Коронавирус: Алпамыс мектепке бармайды!
Мейрамханалар жұмыс істеп жатқанда тойханаларға неге рұқсат бермейді?» деген сауалына жауап беріпті. Шенділердің пайымынша, тойханаға жиналған адамдар «арақашықтықты сақтамайды», «тойда бәрі бір-бірімен тығыз қарым-қатынасқа түседі» екен. Ал мерамханаларда барлық сақтық шараларының орындалғанын бақылауға мүмкіндік бар көрінеді.
Министр Цой «тығыз қарым-қатынастың» көкесін иін тірескен қоғамдық көліктің ішінен көрер еді. Бірақ жеке көлікпен жүретін шенділерге ондайды байқау қиын-ау.
Жә, айтпағымыз басқа. Бізді тойдан гөрі басқа ой мазалайды. Және ол – еліміздің қауіпсіздігі мен оның адам капиталының дамуына тікелей ықпал ететін мәселе. Коронавирус індеті мектеп жасындағы балаларды жарты жылдан бері үйге қамап ұстап отыр. Жаңа жағдай оқушыны да, мұғалімді де, ата-ананы да қажытты. Бұл жерде бүтін ел болып бірден бірнеше проблеманы шешуге мәжбүрміз.
Біріншіден, оқу үдерісі мен оның сапасы. Балаларымыз онлайн оқып жатыр десек те, жағдай басқаша екені белгілі. Іс жүзінде тек НЗМ, РФММ, БИЛ секілді арнайы мектептердің оқушылары ғана шын мәніндегі онлайн форматта оқуда. Қалған мектептердің басым бөлігінде сол баяғы «қашықтан оқыту» дейтін тәсіл қолданылады. Ата-ананың тілімен айтқанда бала «ватсаппен оқуда».
Мұғалім бетпе-бет отырып тақырыпты түсіндірмесе, жаңа материалды меңгерудің жолын көрсетпесе, «мына тақырыпты өздерің оқып, өздерің түсініп алыңдар» дегені қандай білім болады? Баяғы Қожанасырдың «білмейтіндерің білетіндеріңнен сұрап алыңдар» дейтін әпенділігінің кері емес пе? Өз басым күндіз жұмысында баласының сабағын дайындап отырған талай ата-ананы көрдім.
Қош, мұндай «білімнің» өзі интернеті бар елдімекенде ғана мүмкін дүние. Осы жерде екінші проблема шығады. Интернет түгілі мобильді байланысы жоқ шалғайдағы ауыл балалары не болып жатыр?
Жақында Алматы облысы Ұйғыр ауданында болғанда жергілікті тұрғындармен тілдесіп, мынандай сұмдықты естідім. Бірқатар ауылдың балалары көктемнен бері сабақ оқымай жүр. Өйткені олар тұратын жерде байланыс жоқ. Балалар мобильді байланысы бар көрші ауылдарға қатынауға мәжбүр. Бірақ әрі-бері сенделістен шапқылаған талай оқушы қолды бір сілтеген.
Ол аз десеңіз, басқа өңірлерде бәрінің атынан интернертке кіретін әріптесіне ақша жинап беретін мұғалімдер туралы да естідік. Әлгі мұғалім интернет ұстайтын жерге көлігімен барып, бәрінің атынан интернет арқылы есеп беретін көрінеді. Міне, біздегі қашықтан білім берудің сиқы!
Үшіншіден, таң атқаннан кеш батқанға дейін компьютер, смартфоннан көз алмай отырған баланың денсаулығы, психикалық жағдайы не болмақ? Бұл жағын еуропалықтар үлкен проблема ретінде қарап, оның салдарын зерттеп жатқан тұста бізде оған басын ауыртып жатқан адам жоқ.
Қоғамдық орындарды, дүкен орталықтарын, мейрамханалардың есігін айқара ашып тастадық, ал мектептерді ашудан қауіптенеміз. Неге? Мектеп індеттің ошағы ма? Олай дейін десең, қосымша білім беретін жекеменшік оқу орталықтары жаздан бері оффлайн режимде жұмыс істеуде. Оқу ақысы жылына бірнеше миллион теңге тұратын, бай-бағландардың баласы оқитын жекеменшік мектептің оқушылары да партада отыр. Парадокс! Әлде бай баласы оқып, жағдайы орташа мен кедейдің баласы сауатсыз қалсын деген саясат па?
Қазанның аяғында ДДСҰ кезекті мәрте карантин шаралары коронавирустан құтқармайтынын мәлімдеді. Және балалардың ересектерге қарағанда вирусты мейлінше аз тарататынын да айтты. ДДСҰ-ның еуропалық бөлімшесінің басшысы Ханс Клюге коронавирусты сылтауратып мектептерді жабудың кесірінен бүтін бір буынды жоғалтып алуымыз мүмкін екенін ескертті. Локдаунның оқушылар үшін тиімсіздігін, қашықтан оқыту олардың әлеуметтік бейімделуіне зиян келтіретінін мәлімдеген Клюге «Мектептер коронавирустың негізгі таралатын ошағы деп айтуға еш негіз жоқ. Керісінше, бұл адамзаттың өркениетін артқа сүйрейтін құбылыс», – деді.
Індет тараған Қытай көктемнен бері мектептерді қайта ашты. Ол жақта кейбір шектеулер болса да, балалар мектепке барып оқуда. Коронавирус қайта қағынып тұрған Еуропада барлар, мейрамханалар мен спорт кешендері жаппай жабылуда. Бірақ Еуроодақтың көп елінде мектептер сол күйі жұмысын жалғастырып жатыр.
Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон сақтық шаралары күшейгенімен, мектептер ашық болатынын мәлімдеді. Германия мен Франция билігі де адам аяғы көп жүретін жердің бәрін жапқанымен, мектептерге тыйым салмай отыр. Германияның канцлері Ангела Меркель бундестагта сөйлеген сөзінде мұны «білімнің маңызын ескеріп» жасағанын айтты.
Маусым айында Оксфорд университетінің клиникалық психология саласындағы мамандары зерттеу жүргізіп, локдаун кезінде 4 пен 10 жас аралығындағы балалардың үш бірдей маңызды мәселеде: эмоционалды, мінез-құлық және білім алу жағынан үлкен проблемаға тап болғанын анықтаған. Ал қазан айында БҰҰ-ның ЮНИСЕФ балалар қоры мұның зардаптарын көп бала ұзақ уақыт, ал кейбірі өмір бойы тартатыны туралы баяндамасын жария етті.
Әрине Италия, Грекия секілді кей мемлекеттер «Аузы күйген үріп ішедінің» керімен барлық оқушысын қашықтан оқытуға жіберген. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін тап басып айта алмаспыз. Дегенмен білім сапасы мен баланың физилолгиялық және психологиялық денсаулығы мәселесін былай қойғанда, пандемия кезіндегі «білім беру үдерісіндегі қиындықтардың» экономикалық зардаптары да орасан зор көрінеді. Дүниежүзілік банк тіпті Ресейде осыған байланысты арнайы зерттеу де жүргізген. Оның қорытындысында мамандар көктемнен мектепке бармаған ресейлік оқушылардың экономикалық табысы болашақта жылына 2,5 пайызға кемиді деп кесіп айтып отыр.
Ал біз ше? Онсыз да қожырап бара жатқан білім саласын коронавирусты сылтауратқан шенділердің шектеулері мүлдем тоқыратпаса игі. Дәл қазір елде бұл жағдайдың он-он бес жылда еліміздің әлеуетіне, білім мен адам капиталының сапасына, жас буынның денсаулығына келтіретін зияны мен ауыр зардаптарына бас қатырып отырғандар бар ма? Болса, олардың дауысы НЕГЕ естілмейді?