«АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысынан Қазақстан көп нәрсе ұтады» – Қытай профессоры Ван Чун
Қазіргі таңда әлемдік саясат пен экономиканың беталысын АҚШ пен Қытай арасындағы текетірес айқындап отыр. Сауда соғысы түріндегі бұл қақтығыс тек екі алып экономиканың ғана емес, олардың арасындағы байланысқа тәуелді бүкіл аймақтардың да болашағына әсер етуде. Осы тақырып төңірегінде NEGE тілшісі Қытай профессоры Ван Чунмен сұхбаттасты.
- Ван Чун – халықаралық қатынастар мамандығы бойынша заң ғылымдарының докторы (Ph.D.), Қытайдың Оңтүстік-Батыс саяси және құқық университетінің доценті және зерттеушісі. Сондай-ақ ол Халықаралық қатынастарды оқыту және зерттеу бөлімінің және Азия-Тынық мұхиты зерттеу орталығының директоры қызметтерін атқарады. Зерттейтін тақырыптары – халықаралық қатынастар мен салыстырмалы саясаттану, соның ішінде Азия-Тынық мұхиты өңірінің саясаты мен халықаралық қатынастары, геосаясат және халықаралық қауіпсіздік, жаһандану мен жаһандық басқару, сондай-ақ қоғамдық дипломатия мен халықаралық саяси коммуникация.
– Ван Чун мырза, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының қазіргі жай-күйін қалай бағалайсыз?
– АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы экономикалық қана емес, екі елдің күшін, ерік-жігерін және табандылығын сынайтын үлкен бәсекеге айналды. Мұндай қақтығыс соңғы жүз жылда алғаш рет болып отыр. Қазір бұл соғыс түрлі формада жүріп жатыр: кейде жағдай тынышталып қалады, ал енді бір сәтте негізгі салаларда бәсекелестік күрт күшейеді.
Мысалы, Қытай сирек кездесетін жер ресурстарын экспорттауға шектеу қойса, АҚШ Қытайдың жоғары технология саласындағы дамуын тежеуге тырысып отыр. Бұл күрес бірде келіссөзге, бірде қайшылыққа ұласатын, үнемі өзгеріп тұратын күрделі үдеріске айналды.
– Қазақстанның Қытаймен шектесетін мемлекет екенін білесіз, бұл текетірестің Қазақстанға қауіпі қандай?
– Біріншіден, АҚШ-тың Қытай, Ресей және ЕО сияқты үлкен елдердің экономикасына қарсы жүргізіп жатқан сауда соғысы Қазақстанның Қытай – Еуропа теміржол экспресі мен Транскаспий халықаралық көлік бағыты сияқты негізгі сыртқы сауда дәліздерінің тұрақты жұмыс істеуіне әсер етуі мүмкін. Екіншіден, мұнай мен уран секілді шикізаттық тауарлардың экспорты зардап шегіп, баға төмендеуі ықтимал. Үшіншіден, шетелдік, әсіресе, қытайлық инвесторлардың Қазақстанға деген сенімі әлсіреуі мүмкін.
– Қазақстанның осындай күрделі жағдайдан шығатын мүмкіндіктері бар ма?
– АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысынн Қазақстан көп нәрсе ұтады. Біріншіден, Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы мен ШЫҰ аясында Қазақстан Қытай өндірісі мен технологиясының бір бөлігін тарта алады. Екіншіден, Қытайдың экспорттық шектеулері жағдайында Қазақстан сирек кездесетін жер элементтері мен вольфрам сияқты стратегиялық ресурстарды экспорттауда артықшылыққа ие болады. Үшіншіден, жаһанданудың баяулауы аймақтандыруды жеделдетіп отыр. Бұл жағдайда Қазақстанның транзиттік дәліз ретіндегі рөлі арта түседі.
– Аймақтағы сауда жолдары мен жеткізу тізбектері өзгере ме? Қазақстан бұл үдерісте қандай рөл атқарады?
– Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысы жаһандық жеткізу тізбектерін қайта құруды жеделдетуде. Жеткізу тізбектері аймақтандыруға бет бұрды. Қазақстанның бірегей географиялық орналасуы мен ресурстық әлеуетінің арқасында Еуразия жеткізу тізбектерін жаңғырту мен қайта құрудың басты тірек нүктесіне айнала алады. Қытай – Еуропа теміржол экспресінің орта дәлізі, Қытай – Орталық Азия – Батыс Азия дәлізі және Транскаспий бағытының маңызы артып келеді. Қазақстан шынайы құрлық хабына айналуға барлық мүмкіндіктері бар.
– Қазақстан үкіметінің АҚШ пен Қытай бәсекесіне қатысты саясатын қалай бағалайсыз?
– Қазақстан «державалар арасындағы тепе-теңдікті сақтау», «көпвекторлы сақтандыру» стратегиясын ұстанып келеді, бұл – прагматикалық әрі тиімді жол. Қазақстан өтпелі хаб ретіндегі рөлін пайдаланып, АҚШ, Қытай, Ресей, ЕО және Жапония сияқты ірі державалармен барынша тиімді ынтымақ орнатуға ұмтылады. Бірақ шиеленіс тереңдеген жағдайда бұл стратегияны жүргізу қиындай түсуі мүмкін.
– Алдағы уақытта сауда соғысы қалай өрбуі мүмкін? Оның Қазақстанға әсерін болжауға бола ма?
– Бірінші сценарий бойынша Қазақстан хаб ретіндегі құндылығын арттырады, бірақ сонымен қатар экономикалық тәуелділік те артуы мүмкін. Екінші сценарий – «қырғи-қабақ соғыстың» жаңа форматы. Бұл Қазақстан үшін ең жағымсыз нұсқа болуы мүмкін. Мұндай кезде тепе-теңдік сақтау қиынға соғады. Үшінші сценарий – аймақтандыру мен көпполярлылық. Бұл Қазақстан үшін барынша қолайлы. Аймақтағы жетекші держава және Еуразия хабы ретінде рөлін нығайтып алуға мүмкіндік.
– Қазақстандық саясаткерлер мен экономистерге қандай кеңес бересіз?
– Біріншіден, көпбағытты көлік дәліздерін дамытуға мән беру керек. Екіншіден, стратегиялық ресурстар экспортын арттыру арқылы жаһандық жеткізу тізбегіндегі орны мен маңызын күшейту қажет. Үшіншіден, аймақтық интеграцияны ілгерілетіп, Орталық Азия ынтымақтастығын нығайту маңызды. Сонымен қатар көпвекторлы дипломатия мен көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуды естен шығармаған жөн.