Асқарбек Құсайынов: Дамыған елдерде педагогикаға тек үздік бітіргендер ғана барады
Орта білім саласында шешімін таппай жүрген мәселе көп. Оған қатысты түрлі бағдарлама қабылданды да. Орта білім беру сапасын арттырудың ғылыми негізін дайындауға атсалысқан Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының президенті, академик, компаративист-ғалым Асқарбек Құсайынов NEGE тілшісіне берген сұхбатында осы түйткілдің мән-жайын ашып берді.
– Былтыр «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы қабылданған еді. Ал Президент жолдауында «Жайлы мектеп» жобасын енгізуді ұсынды. Екеуінің де мақсаты – сапалы білім беруді қамтамасыз ету, мектеп пен балабақшада орын жетіспеушілігі мәселесін шешу, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жою. Осы саланың маманы ретінде пікіріңізді білсек...
– Бізді үш ауысымды мектептердің мәселесі алаңдатады. Бұл біріншіден, елдің экономикалық әл-ауқатына қатысты жайт. Оған үкімет тарапынан қаражат бөлінбей жатқан жоқ, бөлініп жатыр. Бірақ жақында президент Қ.Тоқаев осы түйткілге тағы да көңіл аударды. Қай өңірде неше мектеп салу керектігі жөнінде де нақты тапсырма берді. Меніңше, бұл өте өзекті мәселе. Үш ауысымды мектепте сапалы білім беру қиын. Сондықтан түбінде мұны шешу қажет.
Білім сапасына келсек, қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтық әлі бар. Жалпы, осы саланы зерттеумен шұғылданып жүрген ғалыммын. Яғни, 1991 жылдан шетелдің білім беру жүйесін зерттеп келемін. Кез келген қарапайым дүниенің қасиетін салыстырмалы түрде анықтаймыз. Мұны салыстырмалы педагогика ғылымы дейді. Қазақстандағы білім беру сапасын басқа елдердің білім беру жүйесін салыстыру негізінде анықтап, баға беруге болады. Салыстырмалы педагогиканың негізгі мақсаты – алдымен еліміздегі білім беру жүйесінің ерекшелігін толық біліп, содан кейін ғана шетелде осы мақсатта атқарылған жұмыстарды саралап, «Қазақстанда білім сапасын көтеру үшін қандай істер атқарылуы керек?» деген сұраққа жауап беру керек.
Ешбір ғалым «Сингапурда, Канадада былай» деп, сырттай ештеңе айта алмайды. Әр елдің білім беру жүйесінің өз ерекшелігі, даму тарихы, халқының өз менталитеті, ұлттық құндылығы бар. Сондықтан ешбір елдің білім жүйесін сол күйі көшіруге келмейді. Бірақ соларды саралап, нақты ұсыныс-пікір айтатын ғылым – Салыстырмалы педагогика ғылымы. Осы ғылым бізде біраз дамыды. Қазақстанда Салыстырмалы педагогика ғылыми кеңесін құрдық.
Бүкіл дүниежүзілік салыстырмалы білім беру қоғамдар кеңесіне мүше болдық. Қазір көптеген шетелдік ғалымдармен аралас-құраласпыз. Конференция, симпозиумдарға қатысып, пікір алмасып жүрміз. Сондықтан біраз нәрсені тиянақтадық, қорытынды жасадық. Міне, менің отыз жылдан бері шұғылданып жүрген салам осы.
Әлемдегі озық елдердің білім беру жүйесін зерттеп, қорытынды шығардым. Білім беру ісі – өте күрделі жүйе. «Не істеу керек?» деген қарапайым сұраққа бірауыз сөзбен жауап бере алмайсыз. Бұл күрделі болғандықтан оның жүйе құраушылары бар. Мысалы, кәдімгі көлікті алсақ, алдымен оның моторы бар екенін біліп, соны бағалайсыз. Оныңөзін бір емес, бірнеше құрылғы құрайды. Соның бәрі сапалы, бір-бірімен үйлесімді болса ғана көлік те жақсы жүреді. Тағы бір қарапайым мысал, шетелдік көліктің моторын ресейлік көлікке салсаңыз, жүрмейді. Сол сияқты орта білім сапасын көтеру үшін оның құраушыларын анықтауымыз керек.
– Мәселен, қандай жүйе құраушыларды атап өтер едіңіз?
– Осы уақытқа дейін орта білім берудің сегіз құраушысын анықтадық. Бірінші, білім беру мазмұны. Мұны күнделікті өмірде көріп жүрміз. Осы уақытқа дейін білім беру мазмұнын әлемдік парадигма негізінде айтып келдік. Өкінішке қарай, кеңестік дәуірде де, қазір де білім беру парадигмасын дамыта алмай жатырмыз. Ал көптеген елде баланың құзыреттілігін қалыптастырып, нәтижеге сай жұмыс істеуде. Ал оған өту күрделі дүние.
Білім сапасын анықтайтын PISA зерттеулеріне Қазақстан 2009 жылдан бері қатысып келеді. Соған қарасақ, жаратылыстану сауаттылығы, оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық бойынша қазақстандық оқушылардың білім деңгейі төмен. Себебі не? Ең алдымен біз нәтижеге бағдарланған балаларға білім бере алмай отырмыз. Мектепте балаларға көп ақпарат береміз, бірақ олар кейін сол ақпаратты не істейтінін, қалай игеретінін білмейді. Мысалы, химия пәнін үш-төрт жыл оқыған баладан «Алған біліміңді қайда және қалай қолданасың?» деп сұрасаңыз, жауап беруге ыңғайсызданады. Сондықтан осы жағынан көмек жасауымыз керек.
Екінші – ұстаз, педагог кадрларын дайындау мәселесі. Бұл әлемдегі дамыған елдерде ерекше көңіл бөлініп, шешілген дүние. Мысалы, Қазақстан мен Жапония елдерінің педагогика кадрларының мәселесіне тоқталсам, алты айырмашылық бар. Айталық, бізде талапкер педагогика мамандарын дайындайтын оқу орнына құжат тапсырып, түседі, төрт жыл оқып тәмамдайды. Қолындағы дипломмен мектепке жұмыс тұруға келеді. Қабылдаса, орналасады. Қарапайым дәстүр осындай. Ал дамыған елдерде ерекшелік көп. Оңтүстік Корея, Сингапур, Жапония, тағы басқа елдерде мектепті ең үздік бітіргендер, яғни түлектердің 5-10-20 пайызы ғана педагогика мамандарын дайындайтын оқу орнына құжат тапсыра алады. Бізде қазір осыған ұқсас алғашқы қадам жасалды. Ұлттық бірыңғай тестілеуде педагогиканы таңдаған талапкердің межелі балы жоғарылады. Міне, әлем елдерінде тек үздік бітірген балалар ғана педагогикаға тапсыра алады.
Үшінші – кәсіпке бейімділік. Педагог болу – күрделі мамандық. Әр адам мектепте мұғалім болып жұмыс істей алмайды. Ол үшін адамның бойында көптеген қасиет болуы керек. Ең бірінші, адами қасиет. Дамыған елдерде осы адами қасиетті анықтайтын арнайы сынақ алады. Сол арқылы алдындағы адамнан педагог шыға ма, жоқ па айтады. Мысалы, бастауыш сынып мұғалімі спорттан, музыкадан хабары бар маман болуы керек. Баланы қызықтыра алуы тиіс. Оқушы қай кезде жақсы оқиды? Егер мұғалім қызықтыра алса ғана.
Ол үшін баланың бойында мұғалімге деген сүйіспеншілік оянуы қажет. Содан кейін дамыған елдерде жоғары оқу орнында теорияны тәжірибемен ұштастырады. Тағы бір артықшылығы, мұндағы мектептерде тек магистр дәрежесін алғандар ғана сабақ береді. Онда да бірден қабылдамайды. Арнайы құрылған қоғамдық комиссия маманның бойында жақсы адами қасиеттері бар ма, сабақ беруге білімі жете ме деген сұраққа жауап береді.
Осындай сыннан өтіп келгеннің өзінде бірден жеке сынып бермейді. Оның жанына тағы бір тәлімгер бекітіледі. Ол бірінші күннен бастап жас магистр маманмен бірге сабақ дайындайды, сабақ беруге қатысады, жетістігі мен кемшілігін саралайды. Педагог еш уақытта өзінің сабақты қаншалықты жақсы бергенін білмейді. Өйткені, оқушылары да оған ашып айта алмайды. Оның қалай жұмыс істейтінін басқа әдіскер мұғалім ғана бағалайды. Бізде осы мәселе енді ғана қолға алынып жүр.
Келесі – білім сапасын бағалау. Мәселен, Қаақстанда 8-сыныпта оқитын оқушылардың химия, физика пәндерінен білім сапасы қай деңгейде екенін біле алмаймыз. Әр мұғалім сынып ішінде өз бағасын қояды. Шын мәнінде, елімізде оқитын оқушылардың білім сапасын анықтай алмасақ, оны көтеру жолында не істеу керектігін де білмейміз.
Бұдан кейінгі – оқулық мәселесі. Оның да сапасын көтеру мәселесі күрделі әрі өзекті. Бұл 500 жылдық тарихы бар ғылым. Бізде жиырма жыл болды. Әлі де шешімін таппаған түйткіл көп.
Материалдық-техникалық база да – құраушы жүйе. Мысалы, мектепте оқу, тәрбие, білім беру процесінің мазмұны дұрыс болмаса, онда білім болмайды. Міне, осы сынды сегіз құраушы толыққанды жұмыс істегенде ғана білім сапасы көтеріледі. Яғни, «білім сапасын қалай көтеруге болады?» деген сұраққа жеңіл жауап беру қиын. Орта білім беру сапасының ғылыми негізі болуы керек. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін ғылыми негізін жасап, оны жүйелі түрде іске асыра алмадық. Содан кейін де көптеген қиындыққа тап болдық.
– «Мұғалім мәртебесі» туралы заң қабылданғалы бері педагогтардың қоғамдағы орны да айқындалып, жалақысы да өсті. Қазір осы мамандықты пәлен жыл бұрын бітіріп кеткен мамандар қайтадан мектепке оралып жатқан көрінеді. Жалпы, бұл тәжірибеде бар үрдіс пе?
– Бұл әлемдік тәжірибеде бар дүние. Еуропадағы жоғары білім сапасы көрсеткішіне ие поляк елінде барлық мектепте істеп жүрген мұғалімдерге бір-екі жыл уақыт беріп, сосын толық аттестациядан өткізу тәжірибесін енгізді. Соның нәтижесінде мектептен ұстаздың біразы кеткен. Ал олардың орнын толтыру үшін ауқымды шара жүргізілді. Мысалы, зертханада жүрген маманның педагогқа тән қасиеті болса, мектепке келгісі келсе, оның педагогикалық мүмкіндігіне байланысты үш айлық, алты айлық, бір жылдық курстар ұйымдастырады. Яғни, балалармен жұмыс істегісі келген басқа сала мамандарының педагогикалық әлеуетін көтеру бағытында көп жұмыс атқарылды. Осылайша, Польша мемлекеті мектепке өз саласы бойынша білімді, сауатты азаматтарды жинады. Мектепке дәл осындай келіп жатса, құптауға болады. Біз де ғылыми негізде әлемдік тәжірибені енгізсек, бұдан мектеп тек ұтады.
– Қазақстан мектептерінде оқитын балалардың білім сапасы төмен деп қалдыңыз ғой. Бірақ халықаралық, республикалық білім сайыстарында топ жарып жатқан оқушылар баршылық. Бұған не дейсіз?
– Жалпы, қазақ дарынды халық. Білім ұяларын жиі аралайтын маман ретінде балалардың білімге, ғылымға деген ерекше ынтасы, жігері бар екенін аңғарамын. Ал халықаралық деңгейдегі олимпиадаларда жақсы нәтиже көрсеткен жеңімпаздар он мыңның бірі ғана. Қазақстанда білім алып жатқан миллиондаған баланың білім сапасын халықаралық олимпиадада жүлде алған жүз баламен салыстырып, айта алмаймыз. Олар – дарынды балалар. Әлем елдерінде де олимпиада көрсеткіші сол елдің орта білім сапасының көрсеткіші болмайды. Қазақстанда шамамен 2 млн оқушы бар. Соның жүз шақтысы дарынды бала болса, сол арқылы бүкіл оқушының математикалық сауаттылығына баға беруге бола ма? Әрине, жоқ. Бірақ қазақ балалары білімге құштар. Бізді қуантатыны осы.
– Әңгімеңізге рахмет!