Қазақстан ауасы ластанған елдердің көшбасында НЕГЕ тұр?
Еліміздің экологиялық ахуалы күн санап төмендеп барады. Қоршаған орта мен ауаның шамадан тыс ластануы өте күрделі мәселе. Әсіресе, өндіріс ошақтары орналасқан аймақтағы жергілікті халықтың мұң-мұқтажы ескеріліп жатыр ма? Осы тұрғыда мемлекет қандай жобаларды қолға алды?
Еске сала кетсек, өзекті мәселе президенттің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауында да егжей-тегжейлі айтылған. «Қоршаған ортаны қорғау – өркениетті елдердің басты түйткілі. Демек, бұл мәселе бізді де айналып өтпейді. Сондықтан алдымен «Экологиялық кодекс жобасын әзірлеуді қолға алдық» деген болатын.
Шын мәнінде, жағдай мәз емес, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, еліміздегі 3 мыңнан астам полигонда 125 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар жиналса, оған жыл сайын 5 млн тонна қосылып отырады екен. Яғни, экология және санитар нормасы тұрғысынан қарағанда аузы-мұрнына шыққан полигон аймақтарының 80 пайызы талапқа сай емес. Ол ол ма, екі жыл бұрынғы жүргізілген арнайы мониторинг жұмысы бойынша 8 мыңға жуық заңсыз қоқыс орындары анықталды. Одан бері мұндай жасырын орын көбеймесе, азаймағаны белгілі.
Тағы бір дерек – халықаралық мәліметтерде Қазақстан ауаның ластану көрсеткішінде бесінші орында болған. АҚШ, Қытай, Ресей көшті бастап тұр. Бұл елдерде түсінікті жағдай: халық көп, өнеркәсіп қарқынды даму үстінде. Ал Қазақстанның бұл тізімнің басында көрінуіне ешқандай негіз жоқ емес пе? Сонда біз қай жағын босаңсытып немесе еркінсітіп алдық? Қолданыстағы заңды ма, әлде жекеменшіктің қолына өткен өнеркәсіп, зауыт иелерін бе? Егер біріншісі болса, неге заң нормасын қайта қарамасқа? Ал екіншісі десек, неге өндіріс ошақтары қожайындары шарт бойынша экологияны ластамау туралы міндеттемелерді орындамайды?
Бұған әсер ететін факторлар мыналар. Бірінші, кейбір алдыңғы санаттағы өнеркәсіп орындарының өзінің технологиясы жаңаланбаған. Екі жыл бұрын анықталған дәл осындай 2405 кәсіпорыннан жыл сайын 4 млн тоннаға жуық зиянды зат бөледі. Демек, елімізде жыл сайын 5 млн тоннаға жуық қалдық қоршаған ортаға тараса, соның 85 пайызға жуығы өндіріс орындарына тиесілі.
Демек, Қазақстан бойынша 5 млн қатты тұрмыстық қалдық жиналады. Оның бәрі полигонға жеткізіледі. Еліміздегі 3 мың полигонның жағдайы сын көтермейді. Оның 17-18 пайызы ғана экологиялық талапқа сай. Айта кету керек, тұрмыстық қалдықты өңдейтін зауыт салу құрылысы бойынша Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Өскемен, Ақтөбе қалаларынан жер учаскесі бөлініп, жобаны жүзеге асыратын мекеме де белгілі болып, оған 293 млрд теңге көзделген. Егер жоба сәтті жүзеге асса, басқа да қалаларға салу жалғасын таппақ. Ал бюджетіне келсек, бәрі инвесторлардың қалтасынан шығады екен.
Міне, мемлекет экологияны қорғауды және қоршаған ортаны қорғау саясатын тиімді жүргізу үшін «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын қабылдап, жүзеге асуына мүдделі болып отыр. Президент Қ.Тоқаевтың өзі 2021 жылы үкімет отырысында тапсырма беріп, 2021-2025 жылдарға арналған жобаның тиімді жұмыс істеу керектігін қадап айтқан.
Төрт негізгі бағыттан тұратын ұлттық жобаның бірінші бағыты – «Таза Қазақстан». Мұнда біз әлгінде сөз еткен ауа сапасын жақсарту, тұрмыстық қалдықтарды азайту, сондай-ақ су нысандарының экологиялық жүйесін сақтау мәселесі қарастырылған. «Таза Қазақстан» бағыты бойынша бес жыл ішінде 16 ірі өнеркәсіп нысандарындағы зиянды шығындының 20 пайызға төмендету көзделген. Одан бөлек қатты тұрмыс қалдығын бөлек жинайтын 8 мың арнайы контейнер орнатып, кәдеге жарату жағын 34 пайызға дейін арттыру жоспарланған.
Ұлттық жоба қабылданған кезде журналистерге түсініктеме берген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар экс-министрі Серікқали Брекешев еліміздегі алпауыт «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорны зиянды қалдықтарды 54 пайызға азайту бойынша міндеттемені мойнына алғанын айтқан. Алайда, бұл міндеттеме орындалды ма, жоқ па, мәлімет жоқ.
Кез келген аймақтың астмосферасын ластайтын – сол жерде орналасқан кәсіпорындар. «Олардың саны 16. Олардың әрқайсысмымен тиісті келісім жасалды. Зиянды шығарындыларды азайту үшін арнайы шара бекітті. Алдағы бес жылда шығарынды 20 пайызға дейін азаюы тиіс. Мұнымен қоса кәсіпорындар соңғы үлгідегі озық технологияға көшіп жатыр. Жаңадан қабылданған Экологиялық кодекстің міндеттемесі де осы» деген министрлік.
2020 жылы қоғамның бастамасымен өңірдің экологиялық мәселесін шешу және қалдықтарды азайту бойынша жол карталары да әзірленген болатын. Бұл шараның бәрі өзекті мәселені шешуге бағытталғанын айта кеткен жөн.
Жыл басында үкіметтегі ауыс-түйістен кейін Зүлфия Сүлейменова ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын жүзеге асыру 32 жастағы министрге жүктелгені анық. Екі жылдай уақыт ішінде жоба алдына қойған мақсатты орындай ма, ол жағы алдағы уақыттың еншісінде.