Елде деструктивті діни ағымдармен күрес қалай жүріп жатыр?

Қазақстанға теріс ағымдардан келетін қауіп-қатер туралы Парламент мінберінде депутаттар жиі айтып жүр. Бірнеше депутаттық сауал жолданып, жұмыс топтары талқылап та жатыр. 

pixabay.com

Естеріңізде болса, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Парламент қабырғасында осы теріс діни ағымдардың кең етек алып кеткенін, олардан қауіп төніп тұрғанын айтып, Үкіметке бірнеше сауал жолдаған болатын. Бізге берген сұхбатында мәжілісмен елімізге теріс ағымдардан төніп тұрған қауіп турасында айтты.

«Қоғам деструктивті діни ағымдардың салдарынан екіге, үшке, тіпті төртке бөлініп алған. Біз өзіміздің қазақи, ұлттық мүддемізді жоғалтып жатырмыз. Сондықтан  ежелден қалыптасып келген қазақи мұрамыз бен құндылығымыз біртұтас болуы керек. Оны әлде бір дін немесе діни идеология бөліп-жармауы тиіс. Біз елдік, қазақылық, ұлттық мүдде үшін бар мүмкіндігімізді салып, қажетті заң қабылдауға күш жұмсауымыз керек», - дейді депутат Ермұрат Бапи.

Депутат Абзал Құспановтың айтуынша, деструктивті діни ағымдармен күрес өз деңгейінде жүріп жатқан жоқ. Мәжілісмен заңды әлі де жетілдіру керек деп есептейді.

«Әріптесім Ермұрат Бапи, Қазыбек Иса, Аманжол Әлтай тарапынан қозғалған депутаттық сауалға қосылдым. Әр түрлі жұмыс топтарына Ұлттық Қауіпсіздік Коммитетінен азаматтар келген кезде сұрақтар қойып, бұны әр кез назарда ұстаймыз. Әзірге көзбен көріп, қолмен ұстайтын деңгейде үлкен жұмысты байқаған жоқпын. Қандай да бір жұмысқа дайындық жүріп жатыр ма? Жүріп жатыр деп үміттенемін. Бірақ нақты бір жұмыстар атқарылып жатыр дегенге өз басым сенбеймін.

Ал заңға келетін болсақ, заң әлі де жетілдіруді талап етеді. Оны ашық айтуымыз керек. Әрине, ол бірінші кезекте біздің мойнымыздағы шаруа ғой. Мен өз тарапымнан қандай шаруа атқарып жатқанымды айтайын. Мен үш кодекске жетекшілік етемін. Олар: Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық, Қылмыстық-атқару кодексі. Осының аясында тиісті жауапкершілікті арттыру мақсатында өзгерістерді жұмыс тобымызбен талқылап жатырмыз. Бірақ жалпы, негізі дін жөніндегі профильді заңды да қайта қарауды қажет етеді деп ойлаймын. Осыдан екі апта бұрын Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасында бір емес, екі мәрте депутаттар корпусымен кездесуі өтті. Бас мүфтимен кездестік. Ол жерде де осы мәселе көтерілді. Болашақта Заң жобасын талқылауға ҚМДБ өкілдерін де қатыстыруларын өтіндік. Жалпы заң жобасын толықтыру мен өзгерту жоспарда бар», - деді Абзал Құспан.

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы заңның дұрыс орындалмай жатқанына қынжылыс білдіреді.

«Деструктивті діни ағымдар жөнінде өзімнің жетекшілігіммен үлкен тақырыптық отырыс өткізген азаматпын. Ұлттық қауіпсіздік коммитетінің, Бас прокуратураның, Ақпарат Министрлігі өкілдерінің және басқа да мүдделі органдардың қатысуымен жиын өтті. Барлық деректі мен сізге толық айта алмаймын, өйткені ол жерде арнайы құпиялық деңгейіндегі құжаттар бар. Бірақ бір ғана айтатын нәрсе, жағдай тамаша деп айта алмаймын. Өйткені бізде түрлі ұяшықтардың әлі де көп екенін біз біліп отырмыз. Және олардың әрекеттері қазір діни ағымдардан бөлек, кей бір ағартушылық сипат алған, кейбірі саяси бастамалар көтереді. Радикалды салаға ауысып жатқандары да бар. Сондықтан бұл өте қатаң қадағалауды талап етеді. Біз өткен жылдардың қателіктерінен сабақ алуымыз керек. Сондықтан да мен деструктивті діни ағымдарды, деструктивті әрекеттерді болдырмауы тиіс құзырлы органдар қас қақпай, жарғақ құлағы жастыққа тимей осымен айналысып жатыр деп ойлаймын. Әйтпесе, жағдай өте қиын болады.

Біз қазір апта сайын заңдарды қарап жатырмыз. Міне, бүгін 13-14 негізден тұратын заң жобаларды қабылдап жатырмыз. Екінші және бірінші оқылымдар бар, апелляция бар дегендей. Бірақ бізде заңның солқылдақтығынан бұрын, заңның орындалуы деген сұрақ бірінші орынға шығады. Біз таңнан кешке дейін отырып миллион заң қабылдауымыз мүмкін, бірақ соның орындалуын, орындалмауын қадағалау маңызды. Оның орындалу деңгейі қандай? Міне, нақты мәселе осында жатыр. Заң алдында барлығы тең болуы керек. Ешкімге артық көмек, ерекше көзқарас болмауы керек. Заң алдында іске тартылатын азамат кінәсіз болса ақталып, кінәлі болса, нақты жазасын алуы тиіс», - деді Нартай Аралбайұлы.

Мемелекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамда өткен сессиясында халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы сөз қозғап, бұл мәселенің өзектілігіне баса назар аударған.

«Лаңкестік топтарға қосылуды жоспарлап жүрген азаматтарымыздың елден тысқары шығып кетуіне жол бермеу үшін бірлескен жұмысты жалғастырған жөн. Терроризмге және экстремизмге қатысы бар адамдарды іздеу, ұстау және экстрадициялау тетіктерін іске қосу маңызды. ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының комитеті жанындағы терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мәселелерімен айналысатын сарапшылардың жұмыс тобын жандандыруды ұсынамыз», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.

Қазір оқып жатыр

Ақтаудағы МАЭК-те екі жұмысшы тұз қышқылынан күйік алды

Ақмола облысында колледж студенті бұрынғы сыныптасын пышақтап кеткен

Алматыда Жириновскийдің құрметіне естелік тақта орнату ұсынылды

Трамп Вашингтонда тілшілермен болған кешкі астан шұғыл эвакуацияланды