26 сентября 2025 г. 11:13

Бір жылға 315 млрд теңге. Сегіз айда 912 медаль алу НЕГЕ жетістік емес?

Фото: Коллаж NEGE

Биылғы маусымда Қазақстан әлемдік спорт аренасындағы беделін тәп-тәуір нығайтып алды. Мәселен биылғы жылдың алғашқы сегіз айында отандық спортшылар 912 медаль жеңіп алды: 351 – алтын, 270 – күміс, 291 – қола.

Қолда бар деректерді саралап көрсек, отандастарымыз командалық спорт түрінен де маңызды жетістіктерге қол жеткізіпті. Айталық, Алматының «Қайрат» футбол клубы шотландиялық «Селтикті» жеңіп, алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты. Ал футзалдан «Қайрат» командасы УЕФА Чемпиондар лигасының күміс жүлдегері атанды. Ливерпульде өткен халықаралық додада былғары қолғап шеберлері жеті бірдей алтын медаль еншілеп, ұлттық спорттың абыройын асқақтатты.

2020 жылғы Токио Олимпиадасынан кейін Қазақстан спортында тоқырау байқалған. Сол жылдары ел қоржынына бірде-бір алтын медаль түспесе, 2024 жылы Париж Олимпиадасынан жалғыз алтынмен оралдық. Бұл көрсеткіштер спортшылардың жеке жетістігінен бөлек, саланы түбегейлі реформалап, жүйелі даму жоспарына негізделген нақты стратегия қажет екенін айқын көрсетті. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі жағдай – спорт саласын қамшылап, батыл өзгерістерге кірісетін шешуші кезең. Ал Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, спорт саласына бөлінген инвестиция бір жылда екі есеге артып, өткен жылы 315 миллиард теңгеге жеткен. 

Ақшаны көбейткеннен нәтиже бар ма? Бұл туралы мамандар не дейді? NEGE тілшісі спорт сарапшысы Аслан Қаженовті әңгімеге тартты.

Аслан ҚАЖЕНОВ, спорт сарапшысы:

Бұл – тұтас ұлттың бірлескен еңбегінің нәтижесі

Фото: Ғаламтордан

– Спортшыларымыздың соңғы айлардағы жетістігін мемлекеттің спортқа бөлген инвестициясының артуының нәтижесі деп айтуға бола ма?

– Мемлекет соңғы жылда спорттағы басым салаларды анықтап, соған басымдық беріп келеді. Биылғы жыл қазақстандық бокс үшін тарихи кезеңге айналды. Бұған дейін Ташкенттегі әлем чемпионатында жігіттер төрт алтын, Сербияда қыздар үш алтын еншілеген еді. Ливерпульде өткен әлем чемпионатында еліміздің көк туы жеті мәрте көкке көтерілді.

Мемлекет тарапынан спортқа қаржы да, көңіл де бөлініп жатыр. Алайда, спортшыларымыздың бүгінгі жетістіктерін кешенді жұмыстың жемісі деп айтар едім. Мұнда спортшылардың маңдай тері мен қажырлы еңбегі, бапкерлердің жүйелі дайындығы үлкен рөл атқарады.

Англиядағы жарыста сонда оқып, тұрып жатқан жүздеген қазақ жастары жанкүйер ретінде келіп, үлкендер спортшыларға батасын берді. Сондықтан бұл – тек қаржының көбеюі емес, тұтас ұлттың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Осы жетістіктердің негізінде өскелең толқын да моральдық тұрғыда сенімді жұдырықтасып, жаңа биіктерді бағындырады деп сенеміз.

– Өскелең толқын дедіңіз. Болашақ спортшыларды дайындауда балалар академиясы қандай деңгейде жұмыс істеп жатыр?

– Балалар академиясы – болашаққа салынған инвестиция. Бұл өте өзекті мәселе. Қазір кейбір жобалар тек PR үшін, келген басшылық өздерін көрсетіп қалуға жұмыс істейді. Бүгінгі салынған академиялар алдағы 10 жылдан кейін ғана нәтижесін береді. Сол уақыт келгенде, федерация басшылығы да, академия жетекшілері де ауысуы мүмкін. Сондықтан да басшылықтың ешқайсысы бұл дүниеге қызығушылық білдірмейді.

Қазір «Қайрат» академиясы жұмыс істеп тұр. Енді оған бәсекелес ретінде Талғардағы Ұлттық құраманың академиясы қосылғалы жатыр. Алматының өзінде екі мықты орталықтың бәсекеге түсуі саладағы сапаны арттырады. UEFA тарапынан да қаржыландыру жобаларының аясында футбол алаңдары мен 100 мектепке арналып инфрақұрылым салынбақ. Ендігіде қазақ спортының ертеңі үшін кірпіш қалайтын кезең келген сияқты.

Фото: ғаламтордан

Футбол клубтарын жекешелендіру – оң шешім. Бұл бастама соңғы ондаған жылда қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Бұған дейін мемлекет клубтарға миллиардтаған қаржы бөлді. Алайда бұл қаржының жұмсалу тиімділігі төмен болды. Ол қаржы жымқырылды немесе мақсатсыз, тиімсіз жұмсалды. Ал жекешелендіру жауапкершілік жүктейді. Біріншіден, сен бұл ақшаны өзің табуың керек, оны тиімді жұмсап, есеп беруге міндеттісің. Екіншіден, инвестицияның қайтарымы болуы керек. Тек бір ғана футбол үшін стадион салуға, басқа да спорт түрлеріне арналуы тиіс қаржыны футболға бағыттап, жарыста жеңсе – қуанып, жеңілсе – қол сілтейтін заман артта қалды, – деп сөзін қорытындылады Аслан Қаженов.

Қазақ футболының қауқары қандай?

Бүгінде елдегі футбол алаңдарының бірқатары қарқынды түрде жаңғыртылып жатыр. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, республикада 28 негізгі стадион жұмыс істейді. Қызылорда қаласында UEFA стандарттарына сай сыйымдылығы 11 мың орындық «Қызылорда арена» стадионы салынуда. Ақтөбеде 35 мың орындық стадионның құрылысы басталса, Алматыда халықаралық деңгейдегі 35-мың адамға арналған ойын алаңы салынады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, соңғы 7 жылда еліміздегі 18 футбол клубына 200 миллиардтан астам қаржы жұмсалған. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында отандық футбол клубтарына бизнес-индустрия ретінде қарау қажеттігін атап өткен. Бүгінде төрт клуб жекеменшікке өтсе, қалған футбол клубтарын жекешелендіру бойынша жоспар-кесте 1 қазанға дейін дайындалмақ. Инфрақұрылымдағы жаңалықтар көңілге демеу болғанымен, футболдағы жекешелендіру мәселесі мен оның тиімді жүзеге асу барысы қоғамда түрлі пікірлер туындатуда.

Бірқатар сарапшылардың пікірінше, «футбол клубы жекеменшікке өтсе, салаға бөлініп жатқан есебі жоқ ақша азайып, ондағы жауапкершілік күшейеді». Десе де, «футболды бизнеске айналдырамыз деп, бар жауапкершілікті жекенің иығына артып қоюға болмайды» дейді спорт сарапшысы Есей Жеңісұлы.

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ, спорт сарапшысы:

Мемлекет қолдау мен қаржыландыруды тоқтатпауы тиіс

Фото: ғаламтордан

– Жалпы, облыстық бюджеттен бөлінетін қаржының елеулі бөлігі футболға бағытталатынын ескерсек, «нәтиже қайда?» деген заңды сұрақ туындайды. Жазға қарай қабылданған легионерлерді мемлекет ақшасынан қаржыландырмау туралы шешімді өз басым құптаймын. Бүгінде «Қайрат» клубы жекеменшікке өткен болса, «Қызылжар», «Ақтөбе», «Астана» және «Қайсар» клубтарының да жекенің қолына өтетіні белгілі болды. Келесі жылы Қазақстан премьер лигасында 16 команда өнер көрсетсе, соның кемінде жартысы жекешеленеді. Дегенмен, клубтарды жекеге өткізген күннің өзінде мемлекет қолдау мен қаржыландыруды тоқтатпауы тиіс, – деп есептейді сарапшы.

Кейбір деректерге қарағанда, футбол клубтарын жекешелендіру төмендегідей есеппен жүрмек:

«Шахтер» (Қарағанды) футбол клубы Freedom Holding Corp иесі, миллиардер Тимур ТУРЛОВТЫҢ иелігіне өтеді;

«Жеңіс» (Астана) – Kaspi.kz акционері әрі басқарма төрағасы Михаил ЛОМТАДЗЕГЕ беріледі;

«Қызылжар» (Петропавл) – энергетика мен химия өнеркәсібі саласындағы кәсіпкер Сергей КАННЫҢ қарамағына өтпек;

«Қайсар» (Қызылорда) – жергілікті жас кәсіпкер, құрылыс саласының өкілі Исламғали ҚОЗБАҚОВҚА сеніп тапсырылады.

Бұған дейін бюджетке салмақ салып келген бұл салаға Мемлекет басшысының Жолдауда ерекше назар аударуы – көңілге демеу. Футболды коммерциялық бағытқа бұрып, әлемдік тәжірибеге бет алғанымыз – сенім.

Биылғы маусым тарихи жеңістермен, маңызды жетістіктермен және құрылымдық өзгерістермен ерекшеленуде. Десе де, арқаны кеңге салуға болмайды. Алда алматылық «Қайрат» футбол клубы аты аңызға айналған мадридтік «Реалға» қарсы алаңға шығады. Бұл ойын тек футболсүйер қауым үшін ғана емес, жалпы қазақстандық спорт үшін де тарихи сәт болмақ. Сонымен қатар, спортшыларды Милан-2026 қысқы Олимпия ойындары және 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпия ойындары алдында жауапты маусым күтіп тұр.