23 Қыркүйек 14:59

Ақтауда 15 жастағы жеткіншек әйелді көлікпен 3 мәрте басып өткен

Фото:

Ақтауда 58 жастағы қала тұрғынын 15 жасар жеткіншек көлігімен үш рет басып өткен.

Алматы, NEGE. Жеткіншек мас күйінде көлік жүргізген, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Департаменттің хабарлауынша, қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. «Аталған факті бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның нәтижесі бойынша әйелдің денсаулығына ауыр зиян келген. ҚР ҚК 345-бабы 2-бөлігі, сондай-ақ ҚР ҚК 349-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - деді департаменттің баспасөз қызметі.

Оқиға 18 шілде сағат 23:30 шамасында 9-шағынаудандағы 18-үйдің жанында болған. Кәмелет жасына толмаған бала «Volkswagen Jetta» маркалы автокөлігімен 58 жастағы әйелді қағып кеткен. Қайғылы оқиға жайында жәбірленушінің қызы Джульетта Джамиева айтып берді. Оның сөзінше, анасын жас бала көлікпен үш рет басып, көліктің астында қалдырған. Жәбірленушінің 5 қабырғасы сынып, өкпесі тесіліп, аяқ сіңірлері үзіліп кеткен.

«Жүргізуші алғашында қашып кеткенімен, кейін оны құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұстады. Оны алып келіп, анасы кешірім сұра дегенде, жасөспірімнен алкогольдің исі аңқып тұрды. Менің анам оған көлікті дұрыс жүргізбегені үшін ескерту жасағанын, өйткені аулада өзге де көліктердің көп болғанын айтты. Анамның ескертуіне ашуланған жеткіншек оны көлікпен қағып өтіп, жерге жығып, одан кейін, көлікті артқа қарай жүргізіп, анамды тағы бір рет басып өтіп, алға қарай жылжыған, сосын жерде жатқан анамның үстіне көлікті қойған. Анама сол сәтте жақын маңда жүрген жігіт көмектесіп, жасөспірімді көліктен шығарып, машинаның астынан анамды алып шыққан. Мен мұндай қылмыс жасаған жасөспірімнің әрекетін қалай атауға болатынын білмеймін. Алайда, осы жасөспірімнің жасаған қылмысы әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қаралмауы тиіс. Ол тиісті жазасын алуы керек», - дейді Джульетта Джамиева.

Жәбірленушінің қызы кәмелет жасына толмаған жасөспірімге көлік жүргізуге рұқсат бергендерді де жауапқа таруды сұрады.

«Бұл - қасақана жасалған іс. Ол менің анамды көре тұра әдейі басып өтті. Содан қайта кері жүрді. Онымен қоймай, қайтадан алға басты. Осылайша бір емес, үш рет басып өтті. Менің анамды бүгін алғаш рет тергеуге шақырды. Анама күрделі операциялар жасау керек. Мен айыпты баланың материалдық және моральдық шығынымызды өтеуін талап етемін. 15 жасар жасөспірім екенін білемін, бірақ ол бәрін біле тұра істегендіктен жазасыз қалмауы тиіс», - деді ол.

Тегтер: