«Бұл – Қырғызстан президентіне, еліне, үкіметіне түкіргендік!». Депутаттар күштік құрылымдарын сынға алды
Youtube әлеуметтік желісін шарлап отырып, Қырғызстан Жоғарғы кеңешінің парақшасына амалсыз кідірдім. Біздегідей ың-шыңсыз емес, үнемі айтыс-тартыспен өтетін отырысын көргім келді. Сөйтсем, бұл жолы депутаттар мемлекет билігін аямай сынап жатыр екен. Тыңдап отырып, көңілге түйгенімді жаздым...
Осыдан бір ай бұрын, яғни 1 маусымда Қырғызстанда «Сапат» білім беру ұйымының басшысы, 1996 жылдан бері Қырғызстанда білім саласында қызмет атқарған, ағартушылық еңбегі халық тарапынан жоғары бағаланған Орхан Инандының ізім-ғайым жоғалып кеткені туралы хабар түскен. Іздеу шаралары 46 күнге созылды, бірақ Қырғызстан азаматы Түркия телеарналарынан кісендеулі күйде көрсетілді. Сонда қалай? Қырғыз билігінің бұл іске қатысы бар ма, әлде бұл елдің өз азаматын қорғай алмайтынының нақты дәлелі ме?
Былай қарағанда, осы елдің азаматының бір айдан кейін басқа елде ұсталуы нені білдіреді? Бәлкім, бұған екі мемлекеттің күштік құрылымдарының қатысы бар шығар? Мұны біз емес, Қырғызстан Жоғарғы кеңешінің депутаттары айтып отыр. Күштік құрылымдары Орхан Инандының жоғалуына байланысты қандай жұмыс атқарғаны жөнінде депутаттар алдында есеп берді. Күлбілтеге салынған билік өкілдерінің жауабы да екіұшты. Ал депутаттар болса, «бетің бар, жүзің бар» деген жоқ, осы іске жауап беруі тиіс органды сынға алып, басшыларының бетін қызартып тастады.
Жоғарғы кеңештің төрағасы Талант Мамытов әуелі мемлекеттік органдардан келген өкілдерге сөз бермес бұрын: «Азаматтар ұлтына, дініне қарай бөлінбейді. Барлығы Қырғызстан республикасының азаматы болған соң конституциялық тұрғыдан қорғалуы керек. Біздің елде осындай жағдайдың болуы беделімізге нұқсан келтірді», – деп бастады.
Бұдан кейін Ішкі істер министрі Ұлан Ниязбеков: «Қырғыз азаматы, «Сапат» білім беру ұйымының басшысы Орхан Инандыны жоғалу фактісі бойынша іздеу шарасын жүргіздік. Оның жоғалғаны туралы 1 маусымда Бішкек қаласының Ішкі істер органдарына арыз түсті. Бұл факті бойынша жылдам жүргізілген іздеу жұмыстары аясында 10-ықшамауданнан артқы дөңгелегінің желі шыққан Lexus көлігінен телефон, видерегистратор табылды. Адам ұрлау факітісі бойынша сараптама жасалды. Біз 46 күн іздедік. 20-дан астам нысан мен ғимарат қаралды. Байланыста жүрген адамдардың схемасы түзіліп, 47 адам сұралды. Интерпол іздестіру шарасы бойынша халықаралық іздеу жарияланды», – деп атқарылған жұмыстың барысымен таныстырды.
Алайда бұл жауапқа депутаттар қанағаттанған жоқ. Әншейінде отырыстары дау-дамайсыз өтпейтін Жоғарғы кеңештегілердің бұл халықаралық оқиғаға әбден ашынғаны көрініп тұр.
Мәселен, депутат Дастан Бекешевтің пікірінің жаны бар. Оның айтуынша, адам ұрлау фактісі бойынша істі тағы да қозғау керек. «Қырғызстан азаматы Орхан Инанды қалай жоқ болып кетті? Сол кезде Түркия бағытында қандай ұшақтар ұшты? Оны көлікпен әкетпегені анық қой. Демек, біздің елге кез келген мемлекет, кім көрінген келіп білгенін істей ме? Бұл біздің арнайы қызмет үшін ұят емес пе?», – деп сауалды төтесінен қойды.
Жауап тағы да «тисе терекке, тимесе бұтаққа». Қырғыз республикасы Мемлекеттік шекара қызметінің төрағасы Ұларбек Шаршеев: «1 маусымнан бері шекарадан өткен ұшақтарды тексердік. 30 маусымда келген Анкара-Бішкек бағытындағы ұшақ та жіті қаралды», – деп жауап берді. Бірақ депутат Дастан Бекешев: «Сіз бірдеңе айтқыңыз келеді, бірақ ашық айта алмай отырған сияқтысыз?» – дей келе, Сыртқы істер министрі орынбасарына: «Бұл жөнінде елшілікке, Түркия СІМ-не арыз түсті ме? Бірақ біздің нотаны ешкім сыйламайды ғой», – деп өз сұрағына өзі жауап берді еріксіз.
ҚР СІМ-нің бірінші орынбасары Нұран Ниязалиев: «Қырғызстанның Түркия республикасындағы елшілігіне тапсырма бердік. Елшілік нотаны Түркия СІМ-не жөнелтті», – деп деп қысқа қайырды.
Ал депутат Марен Маматариповтың мына сауалы да өзекті:
«Орхан Инандыда толығымен қырғыз азаматтығы бар ма? Қырғыз азаматы болған соң тең қарау керек. Барлық азамат мемлекет кепілдігінде болуы керек. Ел неге толқып жатыр? Біздің азаматтарды әркім ұрлап кете берсе не болады? Енді ол азаматымызды алып келе аламыз ба?»
ҚР СІМ-нің бірінші орынбасары Нұран Ниязалиевтің айтуынша, Орхан Инанды Қырғызстан және Түркияның да азаматы екен.
«Біздің азамат болғанмен, ол Түркияда да жүре алады. Яғни, қос азаматтығы бар. Түркиядағы елшілік арқылы нотаны жолдадық. Олар қарап жатыр. Инандыны Қырғызстанға қайтарып алу жөнінде сұрап едік, Түркия тарапы «Ол біздің де азамат болғандықтан тек сот шешімінің негізінде ғана қарастырамыз» деген жауап алдық», – деді СІМ бірінші орынбасары.
Алайда депутат Марен Маматариповтың мына ұсынысын кім қалай қабылдайтынын білмейміз, ол: «Бізде түрмеде отырған түрік азаматтары бар ма? Болса, солармен ауыстыру жағын ойластыру керек шығар», – деп айды аспанға бір-ақ шығарды.
Шын мәнінде, Жоғарғы кеңеш депутаттары билік тізгінін ұстаған шенеуніктерге өкпесі қара қазандай екенін анық жеткізді. Тіпті, кейбір жайттың абсурд екенін де жасырған жоқ. Келесі депутат Абдывахан Нұрбаев Ішкі істер министріне:
«Қырғызстан азаматы шекарадан шығып кетті. Ол қалай шықты? Осы іс-әрекеттеріңіз арқылы бүкіл елдің алдында масқара болғандарыңызға ұялмайсыздар ма? Бұл халықаралық абырой-беделімізге нұқсан келтірді. Кешірім сұрап отставкаға кете аласыз ба?» – деді.
Бір қарағанда, күштік құрылым өкілдерінің айтуға сөзі де жоқ сияқты көрінді. Бар болғаны – «консулдыққа жәрдем беруге даярмыз. Біз Орханмен жолығуды сұрадық. Әрине, қырғыз азаматының жоғалып, Түркиядан табылуы дұрыс емес жағдай. Оны қайтаруға ұсыныс жасадық» дегеннен әрі аса алмады.
Ал депутат Жанар Ақаевтың жанайқайы мүлдем бөлек шықты.
«Қырғызстанның билігі, өлке жетекшілігі, күш құрылымдарының басшылығы бес-алты саясаткерді, кәсіпкерді қамап, құстырып интернетке салғанға мәз. Өлкені сақтау үшін шекараны, азаматтарды сақтау керек. Бір тал шашын түсірмеу керек. Басқа елдің арнайы қызметі келіп, біздің азаматты алып кету деген нағыз қорлық қой. Қырғызстан егеменді мемлекет пе өзі? Парламенттік билік болғанда бәрін отставкаға жіберуді талап ету керек еді. Күш құрылымында басшы болсам, бір сағат та отыра алмайтын едім. Шекара қызметінің басшысы қызметінен кетуі керек! Ол азаматты аспанмен, жермен алып кетті ме? Жазаларыңызды қазір алмасаңыздар, 5-10-15 жылдан кейін сөзсіз аласыздар.
Өйткені шалалыққа жол бердіңдер! Бұл Қырғызстан президенті, елі, үкіметіне түкіргендік қой. Басқа мемлекеттің бізге «Сендер кімсіңдер?», – деп доқ көрсеткені бұл. Біз азаматтарыңды қалаған кезде ұрлап кетеміз» деп ашық білдірді. Неге осыншама байғұс боласыздар?», – деді намысты үнмен.
«Бұл жерде жоқ дегенде 4 қылмыстық іс қозғалуы керек. Адам ұрлау, шекараны кесіп өту, қырғыз азаматын ұрлау, Вена конвенциясы негізінде еларалық ережені бұзу. Қажет болса, БҰҰ-ға, адам құқығын қорғау ұйымдарына арыз түсіру керек», – деп түйіндеді депутат Жанар Ақаев.
Бұдан не түйдік? Әрине, қырғыз билігінің халықаралық дауды дипломатиялық жолмен шешеміз дегені көңілге қонымды. Алайда адам ұрлау фактісінің тіркелуіне сол күштік құрылымның қатысы жоғына кім кепіл? Тіпті, депутаттардың өз билігін сынап-мінеуі, ал мемлекеттік органдардың айналып келгенде Қырғызстанда жоғалып, Түркиядан табылған Орхан Инандының өзін айыптауы «Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» дегенді еске түсіреді.