Екпеге ел НЕГЕ сенбейді?
Соңғы күндері ел арасында бұған дейін де ауық-ауық көтеріліп келген екпеге қатысты дау тағы асқынды. Бұған Мәжіліс депутаттары мен Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің денсаулық сақтау туралы жаңа кодекстің баптарын талқылау кезіндегі пікірталасы себеп болды. Осы заң жобасын қараған депутаттардың жұмыс тобы вакцинаның сапасына, диагностиканың дәлдігіне, жалпы елдегі медицина сапасына күмән келтірді.
Даудың басы медицина кодексінің жобасындағы екпе егілмеген балаларды балабақша мен мектепке қабылдамау туралы ұсыныста жатыр.
Депутаттардың бір бөлігі вакцина дегеніміз адам ағзасының қорғаныс (иммундық) жүйесіне килігу, ал екпені міндеттеу адамның құқығына қол сұғу деп қарсы болып отыр.
Мәжіліс қабырғасындағы текетірес ел арасындағы ескі дауды қайта қоздырғандай. Әлеуметтік желінің «сарапшылары» whatsapp арқылы тараған түрлі «сенімді дереккөздеріне» сүйене отырып, екпенің денсаулыққа зияны тіпті адам өміріне қаупі туралы дүдәмал жорамалдарын жариялап кетті. Ел екіге, ой сан-саққа бөлінді де қалды.
Еліміздегі вакцинаға түбегейлі қарсыларды шартты түрде екі топқа бөлуге болады. Бір топтың қарсылығының түп-төркіні «діни наным-сенімге» негізделген. Олардың пайымынша, екпе дегеніңіз «Алланың адамның маңдайына жазған тағдырына араласумен бірдей» екен. Әсіресе, әсіредіншілдер арасында балаларына екпе салдырудан бас тартқандардың көбейгенін бұған дейін айтқанбыз. Хош делік, егер дін рұқсат етпесе, НЕГЕ араб елдері вакцинадан түбегейлі бас тартпайды? Алысқа бармай ақ, мұсылманның бес парызының бірі – қажылық сапарын өтегісі келгендер миқұртқа (менингит) қарсы екпе салдыратынын еске салайық. Және бұл Сауд Арабиясының қоятын талабы. Онсыз Қағбаға тәу ете алмайсыз. Жалпы дінді жамылған дүмшеліктен біз ғана емес, зайырлы дейтін Еуропаның өзі де әлі арыла алмай отыр. Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы соңғы он жылда АҚШ пен Батыс Еуропа мемлекеттерінде екпе салдырудан бас тартқандар саны өсіп бара жатқанына алаңдаулы.
Екпеге күмәнмен қарайтын тағы бір топ бар. Олардың айтар айғағы: «Ата-бабамыз егілмей ақ он-он бес баладан тауып, ауырмай-сырқамай ақ көп жасады» деген ой. Расында да солай-ау деп қаласыз. Вакцина құрамындағы кейбір химиялық заттар мен бактериялар адамның иммундық жүйесін әлсіретіп қана қоймай, ұрпақ сүю қабілетін күрт төмендететіні туралы теорияның авторлары мұны одан әрі қуаттай түсетіндей көрінеді. Бірақ 50-60 жыл бұрын экология қандай еді? Ол заманда қазіргідей гендік түрі өзгеріске ұшыраған азық-түлік деген атауымен жоқ еді. Таза ауаны жұтып, табиғи тағам жеген адамның иммунитеті, әрине, мықты болады. Алайда сол уақыттарда жыл сайын қызылшадан, көкжөтелден миллиондаған адамның көз жұмғаны туралы деректі оқысаңыз, біраз жайтқа көзіңіз ашылар еді.
Вакцинадан бас тартқандардың келесі тобының уәжі екпенің сапасына тіреледі. 2015 жылы қызылшаға қарсы екпеден кейін Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарындағы жүздеген адамның ауруханаға түскені есімізде. Сол кезде денсаулық сақтау саласының шенеуніктері шетелден жеткен вакцинаны сапасыз деп таныған. Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыровтың «біз тек Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатын алған екпелерді сатып аламыз» дегеніне Мәжіліс депутаты Сергей Симонов сенбеді. Жіліктің майлы басын ұстағандардың сапасынан бұрын ақшасына қарайтынына күмәнданбайды. Дәлел ретінде елге келіп жатқан екпелердің сапасы тым төмен екені туралы бала дәрігері болып істейтін әйелінен естігенімен бөлісті. Демек, гәп сапасыз екпеде және оны сатып алғандарда болып тұр ғой? Ал бізде вакцина сатып алуға құзырлы жалғыз оператор – «СК Фармация» ЖШС.
«Самұрық Қазынаға» қарайтын бұл компанияның басы талайдан бері жемқорлық дауларынан арылмай келеді. Екі жыл бұрын ғана «СК Фармацияның» басқарма төрағасы Максим Касаткин «2 млрд теңге ұрлады» деген күдікпен ұсталып еді. Осыдан соң жыл сайын вакцина сатып алуға мемлекеттің қазынасынан бөлінетін 27 млрд теңгенің ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесіне кім кепіл болады? Елге есі дұрыс екпе келеді дегенге көзіміз толық жете ме?
Дүдәмәл жағдайдың ең басты қаупі - вакцина жасаудан бас тартқандардың үлес салмағы 30 пайыздан асқан жағдайда жұқпалы аурулардың індеті өршіп кету қаупі күрт күшейеді. Ал екпе салдырайын десең, күмәнді вакцинадан шиеттей балалар ауру жамап алуда, кейбірі жарық дүниемен ерте қоштасуда. Демек, «Екпеге ел НЕГЕ сенбейді?» деген сұрақтың жауабын денсаулық сақтау саласына деген сенімнің сұйылғанынан іздеу керек. Азаматтар қай елден, қандай вакциналардың келіп жатқанын білгісі келеді, олардың сапасы туралы ашық мәліметтерді талап етеді. Вакцина сапасыз болған жағдайда кінәлілердің нақты жаза арқалағандарына көзін жеткізгенді қалайды. Ал билік басындағылар халықтың қалауын орындамай тұрып, екпе егуді міндеттемек. Осыдан кейін шенділердің екпеге НЕГЕ ел қарсы деп таңқалатындары қызық.
Әділ Ұзақбай