«Менің жатырым табыт емес»
Қай мемлекетті алсақ та, абортқа тыйымды қатаңдатуға қауқары жетер емес. Себебі, түсік жасату сұранысқа ие. Сұраныс бар жерде мұның қылмыстық әрекет екені де ұмытыла береді.
Бұл мәселе тағы күн тәртібіне шықты. Польша мемлекеті абортқа мүлдем тыйым салды. Көшеге шыққан қыз-келіншектер: «Билік пен шіркеу әйел құқығын неге таптайды? Біздің денеміз өз иелігімізде болуы керек!», – деп наразылық танытты. Олар аз емес – 55 мың әйел. Одан бөлек үкіметтік емес 200 ұйым мұның адам құқығын бұзатынын ескертіп, билікке үндеу жасады.
Польша – Еуропа мемлекеттерінің ішіндегі абортқа қатаң шектеу қойып отырған мемлекет. Ал елдің конституциялық соты құрсақта пайда болған нәрестенің денсаулығынан кінәрат табылса да, түсік жасатпау туралы талапты күшейтті. Әрине, бұл қаулы әйел қауымына ұнамағаны сөзсіз. Әзірге жаңа тыйым заңдық негізде күшіне енбесе де, гинеколог мамандар да аборт жасауға келгендерге қызмет көрсетуден бас тартуда.
«Аборт туризмі»
Есесіне, Польшада «аборт туризмі» танымал бола бастаған. Себебі, қыз-келіншектер аборт жасату үшін Еуропаның басқа мемлекеттеріне барады екен. Ресми дерекке сенсек, былтыр елде жүктілікті қолдан тоқтату үшін 1116 ота жасалған. Ал заңсыз түсік жасатып жатқандарды есептеу мүмкін емес.
Польша мемлекетінің қазіргі заңы бойынша, абортты тек үш жағдайда ғана жасауға рұқсат. Бірінші – біреу зорлап, соның салдарынан екіқабат болып қалса. Екінші – әйелдің өміріне қауіп төнген жағдайда, үшінші – құрсақтағы сәбиден айықпас дерт анықталса.
Алайда, Конституциялық сот қазір осының үшіншісі кездессе де, аборт жасауға тыйым салған. Соттың айтуынша, мемлекеттегі заңды түрде жасалған аборттың 98 пайызы іштегі шарананың ағзасында ақау болуынан. Санмен айтсақ, бұл – 1,1 мың. Сонда абортқа тыйым салуға қарсылық танытқандар жүктіліктің 12-аптасына дейін жасатуды қалдыруды сұрайды.
Әр елдің заңы басқа...
АҚШ-тың Алабама штатында 2019 жылы аборт жасауға тыйым салатын заң қабылданды. Заң күшіне енген сәттен бастап аборт жасаған дәрігерлер 99 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Бұл заңның резонанс туғызғаны да сондықтан. Тіпті, белсенділерді бірқатар танымал адамдар қолдағаны есте. BBC мәліметі бойынша, соңғы 10 жылда АҚШ-тың көптеген штаты (50 штаттың 29-ы, автор) жүктілікті тоқтату туралы құжат қабылдаған.
Солтүстік Ирландияда 2018 жылға дейін аборт жасауға тыйым салынды. Яғни, сонау 1861 жылы қабылданған акт бойынша, түсік жасау заңсыз деп есептелген. Тіпті, бұған барғандарға өмірлік жаза тағайындалған екен. Сондықтан әйелдер құрсақтағы шаранадан бас тарту үшін Ұлыбритания, Шотландия немесе Уэльске жол тартқан. 2017 жылы Ұлыбританияның әйелдер ісі жөніндегі бұрынғы министрі Джастина Грининг Солтүстік Ирландия әйелдері Ұлыбританияға аборт жасатуға бару үшін грант алуына мүмкіндік жасады.
Андоррада абортты тек жүкті әйелдің өміріне қауіп төнгенде ғана жасауға рұқсат етеді. Заңға сәйкес, ешқандай себепсіз түсік жасатуға келісім берген әйел 2-2,5 жылға, ал дәрігер 6 жыл бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ал аборт әйелдің де рұқсатынсыз жасалса, онда дәрігер 10 жыл арқалайды.
Лихтенштейнде 1987 жылғы Қылмыстық кодекс бойынша заңсыз аборт жасаған әйел 1 жыл темір торға қамалады. Мұнда тек іштегі шаранада қандай да бір патология байқалса немесе ананың денсаулығы көтере алмаса ғана рұқсат бар.
Біріккен Араб Әмірліктерінде түсік жасауға мемлекеттік деңгейде тыйым салынған. Жаза да жеңіл емес, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Тек 2018 жылы әйелдердің құқығы ескеріліп, көлік жүргізу құқығы берілді. Дәл БАӘ-дегідей қатаң тыйым Аргентина, Бразилия, Колумбия, Чили, Мексика, Венесуэла, Парагвай сияқты мемлекеттерде сақталған.
Сальвадорда 1998 жылы аборт жасаған әйелдерді қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған. Тіпті, 2019 жылы 30 жылға бас бостандығынан айрылған үш әйелге рақымшылық жасап, түрмеден шығарған екен. Оның екеуі 9 жыл, біреуі 11 жыл отырған.
Мальта – Еуроодақ елдерінің ішінде заңсыз абортқа қарсы ел. Мұнда аборт жасатқан әйел және оған келіскен дәрігер де 18 айдан 3 жылға дейін сотталады.
Филиппинде 1870 жылдан бері түсік жасату қылмыс болып есептеледі. Тіпті, әйелдің өміріне қауіп төніп тұрса да, жүктілікті тоқтата алмайды. Әйелдің рұқсатымен аборт жасаған дәрігерге 6 жыл жаза тағайындалады.
Оңтүстік Кореяда абортқа тыйым 66 жылдан бері күшінде. Тек 2019 жылы конституциялық сот абортты жүктіліктің бастапқы кезеңінде жасауға рұқсат берді.
Қазақстанда ше?
Қылмыстық кодекстің 319-бабы бойынша, елімізде заңсыз аборт жасауға жол жоқ. Алайда, қазір бізде аборт жасатқысы келген әйел рұқсатты ешкімнен сұрамайды да. Тіпті, күйеуінен де. Денсаулық сақтау министрлігінің 2009 жылғы бұйрығына сәйкес, мынандай жағдайда аборт жасауға болады.
- Екіқабат кезде күйеуі қайтыс болса;
- Бас бостандығы шектелсе;
- Екеуі де жұмыссыз болса;
- Некеге тұрмаған болса;
- Сот шешімі бойынша, ата-ана құқығынан айрылса;
- Зорлау фактісінен кейін жүкті болса;
- Отбасында мүгедек бала болған жағдайда;
- Жүкті кезінде некені бұзғанда;
- Көпбалалы отбасы болса;
- Кәмелет жасқа толмаса.
2016 жылғы статистикаға сенсек, 79 мың әйел аборт жасатса, оның 1 мыңы – 17 жасқа дейінгі жасөспірім. Ал 19 жасқа дейінгі қыздардың 2 пайызы абортты үй жағдайында жасаған.
2018 жылы 6 мың жасөспірім жүкті болып, оның 3500-і түсік жасатқан. Мұның соңы өмір бойы ұрпақсыз қалуға әкеп соғатынын білсе де, осы жолды таңдайтындар көп. Бір қызығы, олар аборттан кейін бала сүйді ме, жоқ па, бұл туралы мәлімет жоқ. Десек те, жыл сайын шамамен 20 мың жұп бедеулікке ұшырайды екен.
БҰҰ мәліметінше, әлемде жыл сайын 25 млн түсік жасалады. Жыл сайын 22 мың әйел аборт кезінде көз жұмып, шамамен 7 млн әйел түрлі жарақат алып, бедеулікке шалдығады.
Елімізде биылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасы қабылданды. Енді жасанды жолмен сәби сүюге жыл сайын 7 мың квота бөлінеді. Демек, кезінде аборт жасауға мәжбүр болып, бүгінде бір балаға зар боп жүрген әйелдердің де нәрестелі болуға мүмкіндігі бар.