Білім басқармасының басшысы қызметінен НЕГЕ кетті?
Алматы қаласының аумағы кеңейіп, іргесіндегі
бірқатар елді мекен қалаға өткелі біраз болды. Одан бөлек, соңғы жылдары ішкі миграцияның салдарынан ауылдан қалаға ағылғандар көп. Бұл шаһар мектептерінде орын жетіспеушілігі мәселесін сөзсіз туындатты. Тіпті, жыл сайын бір мектеп салынып жатса да, түйткіл толығымен шешімін таппай отыр. НЕГЕ?
Алматыда жалпы білім беретін 205 мектепте 261 мың бала білім алады. Бір кездері қаланың кейбір мектептері үш ауысымда жұмыс істеген. Әсіресе, қазағы көп қоныс тепкен ауданда бір сыныптағы балалар кемінде 35-40-қа дейін жетті. Ол ол ма, қазірдің өзінде «А»-дан басталып «З»-ға бітетін сыныптар бар. Себебі, жыл сайын 1-сыныптың табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер саны көп. Бұл – қуанышты жағдай. Балалар санының артқаны ел демографиясының ілгерілеп жатқанының айғағы. Бір өкініштісі, білім саласының басшылары осы балаларды мектепке сыйдыра алмай әуреге түседі.
Жақында бұл мәселеге ҚР Президенті Тоқаевтың өзі екпін түсіргенін жаздық. Ол Алматы мектептерінде 30 мыңдай орын жетіспейтінін айтып: «Кейбір мектептің бастауыш сыныбында 40 балаға дейін оқып жатыр. №173 мектепте бір сыныпта балалар саны 50-ге жеткен» деген мәліметті жария еткен. Яғни, жылына 4200 орынды бір мектеп салынғанмен, мәселе өзгеріссіз қалған.
Шын мәнінде, талай «Алтын белгі» иегерлерін қанаттандырған №173 мектеп-лицейінде бала саны әу бастан көп. Ата-аналар баласын осы мектепке орналастыруға бар күшін салады. Тіпті, баспанасы жоқ отбасы сол маңайдан пәтер жалдауға тырысады. Бір кездері физика мен математиканы тереңдетіп оқытатын білім ұясы басшылығының ата-анадан пара алып, сыныпты сағыздай созғанын да естідік. 40 баладан асып кететін кейбір сыныптың ата-анасы: «Оқушының тым көптігі де жаман. Әр балаға жеке көңіл бөлінбейді. Бәрінен сабақ сұрап болғанша қоңырау соғылады екен» дегенді де айтқан. Задында, Президенттің сөзінің жаны бар. Алайда, осы мәселелерге қатысты баспасөз мәслихатын өткізген Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Гүлнар Хожабергенова мәселені шешу жолын айтып берді. Ол президенттің сөзін жоққа шығарып: «Президенттің жұмыс сапарынан кейін мектептерге сұрау салдым. Ондай ақпарат расталған жоқ. Бір мектептің екінші сыныбында 44 бала болған, одан көп емес. Сондықтан бұл ақпараттың Президент әкімшілігіне қайдан түскенін білмеймін» деген еді.
Оның айтуынша, Алматыда білім алғысы келетін балалардың саны жыл санап артып келеді. Биыл оқушылар саны 17 мыңға көбейген. Соған орай қаладағы білім ошақтарында орын тапшылығы күрделі мәселеге айналып отыр. Ресми мәлімет бойынша, Алматыда 30 мың 183 оқушыға мектепте орын жетіспейді. Әсіресе, 15 мектепте бір сыныпта 30-35 оқушы білім алып жатыр екен. Санитарлық нормаларға сәйкес, сыныпта әр балаға 6 шаршы метр орын болуы керек. Бірақ бұл талап орындалып жатқан жоқ. Мектептегі орын тапшылығын шешу үшін 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар жасалды. Оған сәйкес, қалада жаңа білім беру мекемелері мен балабақшалар салу қарастырылған. Мәселен, 2020 жылы Алматыда 12 мың орындық 8 мектеп бой көтереді. Олардың бесеуі Алатау ауданында орналасса, екеуі Наурызбай ауданында, бір мектеп Түрксіб ауданында салынады.
Осы деректерді тәптіштеген Гүлнар Хожабергенованың артынша қызметінен кетуіне не түрткі болды? Әрине, ол жағы бізге беймәлім. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бағытжан Сағынтаев «Оның қызметтен кетуіне президенттің пікірін жоққа шығарғаны себеп емес. Ол басқа жұмысқа ауысты» десе де, біздіңше, Хожабергенова ханым қашаннан былыққа толы білім саласының өзіне қол еместігін түсінген сыңайлы.
Орын тапшылығын жоюдың тағы бір шешімі – аз қамтылған отбасылардың балаларын жекеменшік мектептерде тегін оқыту. Гүлнәр Қожабергенованың айтуынша, қалалық білім басқармасы тарапынан қазір жекеменшік мектептермен келіссөздер жүргізіле басталған. «Алматыда барлығы 61 жеке мектеп бар болса, олардың тек 27-cі ғана бізге қолдау көрсетуге келісті. Қалғандары құлықты емес не конкурс бойынша өтпейді. Жеке мектепте бір жылдық оқу құнының қанша тұратынына қарамастан, мемлекет тек 235 мың теңге ғана төлей алады», – деді Алматы білім басқармасының экс-басшысы Гүлнар Қожабергенова.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев тілге тиек еткен №173 мектеп-лицейде шынымен де жағдай солай ма? Біз мектеп-лицей директоры Ләйлә Мұхамеджанқызына хабарласып, пікірін білгенді жөн көрдік.
Ләйлә Мұхамеджанқызы, №173 мектеп-лицейінің директоры:
Бір сыныпта 50 бала болған емес
– Ләйлә ханым, №173 мектептің сыныптарында 50 баладан отыратыны жөнінде Президенттің өзі айтты. Сіз не дейсіз?
– №173 мектеп-лицейіне директор болғаныма екінші жыл. Бізде қазір 2897 оқушы бар. 84 сынып жиынтығы бар. Ешқашан бізде бір сыныпта 50 бала болған емес. Бастауыш сыныптың екі-үш сыныбында ғана 40 баладан отыр. Бұл сол мұғалімге барғысы келетін ата-ананың қалауымен ғана болды. Болашақта 40 баладан отыру мүлдем жойылады. Жалпы, балалардың сыйымдылығы 23-35 арасында. Әр сыныпта әрқалай. Біреуінде 28, бірінде 25, енді бір сыныпта 35 оқушыдан.
– Сонда ол ақпарат қайдан шықты?
– Енді оны білмедім. Қазір біздің мектептің жанынан, яғни «Мамыр-1» ықшам ауданынан 1200 орындық тағы бір мектеп салынып жатыр. Бұйырса, 2020 жылы қыркүйек айында ашылады. Сол кезде бізде бір сыныптағы бала саны 36-дан аспайды. «Мамыр-1» ықшам ауданы – тұрғындар тығыз орналасқан жер. Жан-жағымызда 17-18 қабатты тұрғын үй көп. Сондықтан да біздің мектепке келетін балалар да шамадан тыс. Және ықшам аудандағы жалғыз қазақ мектебі осы. Оның үстіне физика-математика бағытын тереңдетіп оқытамыз. Мұнымен қоса жылдағы көрсеткіш деңгейіміз де жоғары. Олимпиадада, ғылыми жобаларда оқ бойы озық шығатын шәкірт көп. ҰБТ көрсеткіші бойынша да алдыңғы орында. Сол себептен де баласын біздің мектепте оқытқысы келетін ата-ана көп. Бірақ қайталап айтамын, бір сыныпта 50 оқушыдан ешқашан отырған емес.
– Сонда Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының қызметінен кетуіне шындықты айтқаны себеп емес дейсіз ғой...
– Солай шығар. Біз әр жыл сайын, тоқсан сайын сынып жинақталу тізімін қала және аудан білім бөліміне жібереміз. Ол кісі де қолында бар мәліметті дұрыс жеткізді деп ойлаймын.
Түйін: Бұл мәселе жөнінде Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев: «Мектеп жасындағы балалардың саны жыл санап артып келеді. Ал жаңа мектептердің құрылысы едәуір төмен. Біз жағдайды түбегейлі өзгертуіміз қажет. Белсенді дамытуды қолға аламыз. Қала шетіндегі орта мектептердің қол жетімділігі мәселесін біртіндеп шешуіміз керек деп санаймын. Яғни, жеке мектептер, балабақшалар мен шағын орталықтардың құрылысын мемлекеттік-жеке серіктестік бойынша қаржыландыру тетіктерін белсенді қолдану қажет», – деді. Қала әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әкімдік инвесторлармен белсенді жұмыс істеп жатқанын және қаржыландыру көздері анықталатынын атап өтті. «Қазірдің өзінде 20 мектеп салуға дайын құрылыс компаниялары бар. Алайда, бұл жұмыстар қалада жердің жетіспеушілігімен шектеліп отыр. Біз бұл мәселені проблемалы несиелер қорындағы жерлердің есебінен шешеміз. Жақында ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мәселеде бізді қолдады», – деген-ді әкім білім беру жүйесі қызметкерлерінің форумында.
Динара Мыңжасар