«Қағаз жүзіндегі достық»: Әлиев пен Пашинянның қол алысуынан не күтеміз?
Қазір бүкіл әлемнің назары Трамп пен Путиннің Аляскадағы кездесуіне ауғанымен, бұған дейін АҚШ-та Трамптың бастамасымен тағы бір маңызы зор кездесу өтіп, ондаған жылдар бойы қырғи-қабақ боп келген екі ел Әзірбайжан мен Армения бейбіт келісімге келген.
Бұл келісім кімге не береді? NEGE тілшісі осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп, шет мемлекеттердің сарапшыларымен сұхбаттасты.
Канадалық сарапшы Филипп ЭЙСИДІҢ пікірінше, Әзірбайжан мен Арменияның татуласуына Ресейдің стратегиялық сәтсіздіктері себеп болған. Ол «Армения мен Әзірбайжан Ресейдің бейтараптығына және бітімгерлік қабілетіне сенуден қалғандықтан АҚШ пен Еуропаға бет бұрды» деген пікірде.
«2023 жылдың күзінде Әзірбайжан Таулы‑Қарабақты қайтарып алды. Армения жауапкершілікті Ресей мен оның бітімгер контингентіне жүктеп қойған, себебі олардың екіжақты келісімі бар. Алайда Ресей келісім бойынша міндеттемелерін орындамады. Ресей Арменияға шабуыл жасалған жағдайда саяси және әскери қолдау көрсетуге міндетті еді, бірақ мұны істеген жоқ. Соның салдарынан екі елдің қарым‑қатынасы бұзылып, Армения Ресей басқаратын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан (ҰҚШҰ – CSTO) шығып кетті және саяси‑қорғаныс тұрғысынан Еуропа мен АҚШ‑қа жүгінуге мәжбүр болды. Ал Ресей мен Әзірбайжан қарым‑қатынасы неге нашарлады деген сұрақтың жауабы белгілі: 2024 жылдың желтоқсанында Ресей аумағында Әзірбайжан әуе компаниясының ұшағын зымыранмен атып түсіріп, апат салдарынан 38 адам қаза тапты. Дәл осы жағдай екі елдің кетісуіне себеп болды»,– дейді Филипп Эйси.
Армян саясаткері Айк ДЕРЗЯН бұл процесті АҚШ-тың Арменияға қатысты біржақты ұстанымы ретінде сынға алады. Ол тең құқықты қатысу болмаған жағдайда мұндай серіктестіктің нақты пайдасына күмәнмен қарайды. Армения аумағында АҚШ-тың қауіпсіздік құрылымдары орналасуына қарсы саясаткер Әзірбайжанға да осындай ұстаным қажет деп есептейді.
«Келісім аясында түрлі жобалар болуы мүмкін, бірақ біздің аймақты және оның ерекшеліктерін ескеру керек. Оңтүстік Қапқазға әртүрлі елдердің ықпал етуге ұмтылуы бұрын да болған, қазір де бар. Ықпал әрдайым өзгеріп отырды: бірде күшейеді, бірде әлсірейді, біреу келеді, біреу кетеді. Осы көпқырлы процесте пайда орнына одан да үлкен мәселе туып кетуі мүмкін. Мұны болдырмау керек. Қақтығыс туған жағдайда бұл біздің аумақтан шығып, аса үлкен көлемді шарпуы мүмкін. Ең маңыздысы – экономикалық экспансиядан аулақ болу. ХХI ғасырда державалар тек әскери техника арқылы емес, капитал және халық арқылы да жаулап алады», – деп есептейді сарапшы.
Ал ирандық сарапшы Омид РАХИМИ келісімнің ұзақмерзімділігіне күмәнмен қарайды.
«Армения мен Әзірбайжан арасындағы жағдай – өзіндік тарихи контексті бар ерекше жағдай. Оны басқа қақтығыстарға үлгі ету өте қиын болар еді. Дегенмен бір жайт айқын: АҚШ президенті Дональд Трамп кез келген салада өз ізін қалдыруды көздейді. Нақтылай кетейін бұл АҚШ-тың емес, Траптың жеке басының мақсаты. Бұл оның саяси психологиясына тән нарциссизм, және дәл осы қасиеті оны бейбіт бастамаларды түрлендіруге итермелеуі ғажап емес. Нобельдің бейбітшілік сыйлығын алу үшін ол көп нәрсеге барады. Менің ойымша, бұл келісімдердің әлемдік ықпалдастыққа берері аз. Өйткені тым асығыс, мазмұнына қарағанда маңызы аз мәселелерге көбірек көңіл бөлінген, көптеген тұстары бұлыңғыр. Сондықтан ұзақмерзімді бола қоймас. Керісінше, жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұндай тәжірибе бұған дейін де болған», – деп атап өтті сарапшы.
Түйін: Қалай десек те, АҚШ президенті Дональд Трамп қырғи-қабақ екі елдің президентін қол алыстырып, қағаз жүзінде болса да татуластыра алды. Қол алысқан Әлиев пен Пашинянның төс қағыстырып дос болып кетпейтіні басы ашық жайт. Бірақ олардың жуық арада бір-біріне қару кезенбейтіні анық. Ал Нобель сыйлығына қарай бір қадам жасап қойған Трамтың әзірге есебі түгел.