Жұмысшының жұдырығы неге жұмулы?
Қазақтың батысы, соның ішінде, мұнай өндірісі дүркін-дүркін дүрлігіп жатыр. Бір қызығы – ол туралы бірер ғана тәуелсіз БАҚ пен әлеуметтік желілер ашық айтып жатыр. Билік болса, жұмған аузын ашпайды, бюрократиялық басын құмға тыққан түйеқұс секілді түк болмағансиды, ешбір түсініктеме бермейді.
Онысы да «түсінікті». Өйткені, ондай ақпарат ресми идеологияның қоғамның тұрақтылығы туралы тезисіне томпақ келеді. Және де ол хабар жоғары жаққа жетсе, біреулердің басы кетуі мүмкін.
Бірақ, бұл жерде «бас жарылса – бөрік ішінде» принципі ойнамай қалады. Біз, қоғам, олай істей алмаймыз: ауруын жасырған арам өледі!
Әрине, ереуілге ұласқан наразылықтың басты себебі баршаға аян: жығылғанға жұдырық демекші, созылмалы дағдарысқа пандемия қосылды да, елдің еңсесін басып, жұрттың жүйкесін жұқартып жіберді. Азық-түлік бағасы болса, шарықтап барады. Әсіресе, ауыл шаруашылығы кенжелеген батыс өңірі үшін бұл өте-мөте өзекті мәселе. Кеше орташа боп саналған табыс бүгінде кедейдің қара наны мен қара суы іспеттес. Сондықтан да ыңыршығы айналып, күнін көре алмай отырған, ашыққан да ашынған мұнайшылар жалақыны көтеруді талап етуде. Қазіргі, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілейін деп жатқан жағдайда ол заңды да. Халыққа тиесілі пайдалы қазбалардың арқасында байып жатқан, шетелдерде қыруар қаржыға виллалар сатып алып, ақшаны оңды-солды шашып, сайрандап жүрген мұнай мен газ олигархтарының тірлігін көріп жатқан мұнайшылардың бұл талабы орынсыз деп кім айта алады?!
Осы орайда мемлекеттің тікелей қатысы бар мұнай мен газ компанияларына ұлттық деңгейдегі қаржылық аудит қажет екенін баса айтқым келеді. Баршаға белгілі себептермен отыз жыл бойына дәл осы салаға бақылау органдарының тісі батпай келді. Мүмкін, екінші президент отыз жыл бойына тазаланбаған Авгий атқорасын тазартып, қалыптасқан жағдайды өзгерте алар?
Сонымен бірге еңбек ереуілдерінің осыншама асқынып, тұрақты сипат алуының басқа да себептері бар.
Біріншіден, бізде «еститін мемлекет» принципінің аты болғанмен, заты жоқ! Әйтпесе, сол ұжымдар қазіргі коммуникациялық мүмкіндіктерді пайдаланып, өз талаптарын президентке де, үкіметке де Интернет арқылы айқайлап жолдап жатқан жоқ па? Тиісті жауаптар қайда?! Әлде президент тек мемлекеттік БАҚ материалдарын ғана оқи ма? Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, осы жылдың алты айында республика бойынша 50-ден астам үлкенді-кішілі еңбек дауы орын алыпты. Әрине, оның бәрі жария түрде өтіп жатқан жоқ. Бірақ, мәселе дер кезінде шешілмесе, бітеу жара ерте ме, кеш пе, жарылады емес пе?!
Екіншіден, біздегі еңбек заңнамасы жұмыскердің емес, жұмыс берушінің жағына шығып ап, соның ғана сойылын соғып жатыр! Яғни, өкілеттік пен құқықтық мүмкіндіктердің дені – қожайын не басшының құзырында. Олардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Жұмысшы, жұмыскер, қызметкер, жалданушы, аутсорсингтегі маман, бір сөзбен айтқанда, біреудің қолынан жалақы алатындарды бәрі – құлақ кесті құл демей-ақ қояйын (оным артықтау болар), байшыкешке не бастыққа басы байлаулы батырақ іспеттес! Жұмысқа алу мен жұмыстан шығарудың жаңаша шарттарының өзі не тұрады?! Заңның осы тұстары баяғыдан-ақ жеке адамдар мен тұтас еңбек ұжымдарының наразылығын тудырып келеді. Заңда бейбіт түрде ереуілге шығуына мүмкіндік беру де қарастырылуы керек!
Осы себеп үшінші себептің... себебі боп тұр. Яғни, наразылық танытқан еңбек ұжымдары, ең алдымен, өздерінің еңбек құқын қорғауға келгенде мүлдем шарасыз, сондықтан ереуілден басқа амалын таба алмай отыр. Әйтпесе, кез келген компанияда болып тұратын түйткілдерді тиісті келіссөздер арқылы, өзара келісіп, көшеге шықпай-ақ шешуге болар еді емес пе?!
Батыс өңірдегі ереуілдер. Фото әлеуметтік желілерден алынды
Төртінші себептің қоғамдық-саяси сипаты бар. Еңбек ұжымы мен жұмыс берушінің арасында белгілі бір мүдде қайшылығы орын алса, ара ағайын болып, еңбеккерлердің құқын қорғап, екі жақты мәмілеге келтіретін бірден бір ұйым кәсіподақ емес пе еді? Кезінде, 1868 жылдың өзінде-ақ Англияда пайда болған тред-юниондар ұйымдарынан бастау алған кәсіподақтар бүгінгі Қазақстанда жұмыс берушіге тәуелді штрейхбрекерлік күшке айналып кетті. Ащы шындық сол! Және де еңбек заңнамасы бойынша олардың өкілеттіктері мейлінше шектелген. Мәселен, осы ереуілдер кезінде неге олардың үні шықпай қалды?
-
Тақырыпқа орай: «Салпаңқұлақтың» созылмалы сырқаты
Бір қызығы, байқап қарасам, кей сарапшылар осы еңбек дауларының себептерін басқа-басқа емес... психология жағына бұрып жатыр екен. Яғни, бұрын вахтада 15-30 күн болғанда пандемиялық карантин талаптарына сай 90 күн бойына үзіліссіз жқмыс істеп, содан моральдық жағынан шаршайды екен-мыс, содан осылайша мінез танытып жатыр-мыс. Бұл күмәнді де күдікті комментарийлерді маңызды әлеуметтік тақырыпты басқа жаққа бұрып әкетудің амалы деп санаймын!
Билікке де бір ұсынысым бар. Ертеңгі күні, өз құқын қорғауға шыққан жұмысшыларды ақай жоқ, ноқай жоқ даттап, қаралап: «Осының бәрі сырттағы немесе іштегі оппозицияның астыртын әрекеті!» деп байбалам салудың керегі жоқ! Бұл – маңдай терімен, адал еңбегімен нәпақа тауып жүрген еңбекшілердің өз таңдауы. Әйтпесе, әлеуметтік талаптар саяси талаптарға ұласып кетуі әбден мүмкін!
Осы орайда еске түскені. 2011 жылы таза экономикалық талаптарын жариялап, Жаңаөзен мұнайшылары жеті ай бойына алаңда, жел өтінде қасқайып тұрды. Трагедиядан екі ай бұрын біз, демократиялық күштер өкілдері, сол жаққа бардық. Алаңда тұрған мұнайшылар мен мұнай компаниясының басшыларын, қала әкімін мәмілеге келуге шақырдық. Обалына не керек, олар келді. Ел алдына өзім шығып: «Міне, қала әкімінің ғимараты тұр. Сонда үш жақ бас қоссын! Мұнайшылар арасынан оншақты адам сайлаңыздар, келіссөзге барсын!», – деп айтқанмын. Алаңдағы мұнайшылар ұсынысымызды құп көрді. Өз орталарынан делегация сайлады. Сөйтіп, әкімдік ғимаратында келіссөз басталып кетті.
Сол кезде алаңда жүрген кейбір радикал қоғам белсенділері бізге: «Келіссөздің не керегі бар? Алаңда тұра берсін мұнайшылар! Сендер билікке сатылғансыңдар! Соның сөзін сөйлеп отырсыңдар!», – деп дүрсе қойған-ды. Түсінбедім, сонда оларға не керек болды? Үшжақты келіссөз үстелінде отырып, мұнайшылар өз талаптарын бейбіт түрде жеткізіп жатса, оның не айыбы бар еді?!
Ал оның арты не болғанын өздеріңіз де білесіздер...
Айтпақшы, биліктегілердің тарих оқулықтарын қайталап оқып шыққаны артық болмас. Кезінде жұмысшы табы – пролетариатты абсолюттік деңгейге көтергісі келген «Маркс-Энгельс-Ленин» дегендердің еңбектерін тағы да бір шолып шықса деймін.
Онда шынжырынан басқа жоғалтатын ешнәрсесі жоқ жұмысшы табы ұйымдасса, қандай ықпалды күшке айналатыны, кез келген режимді оп-оңай төңкере салатыны туралы жап-жақсы жазылған...