15 февраля 2021 г. 18:08

Лицензиясынан айрылған оқу орындарының басшылары НЕГЕ жауапқа тартылмайды?

Фото:

Елімізде қайбір жылдары кім көрінген оқу орнын ашып, оңды-солды диплом таратып кеткен. Мұны министрлікке келген басшылар білмеді емес, білді. Алайда, кейбірін лицензиядан айыруға тіс батпады ма, кім білсін, талай жылдан бері сапасыз білім берген оқу орындарын тайраңдатып қойдық. Неге?

Білім және ғылым министрлігі тізгінін қолына алған Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарын тексеруді күшейтті. Ол бұл іске шындап кіріскені былай тұрсын, ақшаға құнығып кеткен жекеменшік оқу орындарын лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдады. Сан бар жерде сапа бар десек те, бұл біздің елде керісінше көрініс тапқаны осыдан-ақ аңғарылады.  

Қазақстанда 130 жоғарғы оқу орны бар. Халықаралық статистика бойынша, 300 мың тұрғыны бар өңірде бір университет жеткілікті. Яғни, осы тұрғыдан алғанда біздің елге 60 жоғарғы оқу орны жетер еді. Бұл – бір. Екіншіден, қазір әр оқу орны өз атауына байланысты салалық қана емес, барлық мамандық бойынша білім беруге белсене кіріскен. Тіпті, педагогтарды дайындайтын университеттер экономист, заңгерлерлікті оқытып кеткені жасырын емес. Ал педагогика саласы бойынша маманды арнайы оқу орындары ғана емес, бүкіл оқу орны дайындағаннан ұтамыз ба, ұтыламыз ба? «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегенді неге естен шығарып алдық? Бұдан кейін қоғамға қажетті маман дайындау ісіне кім жауап береді?

Былтыр жыл соңында лицензиясынан айрылған М.Тынышпаев атындағы Көлік және коммуникациялар академиясы осыған айқын дәлел. Академия жекеменшік екенін пайдаланып, Білім және ғылым министрлігінің талаптарын өрескел бұзған. Ол ол ма, Өзбекстанға барып, студенттер қабылдаған оқу орны басшылығы оларға білім беруден бұрын ақша жинауды көздеген. Айналып келгенде, диплом да, ақша да жоқ. Тіпті, өздеріне тиесілі құжатын ала алмай сенделіп жүргені қаншама. Сонау Өзбекстаннан арнайы келіп, көмек сұраған студенттердің жанайқайы туралы бірнеше дүркін мақала сайтымызда жарияланды да. Бірақ бас лицензиясынан айрылса да, «Біз әлі жеңіп шығамыз! Білім беруді жалғастырамыз» деген оқу орны басшылығы неге міз бақпай отырғаны түсініксіз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір пікірінде белгілі тұлғалар  оқу орындарын жабуға қарсылық білдіріп отырғанын айтқан-ды. Сондықтан қаптаған оқу орындарының артында тұрған негізгі иелерін анықтап, жариялау керек. Себебі, «Күштінің арты диірмен тартады» демекші, олардың арасында шенеуніктер мен депутаттар болуы әбден мүмкін. 

Таяуда ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті оқу орындарының білім беру қызметіне мониторинг жүргізіп, тиісті материалдық-техникалық базасы жоқ колледждерді анықтады. Нәтижесінде 8 колледждің лицензиясын қайтарып алып, қызметін толығымен тоқтатты. Ал бүгін бұл қатарға Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті қосылды.

«Мәселен, былтыр ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің білім беру қызметіне тексеру жүргізіп, нәтижесінде өрескел бұзушылықтар анықтады. Атап айтсақ, жоғары оқу орнындағы бакалавриат, магистратура, докторантура, резидентура бағдарламасы бойынша оқу үрдісі қажетті профессорлық-оқытушылық құраммен және тиісті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілмеген. Сонымен қатар оқу орнындағы өзге де маңызды көрсеткіштер белгіленген ең төменгі нормаларға сәйкес келмейді» делінген министрліктің хабарламасында.

Министрлік 2020 жылғы шілде айындағы тексеріс нәтижесі бойынша аталған университет лицензиясының күшін тоқтатып, анықталған кемшіліктерді жоюға уақыт берген. Алайда, қайта тексеріс жүргізу кезінде Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті Комитеттің нұсқамаларын орындамағаны және заңнаманы өрескел бұза отырып, жұмысын жалғастырғаны белгілі болды. «Болашақ дәрігерлерге сапалы білім беру – адамдардың өмірі мен денсаулығының кепілі. Осы орайда біз сотқа жүгінуге мәжбүр болдық. Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін жабу мәселесін сот та, Білім және ғылым министрлігінің комитеті те қарады. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысына сәйкес, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек, ЖОО-ға айыппұл салынып, бас лицензиядан айыру туралы шешім шығарылды», – деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті Алматыдағы дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру ұйымының базасында 2015 жылы құрылған. Бүгінгі таңда аталған оқу орнында 3 мыңнан астам студент оқиды. «Еліміз бойынша 14 жоғары оқу орны болашақ дәрігерлерді дайындайды, оның бесеуі Алматы қаласында орналасқан. ҚазМҮББУ-да оқыған студенттердің гранттары сақталады және олар басқа жоғары оқу орындарына ауыстырылады. Оқу құны өзгермейді. Сондай-ақ, оқытушыларды жұмысқа орналастыру мәселесі жеке қарастырылып жатыр», – деп атап өтті Гүлзат Көбенова. Бас лицензиядан айыру туралы сот шешімі 10 жұмыс күнінен кейін заңды күшіне енеді және жоғары оқу орны білім беру қызметін тоқтатуға міндетті болады.

 

 Асқарбек Құсайынов, Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, академик:

Оқу орнының лицензиясы алынса, бірінші басшысын жауапкершілікке тарту керек

     –  Осы бағытта министрлік тарапынан көп жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұндағы мақсат – білім сапасын көтеру. Егер де сіз педагогтарды дұрыстап дайындасаңыз, дайындай беріңіз. Ал шама жетпесе, бұл істі қоя салыңыз. Бәрі сапаға келіп тіреледі. Мұны ата-аналар да білу керек. Осы тұрғыдан алғанда, оқу орнына қойылатын талаптар мен өзіндік критерийлер бар.

Қазір жекеменшік педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждер көп. Алайда, тек педагогикалық мамандықты қалдырып, басқасының бәрін қысқартып тастау да дұрыс емес. Кім жақсы маман дайындайды, соны қалдыру керек қой. Ол үшін арнайы талап қойып, оған жауап беретін оқу орындарын сақтап қалу қажет. Мұның ар жағында адам баласының тағдыры жатыр. Оқуға түскен студент не біледі? Қай оқу орнының сапалы екенін қалай айырады? Ертеңгі күні дипломының жарамсыз болатынын қайдан біледі? Сондықтан ең басты жауапкершілік – сол оқу оқу орнының басшылары алуы керек. Жастардың обалына қалмайын деуі тиіс.

Өтірікті шындай қылып оқытатын уақытты доғару қажет. Сапалы білім бере алмаса, балалардың обалына неге қалады? Бізде сұрау мен жауапкершілік жоқ. Бір оқу орнының лицензиясы алынды ма, соның бірінші басшысын жауапкершілікке тарту керек.

Рахман Алшанов, ЖОО қауымдастығының президенті:

Әр оқу орны өз саласына қатысты маман дайындағаны жөн

   –  Бұл жұмыстың қолға алынғанына бірнеше жылдың жүзі. Бұған дейін қаншама оқу орнының ашылуына рұқсат берілді. Есесіне, талапты орындамағандар жабылып жатыр. 30 жылда бірнеше оқу орны білім беру саласындағы орнын жоғалтты. Оған түрлі себептер әсер етті. Біреулер жеңіл жолмен ақша тапқысы келді.

Қарапайым ғана мысал, М.Тынышбаев атындағы ҚазККА Өзбекстан студенттерін оқуға қабылдап, тек ақшасын ғана сорып келген. Әрине, олар министрлікке арызданады. Алайда, министрлік ережені жеңілдетіп, заңға өзгеріс енгізсе де, өкінішке қарай талапты орындамай келген. ҚазККА-да екі жылда 5 ректор ауысқан. Бұл деген нені білдіреді? Жекеменшік оқу орны болса да, талап бәріне бірдей емес пе?

Кезінде колледждер де қаптап кетті. 800-дей колледж болды. Осы керек пе, жоқ па? Мамандар жұмыс берушілердің талабына сай дайындалып жатыр ма? Қазір колледждерге мемлекет тарапынан көп көмек көрсетілуде. Материалдық тұрғыда түрлі құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді. Сондықтан министрлік тарапынан қойылған талаптар да ескерілуі тиіс. Оны орындау түк те қиын емес. Әр оқу орны атауына байланысты белгілі бір салаға икемді мамандарды дайындағаны жөн.

Тегтер: