25 июля 2022 г. 16:41

Ая Нұрдәулетқызы, психолог: Ешқашан өзгенің қол көтергеніне, тепкілеуіне шыдамаңыз

Фото:

Қоғамда әйелге қол көтеру, отбасында зорлық-зомбылық көрсету  таңсық емес. Дерекке көз жүгіртсек, еліміздегі әрбір үшінші әйел әлімжеттіктің құрбаны. NEGE тілшісі психология мектебінің негізін қалаушы, педагогика ғылымдарының магистрі, Еуропа, АҚШ елдерінің лицензиясымен жұмыс істеп, талайдың жан жарасын емдеп жүрген психотерапевт Ая Нұрдәулетқызымен сұхбаттасқан еді.

– Соңғы кезде отбасылық кикілжің, зорлық-зомбылық дерегі көбейіп кетті. Оның басты себебін әлеуметтік тұрмысқа тіреп қоямыз. Бұрын жағдай мәз емес кезде де ажырасу көп емес еді. Мұның нақты себептері қандай? 

– Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық қай заманда да болды. Ал статистикалық көрсеткіштің көбейіп кетуіне әлеуметтік желілерде осы жайлы ақпараттың кең таралуы себеп деуге болады. Неге десеңіз, психотерапевт болып жұмыс істегелі бері көбінесе алдыма жасы 30-45 жас аралығындағы әйелдер келеді. Бір айта кетерлігі, көбі қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңір, Жамбыл облысы, Түркістан және Қызылорда өңірінен. Олар ата-анасының арасындағы агрессияға толы қарым-қатынасты өзінің отбасына тасымалдап жатады.

Екінші өзекті мәселе – педофилия. Кеңес үкіметі кезінде көбі педофилия болмаған деп ойлайды. Шын мәнінде, балалық шағы сол заманда өткен оқушы қыздар бүгінде қырықтың қырқасынан асқан келіншектер. Олар өз басынан өткен педофилия жағдайын ұмыта алмайды. Тіпті, ағасынан, әкесінен, көршісінің тарапынан болған денесіне қол тигізген жайтты анасы да байқамаған.

Осындай мәселемен келген қыз-келіншектер алғашында ақтарыла кетпейді. Біраз уақыттан кейін, яғни арада сенімділік қалыптасқан соң ашыла бастайды. Сондықтан бұл өмірде ең бастысы – отбасындағы бала тәрбиесі. Егер де бала отбасында әкесі мен шешесінің арасындағы зорлық-зомбылықты көрсе немесе сол өзіне жасалса ішкі агрессиямен өседі. Оны ешкімге айта алмай сол жағдаяттың құрбаны болып өседі немесе кейін бала-шағасына көрсетеді. Менің пайымдауымша, әйел қауымының бес пайызы «мен осындай болмаймын» деп, отбасының моделіне толықтай қарама-қарсы отбасын құруға талпынады. 

Сіздің алдыңызға келетін әйелдердің басты мәселесі неде жатыр? Терең талдау жасағанда не түйдіңіз?

– Әйел қауымы негізінен екі мәселемен келеді. Қарым-қатынас және ақша мәселесі. Көбінен «барлығы менің қалағанымдай болса екен» деген қияли өмір сүру диагнозы  байқалады. «Менің күйеуім, енем мынадай болса» деп армандайды. Ал енесі «келінім осындай болса ғой» дейді іштей. Сондағы байқағаным, қиялымыздың шексіздігі соншалық, «ойымды, ішімдегіні тап» деп отырамыз. Шын мәнінде, ешкім сіздің ойыңызды оқи алмайды. Екіншіден, біз әр адамға өзіміздің проекциямызды салып қоюға құштармыз. Күйеуінің өз әкесіне ұқсағанын, әйелінің мінезі шешесінікіндей болғанын қалайды. «Ата-анамның қарым-қатынасы нашар болды. Мен ондай болмаймын» деп өзін өзгертуге кірісіп кетеді.

Негізі қарым-қатынастағы ең басты мәселе – өзімізді қоршаған адамдармен диалог құра алмау. Жанындағы адамға ойын айта білмеу, тыңдауға талпынбау – ең осал тұсымыз. Біздің ер азаматтар сөйлесуді білмейді, есікті тарс жауып шығып кетеді. Осы сәтте әйелі эмоцианалды тұрғыда бәрін ішіне жинайды. Яғни, ерлі-зайыпты екеуінің арасында байланыс жоқ. Екеуі де өкпе-ренішін ішке жинап, бір-біріне жабық болып қалады.

Бұдан өзге шешімін таппай келе жатқан ене мен келін арасындағы қарым-қатынас, ақша мәселесі. Қаражат – адамның ішкі психологиялық қауіпсіздігі. Мәселен, шотында бірнеше миллион ақша жатса, көбі уайымсыз жүре алады. Кейбіреулер шотында ақша болса да уайымы үдеп, паникалық жағдайда болады. Яғни, ақша ішкі қауіпсіздікті жаппай тұр деген сөз. Ендігі бір адамдарға көп ақша керек емес. Бірақ қазіргі заманда ақша тренд болып кетті. Әлеуметтік желілер арқылы сатып, байып жатқан адамдарды көреді. Сосын «мен де осыған ұқсайын, мен де бай болғым келеді» деген мақсат қояды. Шын  мәнісінде, ол өзіне осыншама ақша керек пе, керек емес пе, өзі де білмейді. «Досымда  IPhone бар, мен де аламын» деп кредитке телефон алады. Қарыз үстіне қарыз жамайды. Осы жерде қаржылық сауатсыздығымыздың төмендігін байқауға болады. Өзінің ақшасын дұрыс санай алмай, қарызға батып жүрген ата-ана баласына қаржылық сауаттылықты қайдан үйретсін. Ол үшін кішкентай кезінен бастап кішігірім ақша беріп, оны қалай жұмсағанын бақылауымыз қажет. Сауатты ата-ана ғана баласының сауатын аша алады. Дербес тұлға етіп тәрбиелей алады.

«Әйелдің қырық жаны бар» деп сабырлы, төзімді болуға шақырып жатамыз.  Алайда, қазіргінің қыз-келіншектері  бұған көнуге бейілді ме? Ер азамат өзіне артылған жауапкершілікті неге сезінбейді?

– Бұрын осы мәтел жиі айтылатын. Қыз баласы басқа отбасына келін болып түседі, сіңіп кеткенше сабырлы, төзімді болсын деген ниеттен туған.  Яғни, іштегі «менін» азайтып, болмысын өзгертсе ғана басқа отбасына сіңісіп кететіндей көрінетін. Қазір заман басқа, мыңдаған шақырым қашықтыққа тұрмысқа шықсаң да, отбасымен әрдайым хабарласып тұрады, байланыссыз қалу деген жоқ. Бұрын отбасын асырау үшін ер азаматтың күші қажет болса, бүгінде ақша табу гендерлік ерекшелікке бөлінбейтін болды.  Әйел білімді, я епті болса еркекпен бірдей ақша табуға қабілеті жеткілікті. Бірақ біздің қоғамда шариғат бойынша ер азамат отбасының асыраушысы, толық жауапкершілікті мойынына алушы. Шын мәнінде, бүгінде ақша табу бұрынғыға қарағанда жеңілдеу.

Әйелдің энергиясы мен мотивациясы көптеу болған соң ба, жетістікке тез жетеді. Ал еркек үшін ішер тамағы мен жатар орны болса жеткілікті. Алайда, әйелге сол тамақты жасайтын қазаны жаңа болу керек, ыдысы әдемі болу керек, киімі сөмкесіне сай болу қажет, орамалы мен көйлегі үйлесуі тиіс, яғни әйел затының шығыны көп. Одан кейін баланы асырау ана үшін бірінші орында тұрады. Осыдан төрт жыл бұрын сотта отбасылық психолог болып жұмыс істедім. Сот отырысынан бұрын ажыраспақ болған ерлі-зайыпты психологтың алдынан өту керек. Он некенің бесеуі ақшаның жоқтығынан ажырасып жатыр.

 «Күйеуім жұмыс істемейді, қарызы көп. Өзім үш баланы асырау үшін екі жұмысты атқарамын» деп ренжиді. Бүгінгінің еркектері жауапкершілікті неге сезінбейді? Себебі, әйел адам сол жауапкершілікті мойнына артып алған. Біз көбіне өзіміз алдына түсіп, кірісіп кетеміз. Ал мұндайда ер азаматтың психологиясы «жақсы сенің қолыңнан келсе істей ғой» дейді. Бір адым артқа қадам басады. Еркектің алдына барлығын дайындап қоямыз да, жатып кеп ренжиміз. Бұл – психологиялық ойын. Мұны «Треугольник карпмана» дейді. Егер карпман үшбұрышын білген адам өз функциясын түсінетін еді.

 – Соңғы кезде тұрмыс тауқыметінен зәрезап болған әйелдердің балаларын тастап, үйінен безіп кеткен дерегі көбейді. Бұл шыдамның таусылғанынан ба?

– Қандай ана болсын өз баласын тастағысы келмейді, тастап та кетпейді. Бұл әрине, шыдамы таусылғанының көрінісі. Оның үстіне мұндай қадамға бойын үмітсіздік жайлаған, жақсылыққа сенбейтін, өзіне сенімсіз адамдар барады. Мұны өз өмірін, өзінің денсаулығын алып қашу әрекеті деп түсіну керек. Егер күйеуінен таяқ жейтін болса, өмір үшін жанталас деп те пайымдауға болады. Бірақ кейбір әйел баланы «көкек ана» сияқты туады да, туған-туысына тастап кете береді. Бұл қадамға көбіне жаман әдетке тәуелді әйелдер барады. Тәуелділік – ауру, адамның нәпсісіне ие бола алмау –  кесел.

 – Таяуда екі әйел күйеуінің соққысынан қаза тапты. Ең сорақысы, азаптап өлтіргенін балалары көрген. Мұндай сұмдықты көрген баланың бойынан  да өмір бойы үрей мен қорқыныш арылмайтын шығар...

– Мұндай отбасынан қандай бала өсіп шығатынын біз білмейміз. Кей бала «мен де әкем сияқты қатыгез боламын немесе менің шешем бақытсыз болды, мен де бақытсыз боламын» де топшылауы мүмкін. Ендігі бір бала «менің шешем тепкіге көнді, бірақ мен ондай болмаймын» деп бейсаналы түрде бекінуі ықтимал. Тіпті, кейбір қыздардың санасында «мен ер азаматтарды жек көремін және ешқашан тұрмысқа шықпаймын» деген ой пайда болады. Баланың өміріне тек әке-шешесі ғана емес, ортасы, көретін, оқитын ақпараты да ықпал етуі мүмкін. Бір келіншек «күйеуім енеммен бірге қосылып сабады» деп жүк дорбасымен келіп тұр. Әрине, ең алғашқы көмегімді бердім. Әрі қарай қандай шешім қабылдайтыны, қалай өмір сүретіні өз қолында. Осыдан екі-үш жыл бұрын  көршіміздің үйінде қатты жанжал болды. Учаскелік полиция шақырдым. Бір-бірін сабап жатқан ерлі-зайыпты. Мұндай кезде құлағымызды жауып, «маған қатысы жоқ» деп отырмауымыз қажет. Өсіп келе жатқан балаға қоғамның да ықпалы зор екенін ұмытпайық. Қолымыздан келгенше араша түсейік дегім келеді.

  – Білуімше, өзіңіз де осындай  тұрмыстық зорлықты басыңыздан өткізген екенсіз...

  – Иә, мен де отбасылық өмірімде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан өттім. Оның дұрыс емес екендігін білмедім, түсінбедім. «Шыда, жаным, шыда» деп отбасыны сақтаудың  қамымен жүрдім. Негізінде басымнан біраз нәрсе өтті, оны көпшілікпен бөліскім келмейді. Бірақ әйелдерге айтарым, ешқашан өзіңізге қол көтергенге, тепкілегенге шыдамаңыз. Сіздің денсаулығыңыз, психикалық қалыпты күйіңіз, денеңіз, тәніңіз – Алланың сізге берген аманаты. Ең бастысы, балаларға сау ана қажет! Егер де тұрмыста зорлық-зомбылықты көріп жатсаңыз тоқтатыңыз. Қазір оны тоқтату жолы өте көп. «Балаларымды қалай жеткіземін» деп уайымдамаңыз, бәрі шешілетін мәселе.

– «Өмірлік сценарий» трансформациялық ойынының авторы екенсіз. Осы туралы тарқатып айтып берсеңіз...

– Әр адамның өмірінің бір желісі бар, қандай сценариймен өмір сүретінімізді біз көбіне білмейміз. Айтып жүрген трансформациялық ойыным транзакттық психология  концепциялары негізінде құрылған. «Сіздің өмірлік сценарийіңізді алға қарай не жылжытады?» соны көре аласыз.

Транзакттік анализ негізін қалаушы Эрик Берн өмірлік сценарийді ата-ана балаға алты жасына дейін береді деп тұжырымдаған. Мысалы, егер анасы пысық болса, баласына әрдайым тез қимылдауды үйретеді. Ал баланың өз темпі бар. Ол тез жүрмеуі мүмкін. Бірақ оның бәрі баланың болмысына тез сіңеді. Асығып жүргенде міндетті түрде бір нәрсені естен шығарады, ұмытшақтық қасиет қалыптасады. Осыдан сценарий қалыптасады. Арамызда өмірі асықса да, кешігіп жүретін адамдар бар. Сөйтіп, міндетті түрде бір нәрседен құр қалады. Өміріміздің сценарийі осындай майда бөлшектерден құралады. Әлгі ойын бүкіл осы процестерді ашып көрсете алады. Осы кезде адамдар өзін жақсы тани түседі.

Маман ретінде балаларды тәрбиелеуде ұстанымыңыз қандай?

– Кәсіби тұсына тоқталатын болсам, осы уақытқа дейін 2000 сағаттан аса консультация бердім. Алланың қалауымен біраз адамның ойын өзгертуге атсалыстық. Ой өзгерсе, өмірі де жайлап өзгеретіні анық. Командамда қазір 14 адам жұмыс істейді. Ал психолог мамандығына 300-ден аса адам оқыттық, оның тек 120-сы сертификат алды.

Психологияға,  психотерапияға  әуелі, өзімді, жан жарамды емдеуге келдім.  Жеті жыл болды, әлі де оқып келе жатырмын. Менің ең бірінші миссиям – әйелдерді қорғау. «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен   әлемді тербетеді». Яғни, бақытты әйел бақытты бала тәрбиелейді. Бақытсыз әйелден балалары тек мұң-қайғыны алады.  Өзіңіз үшін, балаларыңыз үшін бақытты болуыңыз қажет. Екі ұл тәрбиелеп отырмын. Үлкен ұлым үйленген. Балаларыма беретін басты тәрбие «Еркек бол, өзіңді сыйла, жақсы көр, жауапкершілігіңді толық сезін, орында, бірнәрсе ұнамаса ашық айт, бір-бірлеріңді түсінбей жатсаңдар ашық әңгімелесіп, диалог орнатыңдар немесе маған қатысты ұнамаған, түсінбеген сәттерің болса, мына жер дұрыс болмады-ау деп ойыңды білдір» деймін. Баланың шекарасын білу, тұлға ретінде қалыптасу, қабылдау бәрі осыдан басталады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тегтер: