2 мая 2023 г. 19:59

Еренғайып ҚУАТАЙҰЛЫ: Егер ҚАШСАМ, полицейлер ҚУЫП жете алмайтын еді...

Фото:

Белгілі журналист, бүгінде марафоншы Еренғайып Қуатайұлы 1 мамыр күні Кенесары хан ескерткіші жанынан бетін тұмшалаған құқық қорғау қызметкерлерінің ештеңе түсіндірмей, алып кеткенін әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. NEGE тілшісі оған хабарласып, мән-жайды толығырақ сұрап білді.

Еренғайып, сізді 1 мамыр күні құқық қорғау қызметкерлері күштеп алып кетіп, сұраудың астына алыпты. Бірлік күні осындай тірлікке тап болғаныңызға өзіңіз де аң-таң болған шығарсыз...  

– 1 мамыр күні Астанадағы Кенесары ханның ескерткіші жанында бір кісімен сағат 13:30-да кездесетін болғанбыз. Қарағанды қаласында өтетін ультра марафонға Астана арқылы баратын болған соң, жол-жөнекей жұмыстарымды да бітіре кетейін дегем. Күтіп отырғанмын. Кәдімгі азаматтық формадағы біреудің «Неғып отырсыз? Мұнда отыруға болмайды», – деген сөзіне жалт қарап: «Отыруға неге болмайды?», – дегенім сол еді, бет-аузы тұмшаланған бес жігіт жұлқылап, сүйрелеп көлікке бір-ақ тықты.

Бірден Сарыарқа аудандық ішкі істер бөліміне алып келді. Саусақ іздерін алып, фотоға түсірді. Сұрақ-жауап алды. Кенесары хан ескерткішіне не мақсатпен келгенімді сұрады.

Таңертең ғана Алматыдан ұшып келгенімді, Қарағандыға бара жатқанымды, 2 мамыр күні Қарағанды-Түркістан ультра марафонына қатысатынымды, жолай астаналық танысыма жолығып кету үшін осы жерге келгенімді айттым. Сұрақ-жауап шамамен 30 минутқа созылды. Бірақ одан кейін де 4 жарым сағат босқа ұстап отырды. Телефонымды да келген бетте алып қойды. Мені күтіп қалған адамнан ұят болды.

Сізден не үшін күдіктенді? Әлде Марат Жыланбаевпен шатастырды ма?

– «Мұхтар Әблязовтің әлеуметтік желідегі саяси үндеулерін тыңдайсыз ба?» деген сұрақ қойғанда мені мұнда не үшін алып келгенін түсіне қойдым. «Ондай нәрсені тыңдауға, көруге уақытым да жоқ. Қызықпаймын да» дедім. Сосын «Алматыдан Астанаға ұшаққа билет алып беруді кім ұйымдастырды?» деген сұрақ қойғанда таң қалдым. «Кім алып береді? Өзім алдым. Қарағандыдағы Е.Бөкетов атындағы университетінің түлегі ретінде марафонға шақырту алдым. 21 шақырым эстафетасында жүгіремін» деп ұйымдастырушылардың жіберген бағдарламасын көрсеттім.

Мені митингке келген адам деуі мүмкін. Негізі 1 мамыр күні сағат 2-де қоғам белсендісі, халықаралық спорт шебері Марат Жыланбаев сол жерде жүгіруден шеберлік сыныбын өткізетін болған екен. Ол мұны өзінің парақшасында да жазыпты. Ал құқық қорғау мамандары оны митинг өткізуге жинап жатыр деп ойласа керек.

Марафонға үлгердіңіз бе? Жалпы, әлемнің біраз еліне табаныңыз тиіп жүр. Адами құндылықтар мен қарым-қатынас мәдениетінің жоғары екенін көргенде ойыңызға не оралады?

– Иә, 22 шақырым жүгіріп, қайтып барамын. Біраз елде болдым ғой. Әсіресе, біздегі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің адамға деген қарым-қатынасы, мәдениеті өте төмен. Тіпті, ортағасырлық деңгейде қалып қойған. Бірден күшке салып, ұрып-соғуға дайын тұрады. Немесе баяғы большевиктерден қалған жазалау тәсілі әлі бар. Маған жай сөзбен ғана түсіндіріп айтса өзім де барам ғой. Қашып кетпеймін. Егер қашатын болсам, оларды жеткізбейтінім рас. Қылмыскер емеспін, ешқандай заң бұзған жоқпын.

Бұл бір ғана мысал. Осы сияқты заңсыздықтар көп қой. Қаншама қарапайым, кінәсі жоқ адамның уақытын алып жатыр. Кейбіреуінің мойнына қылмысты іліп, жазықсыз қамайды.

Бізде адам құндылығы, адам еркіндігі өте төмен деңгейде. Бірақ Конституцияда «ең басты байлық – адам» дейміз де, бір-бірімізге деген қарым-қатынасымыз мынадай. Ал Еуропада, АҚШ-та мүлдем басқаша. Адамның алдынан кесіп өтпейді. Оқыстан шығып қалса, кешірім сұрайды. Полиция қызметкері қарапайым халықпен өте мәдениетті сөйлеседі.

Мысалы, кеше сұрақ-жауап алып жатқан кезде қызметкерлердің жанымдағы басқа да адамдармен сөйлесуін көріп жағамды ұстадым. Екі сөзінің бірі – боқауыз. Анайы сөйлеп отыр. Жаңа Қазақстанды бір ғана билік құра алмайды. Оған қоғамның өзі үлес қосуы керек. Әр адам өзінен бастауы қажет. Біз сондай қоғамға қашан жететінімізді айту да қиын. Кейде әуежайдан түскен соң құқық қорғау қызметкерлерінің іс-әрекетін көргенде сол ұшаққа отырып кері кеткің келеді.

Бір кезде құқық қорғау саласы мамандарының деңгейін дәл сол шетелдегідей көтереміз деген әңгімелер айтылып еді...

– Кеше полиция қызметкері менің айтқан сөздерімді қағазға түсірді. Сол жазғанын сұрап алып, қайта оқып шықтым. Стилистика қатесі былай тұрсын, грамматикалық қате өріп жүр. Бұлардың мәдениетімен қоса, сауаты да төмен екен.    

Әділетті қоғам құрамыз деп жатырмыз ғой. Сізді күштеп алып кеткен құқық қорғау қызметкерлерінің үстінен шағым түсірмейсіз бе?

– Жоқ. Оған уақытым да жоқ. Бізде бұл процестің қалай өрбитінін білемін ғой.

– Қазақстан атынан әлемдік марафондарға қатысушылар көп пе? Алда қай марафонды, қанша шақырымға жүгіру мақсаты тұр?

– 23 сәуірде Лондонда жүгірдім. Одан бұрын Токиода. Бұл мейжор марафонына қатысу да, жарнасын салу да өте қиын. Арнайы туристік операторлар арқылы жарнасын төлеп, қатыстым. Қазақстаннан бес адам жүгірдік. Өте жақсы нәтиже көрсеттік. 3 сағат бойы жаңбыр құйып тұрды. Әлемнің 100-ге жуық елінен 42 мың адам жүгірді. Бұл да тәжірибе болды.

Алты мэйжор марафонының төртеуін жүгірдім. Алдағы қыркүйек айында Берлин марафоны бар. Соған дайындалып жатырмын. Одан кейін Нью-Йорк күтіп тұр.

Қазір 6 мэйжор, атап айтқанда Нью-Йорк, Чикаго, Бостон, Токио, Лондон, Берлин марафонын Қазақстаннан жүгіріп өткен 7 адам бар. Марафонға қатысу үшін төленетін жарна 300 АҚШ долларынан басталады. Бұл қаржы әртүрлі дертке шалдыққан балалардың ем-домына жұмсалады. Шын мәнінде, марафон – жай жүгіру іс-әрекеті емес, оның үлкен философиялық мәні бар. Бұл бір жағынан қайырымдылық шара әрі басқалар үшін мотивация. Әлеуметтік желіге фотомды салып, салауатты өмір салтын әрқашан насихаттап жүремін.

– Жүгіруге, жер-жердегі марафондарға қатысуға деген қызығушылығыңыз қашан оянды?

– 40 жасқа толғанда бір күні аяқ астынан салмағымды өлшей салдым. 90 келіден асып барады екенмін. Бойым – 1,70 қана. Бұл бойға 90 келіні көтеріп жүру ауыр. Мерседестің дөңгелегін КамАЗ-ға салып қойған сияқты ғой. Сөйтіп, өзіме «мына салмақпен күресемін» деп сөз бердім.

Жалпы, біреумен жарысу, күресу оңай да, өзіңді қолға алу қиын. Содан алты ай бойы нан жемедім, диета ұстадым. Бір жарым жылдың шінде 30 келі тастап, 62-63 келіге түстім. Басында өзім үшін жай жүгіріп жүрдім де, шағын старт марафондарға қатыса бастадым. Адамның ермегі болу керек. Бұл – менің негізгі жұмысым емес, жұмыстан тыс уақытта айналысатын шарам. Былайша айтқанда, салауатты өмір салтын ұстану ғой. Күніне бір-екі сағат кафеде отырып, темекі шегіп, сыра ішіп, уақытты рәсуа етуге болады. Ал бірақ осы уақытты салауатты өмірге арнасақ, жақсы емес пе? Одан ауқымы кең үлкен марафондарға қатысып көрдім. Қатты ұнады. Содан кейін алдыма мақсат қойдым. Дисциплина жаман әдеттен арылуға да алып келеді. Ерте жатып, ерте тұрамын. Уақытты ұтымды пайдалануды үйрендім.

Эверест шыңына қашан шығасыз?

– Бұл – тауға шығатын адамның басты арманы. Меніңше, бұған физикалық дайындықтан гөрі моралдық, психологиялық дайындық керек. Сосын қомақты қаржы керек. Сол кезде шығуға болады. Ал негізінде біздің елде бұл шыңға шыққысы келетін альпинистер бар. Бірақ оларға қолдау жоқ.

Жалпы, 6 мың метр биіктікке дейінгі көзге көрінген шыңның біразына шықтым. Қазір марафонға байланысты уақытым болмай жүр.

Тау ешқайда көшіп кетпейді. Алдағы уақытта мұнымен кәсіби түрде айналысамын деп ойлаймын. 6 мэйжорді бағындырған соң тағы басқа жоспарларым бар.

– Журналистикадан біржола қол үздіңіз бе? Әлде, оралатын ойыңыз бар ма?

– Әзірге жоқ. Өкінішке қарай, біздің журналистикада принцип жоқ. Бұрын сүйіп істеген ісім болса да, қазір ең даттайтын мамандыққа айналды. Бүгін былай айтса, ертең басқаша сарнайды. Көзқарасы тұрақсыз. Жазғандарына қарап сатылып кеткенін байқайсың. Содан кейін де бұл ауылдан одан сайын аулақ жүргің келеді. Болашақта мотивациялық кітап жазу ойымда бар. Идеям әбден пісіп-жетілген соң жазамын.

Тегтер: