Қайтқан «налда» қайыр бар...
Мемлекеттік компаниядан 2 миллион доллар ұрлап, тергеу кезінде бұл ақшаны кері қайтарып, кейіннен қайтадан қағып алуға бола ма? Бұл әбден мүмкін екен! Осыған қатысты «Время» газетінің тілшісі Михаил Козачковтың зерттеуін назарларыңызға ұсынамыз.
Таяуда редакциямызға біздің бір тұрақты оқырманымыз қоңырау шалды. Ол елдің батысында тұрады екен. Еліміздің сот жүйесін дәл суреттеп беретін бір қызық оқиғаны баяндады. 2012 жылы Маңғыстау облысы соттарының бірінде «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның жоғары лауазымды қызметкері Серік Баймұханбетов 8 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол жазасын осы күндері, яғни 2020 жылдың мамырында өтеп шығуы тиіс еді. Бірақ ол бостандыққа ерте шықты. Негізі, шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығу үшін бірнеше міндетті талаптарды орындау қажет. Айталық, алдымен 2 миллион доллардан аса келтірілген шығынды өтеуі тиіс. Алайда өтелген шығынға қатысты ғажайып амал жасалған. Оның авторларына разы боп, қол соқпасқа лаж жоқ.
Бұл оқиғаның тамыры сонау 1974 жылы басталған. Сол кезде Жаңаөзен қаласының маңында мұнай құбыры жарылып, технологиялық қойма пайда болған. Мұны он гектар жерді алып жатқан, мұнайдан тұратын көл десе де, артық айтқандық емес. Арада 35 жыл өткеннен соң ғана, төгілген көмірсутегін тазарту жоспары жасалған. Мұнай басып қалған жер «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» АҚ-ға қарағандықтан, осы мәселені шешу осы ұлттық компанияға жүктелген. Әрине, шығындарын да көтеруі тиіс.
Апатты жою ісіне қатысқандардың арасында «Мұнай-Экология» компаниясы» ЖШС да болған. Оның құрылтайшысы Серік Баймұханбетов еді. Сосын мұнайшы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның басқарушы директоры қызметіне ауысып, бұрынғы мекемесіндегі үлесін ағайын інісіне тарту етеді.
Баймұханбетовтің бұрынғы компаниясы жаңа жұмыс берушілерімен тиімді келісім-шарт жасайды. Мұны жай ғана сәйкестік дейік. Осы келісім-шартқа сәйкес, «Мұнай-Экология» компаниясы» ЖШС мұнай қалдықтарын сорып алу шығындарын өз мойнына алады. Өтемі – шикізатқа иелік ету. Осылайша, мердігер 14 мың тонна шикі мұнайға қол жеткізеді. Оны 616 миллион теңгеге (сол кездегі бағаммен 4 миллион доллардан артық) сатып пайда көрген.
Іс мұнымен бітпейді: сол технологиялық қойманың орнындағы топырақтың құнарлылығын қалпына келтіруге қайта тендер жарияланады. Тендер комиссиясының төрағасының орынбасары Серік Баймұханбетов болады.
Рас, байқау жарамсыз болып танылды. Өйткені, оған тек бір ғана компания – «Мұнай-Экология» компаниясы» ЖШС қатысуға ұйғарым жасаған. Нәтижесінде, осы ұйыммен «бір көзден» тәсілі бойынша келісім-шарт жасалады. Бұл фирма қызметкерлері мойнына алған барлық міндеттемелерді орындап шығады. Яғни, аталған аумақта мұнай қалдықтарынан тазартып, бұл еңбегіне 780 миллион теңгеден аса қаражат алады.
Алайда жасалған жұмыстар мен құжаттарды жіті тексерген кезде, «Мұнай-Экология» компаниясы бір аймақта екі шарт бойынша жұмыс істегені анықталған. Бірінші келісім-шарт бойынша, ол мұнайды өзіне алып, аймақты тазартып шыққан. Екіншісі бойынша бұрын тазартқан жер телімдері үшін тағы да ақша алған.
Бұл дерек сол кездегі қаржы полициясының назарын аудартқан. Тергеу барысында Қылмыстық кодекстің 176-бабында қарастырылған (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салу немесе ұрлау) қылмыс жасалғаны анықталды. Күдіктілердің бірі – біздің кейіпкеріміз Серік Баймұханбетов еді. Онымен бірге сотталушылар орындығында «Мұнай-Экология» компаниясы» ЖШС Бас директоры Думан Әріпбаев және сол фирманың филиалының жетекшісі Өнербек Алшымбаев отырды.
Тергеу барысында тапсырыс берушіге келтірілген шығын тиынына дейін есептелді. Онысы – 335 миллион теңгеден асып жығылған. «Мұнай-Экология» компаниясы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ шотына осынша қаражатты қайтарып береді. Сондықтан сот ұрланған ақшаны қайтару мәселесін қарастырмайды. Сот процесі екі келісім-шарт төңірегіндегі қызыл-кеңірдек айтыс-тартысқа ұласады. Нәтижесінде, сот келісім-шарттардың бірін-бірі қайталап тұрғанын мойындайды. Демек, бұл – ұрлық болды деген сөз. Баймұханбетов сегіз жылға, сыбайластары – жеті жылға кесіледі. Жоғарғы сотта бұл үкімді өзгертіп, Әріпбаев пен Алшымбаевтың қылмысының атауын «сеніп тапсырылған мүлікті меншіктеп алу және талан-таражға салуға жәрдемдестіге» ауыстырды. Өнербек Алшымбаев шартты түрде бес жылға, Думан Әріпбаев та бес жылға, бірақ жазасын түрмеде өтеуге үкім кесілді.
Жоғары сот Баймұханбетовтің де жазасын бес жылға дейін қысқартты. Қылмыстық іс бойынша қадағалау алқасының 2013 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысында былай көрсетілген: «Өтінішінде қорғаушы келтірілген шығын толық өтелгенін және жәбірленуші тараптың шотында 335 миллион 735 мың 400 теңге жатқанын қадап айтып отыр».
Бұл жайт мерзімді қысқартуға басты дәйек болған-ды. Жоғарғы сотта қажетті нәтижеге қол жеткізген соң, «Мұнай-Экология» компаниясы» ЖШС соны жүрісті ойлап тапты. 2014 жылы бұл фирма Астана қаласының арнайы ауданаралық экономикалық сотына 335 миллион 735 мың 400 теңгені қайтаруды талап етіп, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ үстінен талап-арыз түсірді. Қылмыстық істің сот құжаттарында бұл қаражат «өтелген шығын» деп көрсетілсе, экономикалық дау-дамайында тонын теріс айналдырып, «қарыз» болып шыға келген. Айтуларынша, фирма төгілген мұнай 1974 жылдан бері бүлкілдеп жатқан технологиялық қойма табанының топырағының құнарлығын қайта қалпына келтіру міндетін мойнына алған. Онысын толық орындап шыққан. Сот шешімінде көрсетілгендей, Жаңаөзендегі толқудың кесірінен жұмысты дер кезінде аяқтап үлгермеген. Сонымен қатар, талап-арыз берушінің өкілі «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ шотына «335 миллион теңге қате аударылған» деп атады. Кім қателеспейді дейсің, басқа компанияның шотына 2 миллионнан асатын долларды байқамай «лақтырып» жіберген. Қылмыстық іс бойынша сотпен әуре болып, екі жыл бойы бұл ақшаны ұмытып кеткен көрінеді. Кенет басына сап ете қалып, қайтарып алмақ болған.
Судья Адэль Джакупова талап-арызды жартылай қанағаттандырды. Жасалынған жұмыстар актісін жарамды деп танып, «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» АҚ-дан 520 миллион теңге өндіруге шешім шығарды. Оның ішінде 335 миллион теңге де бар. Бұл миллиондардың Жоғарғы сотта «шығынды өтеу» деп аталғаны жайында жақ ашқан пенде болмады.
Серік Баймұханбетов қайда дейсіз бе? Ол көп машақатпен болса да, мерзімінен бұрын бостандыққа шығып алды. Алматы соттары оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартқанымен, Жамбыл облысында құлақ түре қойды.
Қазір Серік Ғабитұлы – құрметтті бизнесмен. BSG Technology ЖШС-ның бизнесті дамыту жөніндегі директорының орынбасары. Кездейсоқтық па, кім білсін, бұл компания да мұнай қалдықтарын тазартумен айналысады. Желтоқсан айында оның фирмасы туралы Tengrinews порталы жазды. Онда Баймұханбетов «өз стендінің Абу-Дабиде ADITEC-2019 көрмесінде үлкен табысқа жеткенін, Энергетика министрі мен БАЭ-дегі елшіміздің келгенін, қаншама әлеуетті тапсырыс берушілердің пайда болғанын» мақтана жеткізген.
Отандық кәсіпкердің жетістіктері үшін қуану қандай ләзім. Бұл адам 2 миллион долларды талан-таражға салғаны үшін кінәлі деп табылып, сотталып, мерзімінен бұрын бостандыққа шығып та үлгерді. Сосын алматылық соттар арқылы серіктестерімен білек сыбанып соттаса бастады. Оған сәттілік ұдайы серік болып жүр. Бұл енді мүлде басқа оқиға. Оны кейінірек баяндап берейік.