5 декабря 2019 г. 9:46

11 әйелді өлтірген өзбекстандық кім? (видео)

Фото:

2011-12 жылдары бүгінгі Түркістан, кешегі Оңтүстік Қазақстан облысын дүрліктірген бірнеше қылмыс жасалды. Тек әйел адамдарды тұзағына түсірген қаскөйлердің әрекеті жұрттың үрейін ұшырды. Алдымен 2011 жылдың желтоқсан айында Алматы – Сарығаш бағытына жолаушылап шығып, із-түзсіз кеткен Тишкунованың денесі Алматы-Термез тас жолының бойынан табылды. Марқұмның зорлық құрбаны болғанын оқиға орнындағы деректер әйгілеп тұр еді.

Арада екі ай ғана уақыт өткен. 2012 жылдың 10 ақпанында тағы да сол Алматы – Термез тас жолының бойынан, Шымкент қаласынан 30 шақырым жерден әйел адамның денесі табылды. Мәйітті тексере келгенде марқұмды әлдебіреулердің ұрып-соғып, аяқ-қолын байлағаны және жіңішке жіп тәрізді затпен қылқындырып өлтіргені анықталды.

Оңтүстік жұртын дүр сілкіндірген сұмдық мұнымен біткен жоқ. Ел ес жиып үлгермей жатып, ертесіне – ақпанның 11-і күні кезекті қылмыс жасалды. Оқиға құрбаны – тағы да әйел адам. Серікбаеваға да белгісіз біреулер күре жолдың бойында күш көрсетіп, өлтіріп кеткен. 

Иә, барлық қылмыстарды бір ұйымдасқан топтың істегені анық болатын. Бірақ олар кімдер? Неге қолға түспейді? Қарапайым жұртшылықты осы сұрақ мазалай бастады. Себебі бірінен кейін бірі болған қанды оқиғалар ел-жұрттың әбден зәресін алған еді. Әсіресе, әйел адамдар жолаушы жүруге жүрексінетін жағдайға жеткен. Түркістан облысының полицейлері аяғынан тік тұрғанымен қылмыскерлерді қолға түсіре алмады. Ықтимал күдіктілердің ешбірінің де бұл қылмысқа қатысы жоқ болып шықты. Міне, осы аралықта тағы да қан төгілді. Тура 7 наурыз, яғни әйелдер мерекесіне бір күн қалғанда жас келіншек қарақшылардың қолынан мерт болды. Оны әлдекімдер ұрып-соғып, тонап, соңында өз сөмкесінің бауымен буындырып өлтірген.

II

Жергілікті күдіктілердің бәрі тексерілген соң, полицейлер күмәнді адамды енді басқа облыстан келгендер мен шетелдіктердің арасынан іздеуге мәжбүр болған. Осы арада Бердалиев есімді азамат назарға ілігеді. Ол туралы жедел ақпарат жинаған кезде, күдіктіні көрші Өзбекстанның құқық қорғаушылары қарақшылық қылмыстары үшін көптен бері іздеп жүргені анықталады. Ал Өзбекстанның бас прокуратурасы Қазақстандық әріптестеріне Полатбай Бердалиевті дереу ұстау жөнінде өтініш жолдағаны туралы мәлімет белгілі болғанда, із кесушілерде еш күмән қалмады.

Ал Бердалиев деген кім еді? Полатбай Бердалиев 1986 жылы Ташкент қаласында туған. Өзбекстан республикасының азаматы. Мекен-жайы – Шыршық ауданының Қаратұқым ауылы. 2007 жылы қарақшылық шабуыл жасап, кісі тонағаны үшін Алматы қаласындағы Алмалы аудандық сотының үкімімен 6 жылға сотталған. Ал 2010 жылы Шымкент қаласының Абай аудандық сотының шешімімен шартты түрде мерзімінен 2 жыл 9 ай бұрын босап шыққан.

Қарақшы Бердалиев тәртіп сақшылары өзінің ізіне түскенін мүлде сезбеген тәрізді. Жаңадан үйленген ол қалыңдығын Қазақстанда қыдыртуды жөн көрсе керек. Сөйтіп Астанада бірнеше күн болып, Өзбекстанға қайтар жолда Таразға соғады. Бұл оның бостандықтағы соңғы сапары болды. Аса қауіпті қылмыскер Полатбай Бердалиев Тараз қаласында қолға түсті.

III

Бұл – қанішер Бердалиевтің ұсталғаннан кейін денсаулығы сыр беріп, арнайы емдеу мекемесінде жатқан сәті. Тергеушілерді ең алдымен қылмыстық топтың неліктен қанқұйлы әрекетке барғаны қызықтырған секілді. Тергеуші мен қылмыскер арасындағы диалог былай өрбиді:

– Үш мақсатыңыз болған: тонау, зорлау және өлтіру. Осы үш себептің қайсысы басты болған? Немесе одан басқа себеп бар ма?

– Жоқ. Басында өлтіретін ойым жоқ еді, кейін үстімнен арыз жазып жібере ме деп өлтіріп қойдым.

– Жоқ, ол түсінікті ғой. Не үшін өлтіргеніңіз бізге түсінікті. Бірақ осы қылмыстарды жасауға қай себеп басты мақсат болып отыр?

– Тонау.

Ең басты мақсаты түсінікті болды. Жол торыған жауыздар әйелдердің әлсіздігін пайдаланып, қалтасындағы азын-аулақ ақшасы мен бағалы әшекейлерін тартып алуды мақсат тұтқан. Сосын  өз қауіпсіздіктері үшін өлтіре берген. Ал үшінші мақсаттың себебін қарақшының қалай түсіндіргенін тыңдап көріңізші:

 

 

Бір сәттік рахат үшін шімірікпестен адам өлтіре берген қарақшылардың қанды жолына қайта үңілейік. Бұлар Қазақстандағы алғашқы қылмысын 2011 жылдың желтоқсан айында жасаған еді. Бердалиевтің айтуынша, алдымен топ мүшелері Шымкент қаласындағы теміржол вокзалына келеді. Тишкунованың жалғыз екенін байқап, такси ретінде оны жеткізіп салуды ұсынған. Көңіліне еш күдік алмаған азаматша бұған келіседі. Алайда автокөлік күре жолдың бойында қиыс бұрылған. Жәбірленуші жандәрмен қарсыласқанымен бәрі кеш еді. Үш қылмыскер жалғыз әйелді тырп еткізбейді. Оңашада білгендерін істеп, зорлайды. Сосын жәбірленушіні аяқ киімінің бауымен буындырып өлтіріп, далаға тастап кеткен.

IV

Бердалиев қылмысын тегіс мойындады. Дегенмен оның Өзбекстанда ұсталған сыбайласы Абдусеит Орманов бар бәлені Бердалиевке жауып, өзін сүттен ақ, судан таза көрсетуге тырысты. Дегенмен оның өтірігі өзбекстандық тергеушіге өткен жоқ. Өйткені олар Бердалиев пен Ормановтың бір сыныпта оқыған жақын достар екенін, ұзақ уақыт бойы «Қойлық» базарында сауда-саттық жасағандарын, яғни ым-жымдары бір екенін өте жақсы білетін. Дәл осы қылмыстық топ Ташкент маңында асқан қатігездікпен 7 әйелді өлтіріп, ұзақ уақыт бойы қолға түспей келген еді.  Тіпті іздерін жасыру үшін марқұмдардың бірінің мәйітін өртеп жібергені өзбек жұртының жағасын ұстатқан. Сондықтан тергеуші Абдусеит Ормановтың әртістік қабілетіне бірден шектеу қойды.

Қылмыскерлер тура әйелдер мерекесі қарсаңында қазақстандық келіншекті  қалай өлтірді? Тергеу деректеріне қарағанда, жәбірленуші күре жолдың бойында жалғыз өзі такси тоқтатып тұрса керек. «Іздегенге сұраған» дегендей бұлар бірден тоқтайды. Сценарий бұрынғы. Көлік сәлден кейін басқа бағытқа бұрылады. Қаскөйлер қарсыласқан азаматшаны аямай соққыға жығады. Сосын 45 мың теңге ақшасы мен мобильді телефонын және құны 385 мың теңге тұратын алтын бұйымдарын тартып алады. Соңында сөмкесінің бауымен буындырып өлтіріп, оқиға орнынан із суытады. Алайда алдыңғы үш қылмысты мойындаған Бердалиев мұны мойнына алғысы келмеген. Оған дәлел бар болып шықты. Қаскөйлердің кеден бекетінен ары-бері өткен сәті тексерілгенде, бұлар қанды оқиғадан екі сағат бұрын бері өтіп, оқиғадан бір жарым сағаттан кейін кері оралған болып шықты.

Қылмыскерлердің қолға түспей жүруінің тағы бір себебі бар. Бұлар өз құрбандарынан тартып алған заттарды, мәселен Тишкунованың ноутбугі мен әшекей бұйымдарын, Дәулетбаеваның екі алтын жүзігін, Серікбаева мен Әкімбаеваның мобильді телефондарын және алтын бұйымдарын тек Өзбекстанда ғана саудалаған. Онда да іздеу-сұрауы болмайтын қара базарда болмашы тиын-тебенге өткізіп жіберген.

Қос бірдей елді шулатып, 11 қыз-келіншектің өмірін қиған Бердалиев 2013 жылы Қазақстанда сотталды. Оның қанқұйлы ісін алқабилер соты қарап, ең ауыр жаза түрін тағайындады. Яғни, өмір бойына бас бостандығынан айырды.

Бір өкініштісі, кейбір қылмыстарға қатысқан Өзбекстанның тағы екі азаматы тергеу кезінде сол күйі нақтыланбаған немесе қолға түспей кеткен. Бірақ қылмыстық топтың басты ұйымдастырушысы Полатбай Бердалиев пен Абдусеит Орманов болғаны анық. Екіншісі де Өзбекстанда өмір бойына сотталды. Бала күнінен бірге өскен достар енді ешқашан кездесе алмайды. Өйткені екеуінің маңдайына өмірлерінің соңына дейін екі елдің түрмесінде отыру жазылған екен.

Сансызбай Нұрбаба

Тегтер: