ҚМДБ жастардың діни сауатын арттыруға басымдық беруде

Жаһандану дәуірінде ақпарат тасқыны жастардың діни көзқарасына тікелей ықпал етіп отыр. Осы жағдайда ҚМДБ дәстүрлі танымға сүйенген діни сауаттылықты күшейтуді басты бағыттардың біріне айналдырды.

nege.kz/ЖИ көмегімен жасалған

Астана, NEGE. Қазіргі алмағайып дәуірде ақпараттың ағыны арнасынан асып, әлеуметтік желілер санаға салмақ түсіріп тұрғаны жасырын емес. Сан тараптан сапырылысқан мәліметтің ішінде шынайысы мен жалғаны араласып, кей жағдайда жас буынның діни танымын бұрмалауға дейін апарып жатқаны байқалады. Осындай күрделі кезеңде жастардың сенім жүйесін сауатты қалыптастыру ісі күн тәртібінен түспейтін мәселе.

ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек Мұқатайдың айтуынша, ақпарат кеңістігінің кеңеюі мен әлеуметтік желілердің ықпалы жастардың дүниетанымы мен діни көзқарасына тікелей әсер етуде. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жүйелі жүргізу аса маңызды.

«Жастар арасында діни сауаттылықты арттырудағы ең үлкен жұмыс – мешіт жанындағы сауат ашу курстары. Барлық ұстаздар ҚМДБ тексерісінен өткен. Сондықтан олар халыққа дінді дұрыс түсіндіруге қызмет етеді», – деді Ермек Қасболатұлы.

Наиб мүфти мешіттердегі уағыз-насихат жұмыстарының да мәні айрықша екенін атап өтті. Оның айтуынша, жұма уағыздары арқылы жастарға дәстүрлі діни таным үздіксіз әрі бірізді түрде жеткізіліп келеді. Бұл діни түсінікті жүйелеудің, сананы селкеусіз қалыптастырудың маңызды тетіктерінің бірі.

Ермек Мұқатайдың сөзінше, жастар мәселесі жалпы елдегі діни ахуалмен тығыз сабақтас. Бұл ретте мемлекет ұстанған саясаттың салмағы айрықша.

«Ең әуелі бұл мемлекетіміздің дінге байланысты ұстанымы, саясаты өте маңызды. Зайырлы мемлекет ретінде діни ахуалға бағыт-бағдар беріп, оны реттеп отыр», – деді ол.

Сондай ақ, наиб мүфти ҚМДБ-ның қоғамдағы орнына тоқталып, оның ауқымды институт екенін жеткізді.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бүгінгі таңда 3 мыңға жуық мешіті бар,7 мыңға жуық қызметкері бар үлкен мекеме. Оның қоғамда өзіндік орны бар. Бүгінде үлкен институтқа айналып келеді», – деді ол.

Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда 4033 діни бірлестік тіркелген. Оның 2890-ы ислам ұйымдарына тиесілі. Ел аумағында 3844 ғибадат орны мен 437 намазхана жұмыс істейді.

Діни білім беру саласында да ілгерілеу байқалады. Қазір 14 діни оқу орны жұмыс істеп, онда 5 мыңнан астам адам білім алуда.

Қазір оқып жатыр

Алматыда бірнеше қылмысты жасырып қалған тергеуші сотталды

«Тоқтайтын түрі жоқ»: Депутат Алматыдағы апаттан кейін жазаны күшейтуді талап етті

Ұлттық қордан бөлінген қаржыны тексергеннен кейін бірнеше қылмыстық іс тіркелді

Air Astana-ны 21 жыл басқарған Питер Фостер ресми түрде қызметінен кетті