Әсет Наурызбаев: Алматының ауа сапасын жақсартуға арналған жобамыз бар
Еліміздің экологиялық ахуалы мәз емес. Әсіресе, Алматы қаласының тұрғында лас ауаның зардабын тартып-ақ жүр. Мұны эколог мамандар айтудай-ақ айтып келеді. Бірақ қала бәз-баяғысынша тұншығып жатыр.
«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының мақсаты да – еліміздің экологиясындағы күрделі мәселелерді шешуді қарастыру. Алайда, мамандар «Алматы қаласының кең тыныстауы үшін не істеу керек?» деген сауалға бірігіп жауап іздеп келеді. Соның бірі белгілі экономист, энергетика маманы Әсет Наурызбаевты NEGЕ тілшісі әңгімеге тартқан еді.
– Әсет мырза, есіңізде болса, 2021 жылы «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы қабылданған еді. Онда ауаның сапасын жақсарту, экологиялық жүйені сақтау, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мәселесі жан-жақты айтылды. Басқа қаланы айтпағанның өзінде Алматының экологиялық ахуалы күрделі. Бұл жөнінде не дейсіз?
– Бұл түйткілдің бәрі қоғамға белгілі. Арнайы белсенді топтар да бар. Өзім Алматы қаласының ауасын жақсарту туралы зерттеп көрдім. Сол сияқты тұрмыстық қалдық, ауыз су сапасы бойынша да жұмыстар жетерлік. Бірақ әкімдік қала тұрғындарының ресурсын дұрыс қолдана алмайды.
Тіпті, халық ішінде экология мәселесін шешудің жолын білетін білікті мамандар көп. Ал біз таза ауа туралы бағдарлама жасақтап бердік. Қазір Алматы әкімдігі жобалық кеңсе құрды. Енді біз осының аясында жобамызды ұсынып, көреміз. Егер бізді тыңдап, құптаса, жұмыс істеуге дайынбыз. Ал қарсылық танытса, қала тұрғындары өзіміз бірігіп, шаралар ұйымдастырамыз. Әкімдік – атқарушы орган.
Сондықтан біздің сұранысымызды орындауға, қабылдауға міндетті. Ауаны тазартпай, жол жиегіндегі бардюрді салудың қажеті жоқ. Кеше ғана парламент және мәслихат сайлауы өтті. Азаматтық қоғам депутат болған азаматтардың берген уәдесін түртіп алып, кейін сұрау салу керек. Халық атынан сайланғандар ел алдында айтқан сайлауалды бағдарламасын орындауы тиіс.
– Сіздіңше, Алматының ауасын жақсарту үшін не істеу керек?
– Ауаның сапасын анықтайтын арнайы қосымшалар бар. Дәл қазір каланың экологиясы өте нашар. Тек жауын-шашыннан кейін ғана азғантай уақыт тазарып қалады. Ал басқа уақытта бәз-баяғы қалпына түсіп, қап-қара күйеге айналады. Соның салдарынан балалар тыныс алу жолдары ауруына шалдығып жатыр. Балалардың денсаулығын, болашағын ойлауымыз керек. Олар өмірге дені сау болып келеді, бірақ 5-6 жылдан кейін лас ауаны жұтып, ауруға ұшырайды. Негізінен Алматының ауасын ластайтын – қаладағы қарқынды құрылыс, ескі көліктің көптігі.
– Париж келісімі бойынша, Қазақстан алдағы уақытта көмірсутегінен бас тартуы тиіс. Әлі күнге қалада көмір жағатын жылу электр станциялары азаймай тұр. Алматы қашан толық газдандырылады деп ойлайсыз?
– Бұл өте өзекті мәселе. Біз Париж келісіміне сәйкес, болашақта көмірді де, газды да алып тастауымыз керек. Мұның өзі ауқымды инвестицияны талап етеді. Яғни, алдағы жылдары энергияның балама көзіне көше алмаймыз. Сондықтан 2026 жылдың басына дейін көгілдір отынмен жұмыс істейтін жаңа ЖЭО салу жоспарға алынды. Бұл көмірге қарағанда әлдеқайда таза, ауаға шығатын қалдығы аз. Алайда, қаланы газдандыру 2020 жылы 100 пайыз орындалуы тиіс еді. Бірақ бұл жұмыс та сылбыр, көңілден шықпайды. Демек, жай ғана көрсеткіш ретінде айтылған сияқты. Бұдан бөлек энергияның басқа балама көздерін де мейлінше пайдалану керек. Мұны жасауға мемлекет, жергілікті әкімдік мойын бұрмаса, кәсіби мамандарды тартып, кеңесін алып, пікір алмасуы керек. Ең бастысы, бүгінгі жас ұрпақтың тән саулығы маңызды. Біз, ересектер өзімізді ойламасақ та, балалардың денсаулығына көңіл бөлуіміз қажет.
– Сұхбатыңызға рақмет!