Ел дамуының жаңа кезеңі
Астанада онлайн форматта өткен Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы – қоғамның құқықтық санасы мен мемлекеттік жауапкершілігі тоғысатын маңызды белес екенін атап өткім келеді.
Мұндай сәттерде біз құқық үстемдігін және биліктің легитимділігін жаңаша пайымдауға жол ашатын тарихи кезеңді көріп отырмыз.
Конституция – елдің құндылықтық өзегі, қоғамдық келісімнің заңдық көрінісі, азаматтың қадір-қасиеті мен еркіндігін қорғаудың негізгі кепілі. Сондықтан оны жетілдіру мұқият талдауды және ең бастысы – шынайы қоғамдық қатысуды талап етеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 20 қаңтарда комиссия құру туралы жарлыққа қол қоюы – конституциялық дамудың жаңа бір жауапты бағытын айқындаған шешім. Бұл бастама мемлекетіміздің саяси және құқықтық жаңғыру үдерісін институционалдық тұрғыдан бекемдей түседі.
Комиссияның төрағасы ретінде конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімованың бекітілуі де символдық әрі мазмұндық тұрғыдан мәнді: конституциялық өзгерістердің өзегінде құқықтың рухы, әділет идеясы және Негізгі заңның тұрақтылығы тұруы тиіс. Ал комиссия төрағасының орынбасарлары ретінде мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның белгіленуі реформаның тек құқықтық-техникалық түзетулер деңгейінде қалмай, саяси жүйе, қоғамдық коммуникация, азаматтық қатысу мәдениеті тұрғысынан кешенді қарастырылатынын аңғартады.
Комиссия жұмысының басталуымен бірге қоғамдағы ең маңызды нәрсе – азамат үнінің естілуі. Әрбір конституциялық жаңғырудың құндылығы оның қаншалықты ашық, инклюзивті және дәлелді түрде талқылануымен өлшенеді. Осы тұрғыда азаматтардан екі мыңнан астам ұсыныс пен өтініштің түсуі – ел азаматтарының өз мемлекетіне бейжай қарамайтынын, құқықтық болашаққа қатысты ұстанымын ашық білдіруге дайын екенін көрсететін маңызды белгі. Бұл – азаматтық белсенділіктің, құқықтық жауапкершіліктің айғағы.
Эльвира Әзімованың комиссия алдындағы міндетті «Негізгі заңның іргелі қағидаттарын сақтай отырып, заманауи сын-қатерлерге лайықты жауап бере алатын конституциялық баптауларды қамтамасыз ету» ретінде сипаттауы – ғылыми-құқықтық логикаға толық сай тұжырым.
Шынында да, конституциялық реформаның мәні – өткенді жоққа шығару емес, құқықтық сабақтастықты сақтай отырып, қоғамның өзгермелі сұранысына жауап бере алатын тұрақты әрі өміршең жүйені қалыптастыру. Конституциялық тұрақтылық пен жаңару – бір-біріне қарсы ұғымдар емес; керісінше, екеуі үйлесім тапқанда ғана мемлекет пен қоғам дамуының берік құқықтық іргетасы қаланады.
Бүгінгі бастама – ел дамуының жаңа кезеңіне, әділдікке, құқық үстемдігіне қадам басу. Сондықтан Комиссия жұмысына сәттілік тілей отырып, қоғамды сабырлы әрі жауапты қатысуға шақырамын. Себебі конституциялық реформаның ең үлкен өлшемі – оның мәтінінде ғана емес, сол мәтін арқылы қоғамда әділет пен сенімнің орныға түсуінде.
Жанар Кегембаева, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы,
профессор-зерттеуші