Баскесерлер. Қылмыскерлер үш ағайындыны НЕГЕ өлтірді?
Журналист Асқар Жалдиновтың «Вне протокола. Тайны громких преступлений в Казахстане» кітабынан аудармалар жариялауды жалғастырамыз. Бұған дейін қылмыс әлемінің серкелері, банк тонау оқиғалары сынды атышулы қылмыстар туралы жазғанбыз. Ендігі кезекте – қанқұйлы баскесерлер.
Үш адамның өмірін қиған бұл қылмыстық оқиға 2016 жылы елді қатты дүрліктірді. Екі баскесер Алматы облысының Жамбыл ауданында үш ағайынды малшыны асқан жауыздықпен өлтірді. Құрбандар – Қытайдан келген қандастар. Қаза болған жігіттер мен олардың туыстары басқа да мыңдаған этникалық қазақтар сияқты әр жылдары тарихи отанына оралған еді. Көп отбасы Алматы облысының аумағына, елдің оңтүстік өңірлеріне қоныстанды. Өйткені табиғаты жайлы, мал шаруашылығымен айналысуға қолайлы болатын.
Кісі қолынан қаза тапқан ағайындылар да мал өсіруді кәсіп еткен. Мал шаруашылығының қыр-сырына жетік жігіттер Алматы облысының Жамбыл ауданына тұрақтап қалды. Жақсы жайылым, құнарлы шөп, жайлы табиғат, іргедегі мал базары ата кәсіппен алаңсыз айналысуға жақсы мүмкіндік еді. Ағайынды малшылар да ел қатарлы мал өсіріп, оны базарға апарып сатып жүрді. Шаруаны бірлесіп істесе, табыс та жақсы болатынын түсінді. Алайда «мал бағып, бақуатты ғұмыр кешеміз» деген армандары орындалмады. Ажалы дәл осы малдан келетінін олар білмеген еді...
Бұл қанды оқиға жергілікті бандиттерден әбден зәрезап болған шаруаларды қатты толқытты. Қылмыстық істің дақпырты алысқа кеткені соншалық, Мәжіліс депутаттары ІІМ мен Үкіметке қатқыл сауал жолдады. Сол тұстағы премьер-министр Бақытжан Сағынтаев үкімет отырыстарының бірінде Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтан қылмыскерлерді тез арада табуды талап етті. Іс ең жоғарғы сатыда бақылауда болатын.
Алматы облысының із кесушілері қысқа уақытта қылмыстың қалай жасалғанын анықтады. Қылмыскерлерді тапты, қаруды қолға түсірді, одан кейін ағайындылардың денесі қай жерде жатқанын тапты. Қылмыстың асқан қатыгездікпен жасалғаны соншалық, естіген адамның төбе шашын тік тұрғызады. Сондықтан да бұл оқиғаның желісін тіксінбей отырып оқу мүмкін емес.
2016 жылы 20 қаңтарда Алматы облысының Көксу аудандық ІІБ-нің кезекші бөліміне Адал Зарылхан арыз түсіреді. Ол өзінің үш туысы із-түзсіз жоғалып кеткенін айтады. Ұзынағаш ауылындағы мал базарына кеткелі бері төрт күн өткен. Ешбір хабар-ошар жоқ. Олар қытайлық екі «Dong Feng» көлігімен базарға мал тиеп әкеткен. Бірі – арызданушының туған бауыры, 1973 жылы туған Мұқият Зарылхан, екеуі немере бауырлары Жарқынбек Долдан (1979) мен Қадылбек Әлемхан (1977).
Алғашқыда туыстары оларды өз бетінше іздепті. Онысынан түк шықпаған соң полицияға арыз түсірген. Арыз қабылданған соң бірер тәулік өткенде полиция Жамбыл ауданының Қаншеңгел ауылының тұсынан өртенген жүк көлігін тапты. Екінші көлік тағы бір тәуліктен соң Дегерес ауылынан 5 шақырым жерден, жол бойынан табылды. Қылмыскерлерді анықтау үшін полиция тағы бірнеше күн із кесті. Олар Жамбыл ауданының екі тұрғыны екен – 1971 жылы туған Талғат Сүлейманов пен 1975 жылғы Мұрат Оңалбаев. Бұлардың үшінші сыбайласы болған. Ол – 1983 жылы туған Бақыт Байқасымов. Соңғысы қылмысқа қатысы болғанымен, қылмыс жасағанын хабарламағаны үшін жауапқа тартылды. Күдіктілер қолға түскенде еш жалтармапты, құрбандардың денесін қайда жасырғандарын ешбір эмоциясыз көрсетіп берген.
Кез келген қылмыстың жасалуы сияқты Сүлейманов пен Оңалбаев та адам өлтіруге алдын ала дайындалған. Олар құрбан болған жігіттермен таныспай тұрып-ақ бәрін жоспарлап қойған. Баскесерлердің басшысы Сүлейманов біршама уақыт бұрын Чехияда жасалған СZ 550 аңшы карабинін заңды түрде сатып алады. Кейінірек даладан оптикалық дүрбісі бар тағы бір винтовка тауып алған. Мылтық алғандағы ойы қылмыстық жолмен тезірек баю болса керек.
Мал базарда кімнің не сататынын, қанша пайда табатынын, базарға қай уақытта мал кіретінін зерттеп алған Сүлейманов ауылдасы Оңалбаевты оңай көндіріп, көп ойланбай іске кіріскен.
2016 жылдың 18 қыркүйегінде таңертең мал базарға ағайынды Мұқият Зарылхан, Қадылбек Әлемхан және Жарқынбек Долдан іріқара алып кіреді. Екі көлікте барлығы 36 бас бұқа мен құнажын болған. Олар малдың әр басын 140 мың теңгеге бағалап сатып, бала-шағасына керек-жарағын алып ауылына тездетіп қайтпақ еді. Сүлейманов оларға келіп 16 бас малының әрбірін 130 мыңнан бағалап сатуды сұрайды. Ағайындылар саудаласа келе әр басты 136 мың теңгеден сатуға келіседі. Т.Сүлейманов сол жерде есептеседі де, ертеңінде алған малды үстіне баға қосып қайта сатады. Осылайша қылмыскер ағайынды жігіттердің сеніміне кіреді. Бір айналып қайта соққан Сүлейманов мал иелерімен тағы келісім жасайды. Тауда бір шал тұратынын, оған жиырма бас іріқара керек екенін, бірақ малды жеткізіп беру қажет болатынын айтып сендіреді. Ештеңеден күдіктенбеген ағайындылар малдарын қайтадан көлікке тиеп, Сүлеймановтың соңынан ерген.
Жолай олар Сүлеймановтың үйіне соғып, ол жерден Оңалбаев ілескен. Ағайындыларға байқатпай, ескі «Мерседеске» екі карабинді оқтарымен қоса салып алады. Көз байлана олар Бақыт Байқасымов мал бағатын Сұлусай жайлауына жетеді. Қылмыскерлердің жоспары бойынша мал сатып алатын шалдың рөлін осы Байқасымов ойнауы тиіс болатын. Оған Мұқият Зарылханды ертіп барып малдың бағасына келіседі де, малды көліктен түсіріп алады. Бірақ ақшаның орнына көліктің жүксалғышынан мылтықты алады да, алдымен Зарылханның кеуде тұсынан атып жібереді. Екінші оқты басына бағыттайды. Одан соң өлі денені алысырақ сүйреп апарып жасырады.
Бұл кезде ағайындылар мінген екінші көлік басқа жер тұрған. Оларға қайта айналып келген қылмыскерлер «ағаларың шалдың үйінде ақшасын санап жатыр, көліктегі малды түсіру керек» деп алдаған. Қанішерлерге сеніп қалған ағайындылар көрсеткен жерге малды түсіріп болған кезде Талғат Сүлейманов Қадылбек Әлемханды қарақұстан басып салады да, асықпай көлікке қайтып келіп, Жарқынбек Долданды атады. Ағайынды екі жігіттің де денесін алысырақ апарып, бетін бұтамен, шөп-шаламмен жауып тастайды.
Өлі денелерді тінтіген қылмыскерлер бірінен шамамен жарты млн теңге, екіншісінен екі млн теңге атауып алады. Үшіншісінің белдігінде құпия қалтада бір млн теңгеге жуық ақша болған. Бірақ баскесерлер оны көрмей қалады. Оны кейін мәйітті зерттеген сот-медицина сарапшылары тауып алған.
Көліктердің бірі рөлде отырып оққа ұшқан Долданның қанына бөгіп қалғандықтан, қылмыскерлер көлікті өртеп жіберуді ұйғарады. Сүлеймановтың ойынша, көлікте олардың саусақ таңбалары қалуы мүмкін. Өйткені жайлауға жеткенше ол осы көлікке отырып келген еді.
Жүк көлігінің кабинасына бензин шашып өртеп жібереді де, Сүлейманов екінші көліктің рөліне отырып, сайдан түседі. Бұл кезде әбден көз байланған. Ондаған шақырым жүрген соң көлік жол шетіндегі жыраға түсіп, өшіп қалған. Көлікті оталдыра алмаған сыбайластар жақын маңдағы ауылға барып, Сүлеймановтың туысының үйіне түнейді. Ертеңіне Сүлейманов туысының «ЗиЛ» көлігін сұрап алып, сүйреп әкелмек болған әрекеті де өнбейді. Кабинадағы саусақ таңбаларын өшірген Т.Сүлейманов көлікті сол жерге тастап, із суытады...
Із кесушілер оны оңай тапты. Біріншіден, мал базардағы куәгерлер күдіктілерді анықтауға көмектескен. Екіншіден, ағайындылардың ұялы телефон нөмірлерін билинг жасау арқылы біраз нәрсе анықталды. Телефон өшіп тұрса да билинг арқылы қай жерде екенін анықтауға болады. Бұдан кейінгісі – техника мен қазіргі заманғы шерлок холмстардың шаруасы. Сүлеймановтың үйін тінтіген полицейлер бұлтартпайтын дәлел тапты: ұрланған малдар оның қорасында күйіс қайтарып тұрған еді.
Үш адамның өлімін тергеген дақпыртты сотқа құрбан болған азаматтардың туыстары, журналистер қатысты. Сот Талғат Сүлейменовті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Мұрат Оңалбаев 25 жыл қатаң режимде жазасын өтейтін болды. Ал Бақыт Байқасымов қылмысты хабарламағаны үшін 4 жылға сотталды. Үкім бойынша қылмыскерлер өздері өлтірген азаматтардың отбасына 10 млн теңгеден төлеуі тиіс. Алайда қылмыскерлер мұндай ақшаны тауып бере алмасы анық. Ал кісі қолынан ажал құшқан ағайындылардың 9 баласы жетім қалды. Құрбандардың бірі Жарқынбек Долданның шешесі ұлының қайғысын көтере алмай, көп ұзамай бақилық болыпты...
(«Вне протокола. Тайны громких преступлений в Казахстане» кітабын «Меломан» дүкендер желісінен сатып алуға болады)