Ләззат Ділдабаева: Қала мен ауыл мектебі арасындағы алшақтық теңестіріліп келеді
«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында қала және ауыл мектептері арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту, қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын құру мәселесі туралы айтылған. NEGE тілшісі шалғайдағы ауыл мектептерінде бұл жаңашылдық қалай жүзеге асып жатқанын білу үшін Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасының Отырар ауданы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты Қ.Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп директоры Ләззат Ермаханқызы Ділдабаеваны әңгімеге тартқан еді.
– Ләззат Ермаханқызы, жаңа оқу жылы құтты болсын! Бүгінде қала және ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасындағы алшақтық қатты байқала ма?
– Бүгін еліміздің білім ұяларында сыңғырлаған қоңыраудың үні естіліп, оқушыларды құшақ жая қарсы алып жатыр. Әуелі барша ұстаз қауымын, оқушылар мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Жалпы, зерделеу жұмыстарының нәтижесінде қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтығы байқалады. Оның себебі жоғары білікті кадрлардың жетіспеушілігі, көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының көпшілігі ауылды жерде тұрады. Олар үшін қосымша сабақтарды тереңдете оқыту қолжетімсіз.
Сондай-ақ, ауыл мектептерінде оқушылардың интернетке қолжетімділігі төмен деңгейде екені рас. Ал осы алшақтықты болдырмау үшін әдістемелік қолдау көрсетудің амалын, тәжірибе алмасы іс-әрекетін қарастыру керек. Сонымен бірге материалдық-техникалық база да үлкен рөл атқарады. Бір айта кетерлігі, 2022-2023 оқу жылындағы өзгерістер қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты теңестіріп отыр.
Бұрынғыдай емес, қашықтан оқыту кезінде интернет мәселесі де біршама шешілді. Мұнымен қоса ауылды мектептерде бала саны 20-ға жеткен жағдайда ғана бөлініп оқытылатын. Биыл қала мектептерімен теңестіріліп 24 оқушы бөлініп оқытылады. Бұл қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюдың бір жолы десек те, үрдіс ауыл мектептері үшін қиындық келтіріп отыр. Себебі, ауыл мектептеріндегі сыныптарда топтастырылған бала саны аз, сондықтан сыныпты бөліп оқыту кейбір білім ұяларында жүзеге асырылмай отыр. Тағы бір мәселе – ауыл мектептерінде қаладағыдай түрлі үйірмеге бару қолжетімсіз. Соған қарамастан біздің мектепте оншақты үйірме жұмыс істейді. Спорттық үйірмелер – волейбол, баскетбол, шахмат, тоғызқұмалақтан өзге қолөнер, дебат, драма, туризм, жас суретші сияқты оқушылардың қызығушылығын арттыратын үйірмелер бар. Яғни, оқушы бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік мол.
– «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы ауыл мектептері үшін не берді?
– Қазақстан респуликасы үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №726 қаулысымен бекітілген «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасына сәйкес, тұлғаны ұлттық және адамзаттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу мен оқыту қамтамасыз ету қажет. Әрбір білім беру ұйымының міндеті – осы құндылыққа негізделген функционалдық сауаттылық дағдысы бар және оны қоршаған ортада бәсекеге қабілетті бола алатын қолайлы білім беру ортасын құру. Жаңа оқу жылында біздің ұжымдағы ұстаз қауымының алдында жаңа міндеттер тұр. Яғни, білім алушылардың білімін толықтыру, қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру, сапалы білімге деген қолжетімділікті қамтамасыз ету, цифрлық инфрақұрылым ресурсымен жабдықтауды мақсат етіп, жұмыс істеуге кірісіп кеттік.
– Ал қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын қалыптастыру мәселесіне келейікші. Кей өңірде мектеп дәретханасының сыртта болуы салдарынан қайғылы оқиға тіркелгені есте. Оқушы мен ата-ананың алаңдауына негіз жоқ па?
– Ауылдық жерлерде типтік жағдайда салынған мектептер бар. Осы мектепке кіргенімізге он жыл болды. Дәретхана мектеп ішінде бар. Яғни, оқушылардың қауіпсіздігі алдыңғы орында. Олардың алаңсыз білім алуы үшін қауіпсіз және қолайлы орта жасалған.
– «Мұғалім мәртебесі туралы» заң қабылданып, педагог мамандарының мәртебесі биіктеп, жалақысы өсті. Осы тұрғыда ауыл мұғалімдерінің әлеуметтік тұрмысы жақсарды ма?
– Ұстаз қауымы бұл заңның қабылдануын ұзақ күтті. 2019 жылы 29 желтоқсанда қабылданған заңда педагогтардың мәртебесін көтеру үшін бірінші кезекте жағдайын жасауды қарастырды.
Мәселен, педагог деңгейін, санатын көтеремін десе, кәсіби біліктілігін жоғарылата алады. Өтініш беріп, педагог-модератор, педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы біліктілігін алып, сол арқылы жалақысын көтере алады.
Оқушыларды олимпиадаға дайындап, ғылыми жұмысқа баулып, түрлі деңгейдегі байқауларға қатыстыру арқылы мұғалім біліктілігін арттырады. Ұстаз қауымының аттестациядан өтіп, біліктілігін растауы бес жылда бір мәрте жүзеге асады.
– Бір кездері педагог мамандығына екінің бірі түсіп, дипломын алатын еді. Қазір талап қатаңдатылды. Десек те, талай жыл басқа салада жұмыс істеп, қазір қайтадан мұғалім болғысы келетіндердің қарасы көбейген сияқты...
– Педагогика саласына күн сайын жаңалықтар пен өзгерістер енгізіліп жатыр. Жаңа технология да көп. Сондықтан басқа салада жүрген бұрынғы мұғалімдердің қайтадан мектепке орналасуына қиындық тудырады. Қазір біз жаңарған білім беру бағдарламасына көштік. Оқушыларға берілетін білімнің әдіс-тәсілі де өзгеріске ұшыраған. Ал ізденіп, қосымша курс оқып, білімін жетілдіріп, нағыз педагог екендігін растаса, жұмыс істеп кетуіне әбден болады.
– Мектептің соңғы замануи құралдармен жабдықталуы қай деңгейде? Арнайы зертханалық кабинеттер жұмыс істей ме?
– Химия, физика, биология пәні кабинеттері арнайы құралдармен жабдықталған. Оқушылардың арнайы лабораториялық жұмыстармен шұғылдануына жағдай жасалған. Мектепте көпбалалы, әлеуметтік тұрмысы төмен, толық емес отбасы балалары ыстық тамақпен қамтылады. Сондай-ақ, кейбір психологиялық көмекке мұқтаж оқушылар үшін психолог маманы жұмыс істейді. Мұнымен қоса логопед те бар. Қысқасы, ауыл мектептерінде сапалы білім беруді қамтамасыз ету барысында тер төгіп жатқан ұстаз қауымының еңбегі ерен. Мұғалімнің кәсібилігін көтеру үшін талап та күшейген. Ұрпақ білімді болсын десек, ұстаздың біліктілігі жоғары болуы керек. Қазір осы мақсаттағы үдеден шығу үшін жұмыс істеп жатырмыз.
– Жаңа оқу жылы құтты, жемісті болсын!