Келімбетов НЕГЕ асықпайды? АСПиРдің сылбыр қимылы экономикамызға қауіп төндіре бастады

28 апреля, 14:20

Фото: Nege.kz

Тез арада реформалар жасап, экономиканы тығырықтан шығару үшін құрылған Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі (АСПиР) жарты жылда ештеңе бітірмеді. Кандидаттармен жүздесу бойынша хабарландыруларына қарағанда, әлі штаттық құрамын да толық жасақтамаған.

Бір қызығы, АСПиР-дің 2020-2024 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында нақты қандай реформаның жасалатыны туралы ақпарат жоқ. Жалпы қызметі ортақ сөздермен сипатталады және ешқандай KPI қойылмаған. Мысалы, агенттік өз жұмысын 3 бағытқа бөледі. Ол – стратегиялық жоспарлау саласын жетілдіру, елдің бәсекеге қабілеттілігі мен халықтың әл-ауқатының өсуіне бағытталған жүйелі реформалар мен бастамаларды әзірлеу, статистикалық қызметті жетілдіру. Бізге агенттіктің жүйелі реформалар мен бастамаларды әзірлеу бойынша жұмысы қызық болып тұр. Әзірге АСПиР тарапынан нақты осы бағыт бойынша қандай жұмыс атқарылғаны туралы есеп жоқ.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінің 2020-2024 жылдарға арналған Стратегиялық жоспары. Дереккөз: gov.kz

АСПиР-дің стратегиялық жоспарына үңілсек, «Институционалдық реформаларды жүзеге асыру тәсілдері жетілдіріліп, жекелеген институционалдық реформалар бойынша халықаралық тәжірибе зерделенетін болады. Реформаларды жүзеге асыру тәсілдеріне әзірленген ұсыныстар заңның үстемдігін, шешімдерді қабылдау процестерінің ашықтығын және әрбір азамат үшін тең жағдайларды, сондай-ақ өмір сүрудің әртүрлі салаларында сервистік модельге көшуді қамтамасыз етуге бағытталатын болады», – деп жазылған.

«Технологиялар мен автоматтандыру басым рөлді атқаратын цифрландыру дәуірінде технологияларды пайдалануды ынталандыру қажет. Бұл мемлекеттің сервистік модельге көшуін жеделдетеді, онда бұрыш билігінде азамат тұратын болады. Жаңа тәсілдер ел институттарын дамыту парадигмасын бұзып, олардың тиімділігі мен ашықтығын арттыру жолымен халықтың оларға деген сенімін арттыруы тиіс»

Агенттік жоспарында «анау да керек, мынау да қажет» деп жазады. Бірақ суы көп, сөлі аз құжатта АСПиР-дің нақты жұмысы, SMART міндеттері мен белгілі бір мерзімге байланған KPI көрсеткіштері жоқ. Басқа мемлекеттік органдарға көрсеткіштер бекітуі тиіс мекеме өзіне нақты міндеттер қоюға дауаламай отырған сияқты.

«АСПиР экономика құрылымын өзгертуге қаншалықты қабілетті? Естеріңізде болса, біз бір рет әрекет етіп көрген болатынбыз. Ол – 2000 жылдары жасалған мемлекеттік капитализм идеологиясы, квазимемлекеттік сектордың дамуы. Ол кезде ақша да, бостандық та көп болды», – дейді мәселені Nege.kz шолушысымен бірге талқылаған «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов.

Оның айтуынша, 2000 жылдары біздің инвестициялық климатымыз әлдеқайда жақсырақ болатын. «Негізгі капиталға салынған инвестициялар жалпы ішкі өнімнің шамамен 30%-ын құрады. Қазір көрсеткіш шамамен екі есе төмен. Елдегі инвестициялық ахуал осындай болып отыр».

«Менің ойымша АСПиР ештеңені өзгерте алмайды. Біздің меншік құрылымымыз басқаша. Бізде олигархтар капитализмі орнаған. Ондай капитализм өзгерістерді жақтырмайды. Олар монополияға әуес және қызметкерлерінің көзінде от жоқ. Жағдайды өзгерту үшін жанып тұрған кәсіпкерлер керек, олар жаңашыл болуы қажет. Бірақ оған сондай орта керек. Ал қазіргі іс-қимылдар кезекті имитация ғана»

«АСПиР тым баяу қимылдауда», – деп қоштады GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халық. «Құзыреттілігі жағынан бұл органның ықпалы мен дәрежесі бар. Тікелей президентке бағынатын агенттік болғандықтан, экономикада өзгерістер жасай алады. Бірақ қазіргі реформалар ісіндегі шабандығынан уақыт жоғалтып жатыр деп ойлаймын».

«Екінші мәселесі бар. Статистика комитеті бұрын Ұлттық экономика министрлігінің қарамағында болған. Қазір АСПиР құзырына өтті. Осы жерде АСПиР үшін өте маңызды дүниенің бірі – статистиканы барынша шынайы қылу.  Қазіргі шынайы жағдайды анықтап алмай, АСПиР үшін стратегиялық қадамдар, бағдарламалар жасау бекер болады деп ойлаймын»

Мақсат Халықтың пікірінше, экономикадағы үлкен проблеманың бірі – оның шикізаттық бағытында. «Біз минералды ресурстар мен металлдың әлемдік бағаларына қатты тәуелдіміз. Осы құрылымды өзгертіп, өндіріске, инновациялық экономикаға, баламалы жасыл энергетикаға көшу жолдарын қарастыру қажет».

Nege.kz есебінше, АСПиР мемлекеттік жоспарлауды дамытудан бұрын қазіргі жүйені түбегейлі бұзып, экономиканы нарықтық рельстерге бағыттайтын қызмет атқарса ғана қомақты пайдасын тигізе алады. Ал бір құжаттың күшін жойып, екінші құжаттың атын ауыстыру нәтижесінде ешқандай өзгеріс болмайтынын сарапшы тұрмақ студент те түсініп отыр.

Қарапайым тілмен айтсақ, АСПиР құжатты емес, сананы өзгертуі тиіс еді. Ал Қайрат Нематұлы басқарып отырған жаңа мекеме өзі күресуі тиіс мемлекеттік бюрократия теңізіне батып бара жатқан сияқты...

#аспир #келімбетов #реформа
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации