«Бәлен жерде бақыр бар...» – Білімді жастардың жаппай шетелге кетуін қалай тоқтатамыз?
Бай-бақуатты өмір іздеп шетелге көшу бүгінде жастар үшін қалыпты жағдайға айналған. Білімді жастар НЕГЕ елде қалғысы келмейді? Неліктен шетелде тұрғысы келеді? Жастардың бойында патриоттық сезім бар ма? NEGE тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылы 9148 адам басқа елге қоныс аударған. Ал биылғы жыл аяқталмаса да, 2024 жылы көшкендер саны – 7799. Көбіне қоныс аударатын елдер: Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Аустралия, Испания және Франция мен Германия.
«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?!»
Білімді азаматтардың, жастардың жаппай шетелге қоныс аударуын орыстар «утечка мозгов» деп атайды. «Утечка мозгов» процесінің қалыптасуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, елде жалақы мөлшерінің аздығы. Шетелде кез келген адамның еңбегі бағаланады. Мейлі, еден жуушы болсын, қоқыс тазалаушы болсын, мықты экономист болсын, еңбегі бағалы. Тіпті, үйсіз-күйсіз «бомждарға» да ай сайын мемлекеттен қомақты жәрдемақы түседі.
Мысалы, Қазақстандағы орташа жалақы мөлшері 382 279 теңге болса, АҚШ-та 3 921 доллар, теңгеге шаққанда 1 млн 873 мың тенге. Біздің орташа жалақы мөлшерінен 4-5 есе жоғары. Екінші себеп – елді жайлаған жемқорлық. Қазақстанда аға-көкенің, таныс-тамырлары бар адамдардың алда тұратыны құпия емес. Мықты маман солардың көлеңкесінде жүреді, сосын жүйеден көңілі қалады.
Үшіншіден, шетелде қалауыңша өмір сүруге болады. «Қызға қырық үйден тыйым», «ұят болады», «үйлен», «тұрмысқа шық» демейді ешкім. Бір сөзбен айтқанда, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Төртінші бір себеп – кейбір білімді жастардың біздің қоғамдағы көпшілікке түсініксіз таңдауы, яғни ЛГБТ өкілі болуы.
«Жүйені өзгертпек болған талай жастың маңдайы тасқа тиген»
Мәселенің мән-жайын аша түсу үшін АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында қызмет етіп жатқан Аяжан Мұратбекпен сұхбаттастық.
– Неге АҚШ- та тұрғың келді?
– Бакалавр деңгейіндегі білімді Қазақстандағы Suleyman Demirel университетінде алдым. Бұл оқу орнын таңдағаныма өкінбеймін. СДУ-да жемқорлық жоқ деп сенімді айта аламын. Кемшіліктер бар шығар, бірақ өз тәжірбием мен университетте өткізген 4 жылым жақсы өтті. Сұрақтың бағыты басқа болғандықтан, университетке көп тоқталмайын. СДУ-ды атаған себебім, Қазақстандағы жоғары білім сапасы мүлде төмен деуге болмайды. Бакалаврдан кейін бірден магистратураға түсу жоспарымда болды. Шетелдік университеттердің бірінде оқығым келді. Шетелде, әсіресе АҚШ-та білім деңгейінің жоғары екенін әу-бастан білгем. АҚШ университетін таңдауымның басты себебі осы. Мен таңдаған бағдарламаның сабақтар кестесі жан-жақты тақырыптарды қамтиды. Зерттеумен айналысатын профессорлардың жұмысы маған қатты ұнады.
Оқу орнының маған толық грант бөлгені де таңдауыма тікелей әсерін тигізді. Бөлінген грант – қайтарымсыз, яғни оқуды аяқтаған соң өз жоспарым бойынша шешім қабылдай аламын. Бұл да бөлінген бюджеттің дұрыс пайдаланылғанын білдіреді. Осы үшін АҚШ-ты таңдадым.
Магистратураны аяқтап, бір жылдан бері Стэнфорд университетінде зерттеуші болып жұмыс атқарып жатырмын. Стэнфордтың мүшесі ретінде маған барлық кітапханалар, орталықтар, музей, зертхана, аурухана, тағы да көптеген жерлерге кіре аламын.
– АҚШ-та студенттерді оқыту жүйесінің ерекшелігі қандай?
– Бірінші ерекшелігі – бағдарламаның үнемі жаңарып тұруы және қажетсіз сабақтарды күштеп оқытпау. Әр студент сабақты өзі таңдай алады, қызығушылығына байланысты басқа департаменттерден де сабақ алуға мүмкіндік бар. Профессорлар сабаққа ерекше дайындалып келеді. Оқу барысында әртүрлі әдістер қолданылады. Сала-құлаш лекция оқылмайды, ішің пысатын сабақтар болмайды. Сабақтың басым бөлігі студенттердің қатысуына негізделген. Сондай-ақ, маған мұндағы кәсіби мәдениет қатты ұнады. Ұстаз студентті әріптесі ретінде көреді, еркін сөйлесіп, бірге отырып мақала жазады. Студенттердің құқығы қорғалған.
АҚШ-тағы білімнің тиімділігін көп мемлекеттер мойындаған, оның ішінде Қазақстан да бар. «Болашақ» – өте тиімді бағдарлама. Қазір «болашақтықтарға» шетелде оқуын аяқтағаннан соң сол жерде шектеулі уақытқа қалып, тәжірибе алу үшін жұмыс істеуіне мүмкіндік жасайды. Менің ойымша, бұл өте дұрыс шешім. Алған біліміңді теория жүзінде ғана емес, практикалық тұрғыда қолданып, басқа ортамен тәжірбие алмасу әр салада өте маңызды.
– Жастардың шетелде білім алып, солардың біразы жоғары жалақы мен жақсы өмір сүру үшін сонда қалып қояды. Бұған қалай қарайсың?
– Менің ойымша, оның ең негізгі себебі – мемлекеттің жас мамандарға дұрыс жағдай жасамауында. Жұмыс орындарының тапшылығы, тіпті болғанның өзінде маманның дамуына толық мүмкіндік бермейді. Шетелде білім алып, үлкен тәріжибемен елге келіп, «жүйенің өзгеруіне көмектесемін» деп келген талай жастың маңдайы тасқа тиген. Мұның ең негізгі себебі жемқорлық деп ойлаймын. Экономиканы дағдарысқа ұшырататын да – жемқорлық. Егер елде мамандарға жағдай жасалса, шетелде қалып қойған білікті мамандар қайтып келеді деп ойлаймын. Қазақстанда білімді адамдар аз емес, тек оларға өзгеріс жасауына, дамуына мүмкіндік берілу керек.
– Болашақта Қазақстанға оралғың келе ме?
– Әрине, елге оралғым келеді. Алдымен осында кемі 3 жыл тәжірбие жинамақпын. Докторантураға түсу жоспарда бар, бірақ оған дейін уақытша жұмыс істеймін. Себебі бакалавр мен магистратура дәрежелерін алғанда үзіліссіз оқыдым. Алған білімімді тәжірибе жүзінде қолдана алмадым. Қазіргі жұмысым маған үлкен мүмкіндіктер ашты. Түпкі мақсатым – Алматы қаласында жоғары оқу орнында қызмет атқарып, жастарға білім беру. Мүмкіндік болса саясатқа да араласқым келеді. Елдің дамуына үлес қосу азаматтық борышым деп санаймын және соған нақты қадамдар жасаймын.
«Қазақстанға қайтуым қиын болатын сияқты...»
Ұлыбританиядағы атақты «Google» компаниясында IT маман болып жұмыс істеп жатқан қазақ қызы да пікірін айтты. Бірақ ол аты-жөнін жасырып қалуды жөн көрді.
– Таңдауың неге Ұлыбританияға түсті?
– Ірктеуден өтіп, маған офер бергеннен кейін менде EMEA (Europe, Midle East and Africa) бойынша таңдау болды. Осы елдердің арасында Ұлыбританияның тіліне, салт-дәстүріне, өміріне үйрену оңайырақ болып көрінді. Сонымен қатар, менің университетте бірге оқыған достарым мен таныстарым да осы елде жұмысқа орналасты.
– Мемлекет есебінен шетелде білім алып, бірақ басқа елге қызмет ету дұрыс па?
– Өкінішке қарай, Қазақстанда менің салам бойынша кәсіби түрде өсу мүмкін емес. Стартап бастап, өз компанияңды құрмасаң, басқа мүмкіндіктер шектеулі. Қазақстанда жұмыс істеп көрдім. Ең басты мәселе – жалақы айырмашылығы. Студент кезімде жалақым өзіме ғана жететін, университет бітірген соң ұсынылған жалақы көп өсе қоймады. Ал мұнда тіпті түсіме де кірмеген жалақыны ұсынды.
Осыдан-ақ маманға деген көзқарас пен қарым-қатынасты байқауға болады. Бастапқыда бар болғаны тағылымдамадан өтуші болсам да, жалақым отбасымды Түркияға демалысқа апарғанға жетті. Егер Қазақстандағы компаниялар осындай мүмкіндік жасаса, неге сонда жұмыс істемеске?
– Қазақстанда жақсы жалақы ұсынған компаниялар болды ма?
– Бұрын өзім жұмыс істеген компания кері қайтуды ұсынды. Бірақ шарттары көңілімнен шықпады. Одан кейін ешқандай ұсыныс болмған жоқ. Ұлыбританиядағы басқа компаниялардан ұсыныстар түсіп жатыр..
– «Google» компаниясындағы жұмысың қалай?
– Мұнда әркім өзіне ыңғайлы уақытта жұмысқа келеді. Ешқандай ереже жоқ. Өзім сағат онда жұмысқа келемін. Кешкі жетіде жұмыстан шығамын. Кеңседе ас-суымыз дайын тұрады, барлығы тегін, «тамақ жасау керек» деп уайымдамаймын. Барлық мүмкіндік жасалған. Тегін фитнес сабақтар өткізіледі. Жұмыста массаж жасатуға да болады. Көз шырымын алатын орындар да бар, шаршап тұрсаң, ұйықтап алуға болады.
– Қазақстанға оралғың келмей ме? Елімізге де мықты мамандар керек қой...
– Ол жағын ойлап көрмеппін. Мүмкіндік бар кезде жақсы маман болып қалыптасқым келеді. Қазақстанда мүмкіндіктер аз, әзірге елге қайтпаймын. Оған қоса, материалдық жағынан өмірлік стандарттартым өскендіктен, Қазақстанға қайтып бару қиын болатын сияқты.
Мәселенің шешімі қандай?
Дәл қазір білікті мамандардың жаппай шетелге көшуі – жаһандық мәселе. Қазір Ресей бұл жөнінен бірінші орында тұр. Соңғы жылдары шамамен 10 млн-нан астам мықты маман басқа елге қоныс аударып, басқа мемлекеттің экономикасы үшін қызмет етіп жатыр.
Бұл мәселенің шешімі біреу-ақ, ол – білікті мамандарды бағалау, жалақысын көтеру, дамуына мүмкіндік жасау. Мамандардың шетелге кету үрдісін мүлдем тоқтату мүмкін емес, өйткені бұл табиғи процесс, бірақ мүмкіндік жасау арқылы білікті кадрларды елде ұстап қалуға болады.
Қазақстандағы іргелі жоғарғы оқу орындарының бірі Назарбаев университетінің 1-курс студенттерінен де пікір сұрап көрдік. Бұл туралы Әлихан Рахымжан былай дейді: «Ауылда туып-өсіп, ат мініп, қымыз ішіп өстім. Білім алу үшін шетелге баруға болады, бірақ онда қалып қоймас едім. Оның себебі, еліме қызмет еткім келеді және қазір Қазақстанда да жақсы ақша табуға болады. Өкінішке қарай, біз қатарлы жастардың көбі қазір болашағын Қазақстанмен байланыстырғысы келмейді, шетелде тұрғысы келеді. Мен кетсем, ол кетсе, елде кім қалады?».
НУ-дың тағы бір студенті Мәди Темірханның пікірі мынадай: «Егер шетелде оқуға мүмкіндігім болса, оқу бітірген соң бірнеше жыл сонда тұрып келуге болады. Оқып-тоқып, өзімді дамытып, кейін Қазақстанға келіп, тәжірибеммен бөлісетін едім. Шетелге басыбүтін көшіп кететін ойым жоқ, бірақ көп нәрсе үйреніп келуге болады».
Міне, «шетел көрген» жастар мен ЖОО-на енді түскен елдегі жастардың пікірі осындай. Егер Қазақстанда жүйе өзгермесе, жемқорлық жойылмаса, мамандарға жағдай жасалмаса, білімді жастардың шетелге кеткені – кеткен. Аға буын өкілдері осыдан соң «қазіргі жастарда патриоттық сезім жоқ» деп қалай айта алады? Жастарда патриоттық сезім бар, тек мемлекет оларға барынша мүмкіндік жасауы керек.