын бітіріп, басқа салада жұмыс істеп жүргендер мектепке қайта оралып жатқан көрінеді. Бұл қаншалықты рас? 

Бұрынғы тракторшы, веттехник, агрономдар сырттай оқып, екінші дипломды алып, ауыл мектептеріне кіріп жатқанын бұрыннан білеміз.

  – Сіз Назарбаев зияткерлік мектептеріне қатысты сыни пікіріңізді ашық айтып жүрсіз. Әрине, мектептің бәріне бірдей көңіл бөлінгені абзал. Бұл мектепке шүйлігуіңіздің басты себебі осы ғана ма?

    – Қарапайым мектептерден 6-7 сыныпта ең үздік деген балаларды теріп әкететін Назарбаев зияткерлік мектептері (НЗМ) туралы бірер сөз. Біріншіден, қарапайым мектептерді де НЗМ-мен бірдей қаржыландырса дені сау адам дауласпайды. Бәсекелестік әділ дегенмен ол жерде тегін адамның балалары оқымаса керек. Ірі шенеуніктер, қалталы азаматтар және танымал журналистер өздерінің балалары салық төлеушінің есебінен оқушылар мен педагогтар үшін барлық жағдай жасалған элиталық мектепте оқуы үшін жанын салады. Өз басым НЗМ жабылсын деп жатқаным жоқ. Барлық балаға бірдей жағдай жасалсын деп жатырмын. Қарапайым мектептерден ондаған есе көп қаржы бөлінетін сол мектептер жекелеген ата-ананың жеке амбициясын қанағаттандырғаннан өзге, қоғамға не берді? Алла Тағала ерекше дарын берген «вундеркинд» балалар миллионнан біреу туылуы мүмкін. Ал, кәдімгі бес баланың төртеуі қабілетті! Менің түсінбейтінім, біздегі толып жатқан «Дарын», «БИЛ», «НЗМ» деген секілді мектептерді ашудың қандай қажеті бар? Меніңше, қабілетті балаларды жинап алып ерекше жағдай жасап, бөлек оқытқаннан ештеңе ұтпаймыз, керісінше, «Парето принципін» еске алсақ, көп нәрсе жоғалтамыз. Өзін сәби күннен «элита» сезініп, психикасына өзгеріс енген бала өсе келе, «жерге» түсуі қиындап, әлеуметпен араласуы, тіл табысып кетуі екіталай. Ал, кәдімгі мектептерде оқыса, осы балалар өзге балаларды сүйрейтін «локомотив» болар еді. Өз басым бөлек оқыту деген, қабілетті балаларды қоғам үшін жоғалту деп түсінемін.

    Әңгімеңізге рақмет!

Тегтер: