7 Маусым 15:32

Жанар Құлиева, мектеп директоры: Мұғалімге ескі форматта жұмыс істеуге жол берілмейді

А.Байтұрсынов атындағы орта мектеп
Фото: жеке мұрағаттан

«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғалы бері ұстаз қауымында ерекше құлшыныс пайда болған. Бұдан өзге «Білімді ұлт» сапалы білім беру», «Жайлы мектеп» ұлттық жобаларының білім сапасын арттыруға қосқан үлесі тағы бар.  

 Осы тұрғыда NEGE тілшісі Алматы облысы, Қарасай ауданындағы Жібек жолы ауылында орналасқан А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп директоры Жанар Шолпанқұлқызы Құлиеваны әңгімеге тартқан еді.

  Жанар Шолпанқұлқызы, «Білімді ұлт» сапалы білім» ұлттық жобасы орта білім беру саласы үшін не берді?

Біздің А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп Алматы облысы, Қарасай ауданы Жібек жолы ауылында орналасқан. 2022 жылдың қараша айынан бастап осы білім ұясының директоры қызметін атқарып келемін. «Білімді ұлт» сапалы білім» ұлттық жобасы аясында биыл облыс әкімдігі тарапынан «Табысты 50 мектеп» жоба іске асуда.

Яғни, әкімдік «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорымен бірге Алматы облысындағы орта білім беру жүйесін дамытудың кешенді жоспары дайындады. Мұндағы мақсат – «Білім-инновация» лицейлерінің 30 жылдық тәжірибесіне сүйене отырып, облыстағы педагогтардың кәсіби біліктілігін арттыру, білім сапасын көтеру. Әсіресе, ауыл мектептерінің білім сапасын көтеруге ерекше көңіл бөлініп отыр.

Бұл жоба біздің мектепке не берді? Бірінші, үлкен мүмкіндік берді. Білім шаңырағы 2003 жылы ашылған, биыл 21-ші оқу жылын табысты аяқтады. Осы жоба аясында мектеп сыныптарына заманауи құрал-жабдықтар алынды. Атап айтқанда, физика, химия, биология кабинеті талапқа сай толық жабдықталды. Екінші, оқушылар білімді теориялық негізде ғана емес, практика жүзінде де шыңдап, тәжірибе арқылы заңдылығын тексеріп көреді. Осы оқу жылында физика, химия, биология, жалпы жаратылыстану бағытындағы пәндерге айтарлықтай басымдық берілді. Тағы бір жетістік – осы жоба нәтижесінде 161 мұғалім жаңа форматта сабақ өткізу бойынша тегін курстан өтті. Бұл ұстаз қауымына жаңа серпіліс, жаңа леп сыйлады деп ойлаймын. Сондай-ақ, «Білім-инновация» лицейінің ұстаздары сабақтарымызға қатысып, тәжірибесімен бөлісіп, менторлық қызмет көрсетті.

Қарасай ауданы
жеке мұрағаттан

Ал еліімзде президенттің тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы жайында не айтасыз?

Биыл Алматы облысы, Қарасай ауданында жаңа форматта, заманауи құралдармен жабдықталған 8 мектептің құрылысы басталғаны туралы айтылды. Одан бөлек келесі жылы тағы екі мектеп салу жоспарда тұрған көрінеді. Бұл білім сапасының артуына септігін тигізеді деп білемін. Біз ауыл мектебі болсақ та, осы оқу жылында STEM кабинет ашып, толық жабдықтадық. Онда оқушылар жобалау, моделдеу сабағын меңгере алады. Сонымен, төрт кабинетте мұғалімдер заманауи форматта сабақ беруге мүмкіндік алды. Бүгінгі таңда тек қана оқулықпен білім беру жеткіліксіз. Оқушы өзі құрастырып, қолмен ұстап көріп, білімін шыңдап ізденсе нәтижеге қол жеткізеді. Жаңартылған кабинеттер, жаңа үлгіде өткізіліп жатқан сабақтар, «Білім-инновация» лицейлерінен алып жатқан іс-тәжірибелер айтарлықтай оң ықпалын тигізуде.

Соңғы жылдары мұғалім мәртебесін көтеру, беделін арттыруға байланысты көп шаруа атқарылды. Соның бірі – «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, ілкімді жобалар жүзеге асып жатыр. Осы жөнінде пікіріңізді білсек...

Негізі өз мектебіміздің тәжірибесі бойынша айтсам, осы оқу жылында бірқатар өзгеріс жасалды. Оның бірі – мұғалімдердің мәдениетін жаңаша үлгіде қалыптастыру. Бұл мәдениетке не жатады? Жаңадан қабылданып жатқан «Педагог мәртебесі туралы» заңы, «Білімді ұлт» сапалы білім» ұлттық жобасы білім саласына айтарлықтай жаңашылдық енгізуді қолға алды. Мұғалім ойын еркін түрде жеткізе алады, ұсынысын ашық айта алады. Бүгінде әр мектеп ашық форматқа көшіп жатыр. Әрине, кейде қиындық та болады. Мектеп басшылары да, мұғалімдер де шындықты мойындағысы келмейтін де шығар. Бірақ ескі форматта жұмыс істеуге жол қалмады. Сондықтан білім саласында енгізілген өзгерістер ең алдымен оқушыны білімді етуге әкеледі. Ол үшін мұғалімнің өзі табысты болуы керек. Жаңартылған бағдарлама бойынша бет бұрған өзгерістер ұстаз қауымына көз мүмкіндік беріп жатыр деп ойлаймын. Заң бізді қорғайды, қолдайды десек те, талап пен міндет деген дүние бар. Бұдан былай ескі көзқараспен еңбек етуге жол берілмейді. Біздің мектеп ұжымы да жаңа үлгіде, жаңаша әдіспен жұмыс істеуге жұмылып отыр. Әр мұғалім өз пәні бойынша білім беруде мәдениет қалыптастырып келеді.

А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп
жеке мұрағаттан

Жастардың мұғалім болуға деген құлшынысы бұрынғыдан да артты ма?

Біздің ұжымда 60-тан астам жас мұғалім бар. Оның 14-і осы білім ұясынан түлеп ұшып, ұстаз болып қайта оралды. Соңғы үш-төрт жылда жоғары оқу орнын тәмамдаған жас мамандардың білімі өте жоғары. Ұстаз болып, оқушылармен жұмыс істеуге деген құлшынысы да қуантады. Әрине, оған ұстаз қауымының жалақысының жылдан жылға артып келетіні де мотивация шығар. Еңбекақы өскен сайын мұғалімге деген жауапкершілік екі есе көбейді. Сондықтан мұғалім болу – оңай қызмет емес. Мектепке жаңадан келген ұстаздың бәрі ерекше қолдауға ие. Жалпы, Қарасай ауданы бойынша жас мамандар бірлестігі бар. Осы оқу жылында жас мамандарға арналған форумдар өтті. Мысал ретінде айтсам, әлі күнге бойын қорқыныш билеген, өзін іздеп жүрген ұстаздар болады. Сол форумға қатысқан жас маман «Ұстаз мамандығына не үшін келдім?», «Маған осы салада жұмыс істеу керек пе?» деген сауалды өзіне қойып жүр екен. Осы шарадан кейін мамандығына деген көзқарасы түбегейлі өзгеріп, «Мектепке не үшін келгенімді енді түсіндім, ұстаздық еңбегімді әрі қарай жалғастыра беремін» деген ұйғарымға келіпті. Сондықтан жас мамандарды қолдап, оларды демеп, көмек көрсетіп жіберсек білікті ұстаз болып қалыптасуына оң ықпал етеміз.

Ұстаз қауымы қағазбастылықтан қаншалықты арылды?

– Оқушыларды күнделікті сабақ барысында белгілеу «Күнделік.кз» электронды журналында жүзеге асады. Бүгінде құжат толтыру электронды форматқа көшіп келеді. Мұғалім сабақ барысында қысқа мерзімді жоспарын электронды түрде де, қағаз жүзінде де жазуына болады. Әр ұстаздың жеке тәжірибесіне байланысты ғой. Сыныпта 24 оқушы болса, әрқайсысына бөлек тапсырма беру керек. Сондай кезде қағазды пайдалануы мүмкін. Сондай-ақ, сабақ тақырыбына сай ChatGPT арқылы дайын материалдар алып, қосымша білім беріп жүр. Сондықтан мұғалім жоғары деңгейде білім беру үшін күнделікті дайындықты талап етеді.

Жанар Шолпанқұлқызы Құлиева
жеке мұрағаттан

Сіздіңше, білімді, білікті ұстаз болу үшін қандай қасиет керек?

Ең бірінші, баланы жақсы көру керек. Педагогика саласында 32 жыл еңбек етіп жүрсем, оның 18 жылында директорлық қызмет атқардым. Осындай тәжірибемнен түйгенім, педагог болу – үлкен миссия. Ұстаздың міндеті – сабағын беріп қойып, айлық алумен шектелмеуі тиіс. Ұстаз болу – болашақты ойлау. Күн сайын ұжымдағы мұғалімдерге «Бүгінгі жұмыста кеткен қателік – ертең мәселе ретінде таяқ боп тиеді» деп айтамын. Сондықтан күнделікті атқарып жатқан жұмыс – ертеңгі еліміздің болашағы. Әр мұғалім Қазақстанның болашақтағы білімді азаматтарын тәрбиелеп жатырмын дегенді ұмытпауы қажет.

Өзіңіз білесіз, бүгінгі ұрпақ ұялы телефонға, гаджеттерге тәуелді. Оқушылар арасында кітап оқу мәдениетін қалай қалыптастыруға болады? Осы тұрғыда мектеп қандай іс-шараларды қолға алып жатыр?

Біздің мектепте кітап оқу бойынша екі жылдан бері «Бәрін таста, кітап оқуды баста» деген жоба жүзеге асып келеді. Сабақ басталмас бұрын оқушылар 20 минуттай кітап оқиды. Кітап оқуды жай шара ретінде өткізбей ертең нәтижесін көру үшін мектепте «Әр сынып тоқсанның соңында қандай кітап оқыды?», «Әр оқушы одан өзіне не алды?» деген қорытынды форум өтеді. Сол сияқты мұғалімдер арасында кітап оқу үрдіске айналған. Әр тоқсанның басында мұғалімдерге жұмысыңа деген жаңа форматтағы көзқарас қалыптастырып, мотивация беретін кітаптардың тізімін жіберемін. Әр бірлестік оқыған кітабы бойынша «Кітап оқығаннан кейін менің әлемім қалай өзгерді?» атты тақырыпта басқосу өткізіп, презентация жасаймыз. Әрине, мұғалім «жұмысымыз көп» десе де, өзін күнделікті дамытып отыруы керек. ХХІ ғасырдың ұстазына қойылатын талап екі есе. Біз білімімізді толықтырып отырмасақ, өмір ағымынан қалып қоямыз. Мектеп директоры ретінде өзіме де қоятын талабым – кітап оқу және мұны ұжымнан да талап етемін.

Қарасай ауданы
жеке мұрағаттан

Мектеп оқушыларының жетістігі мен бағындырған белесі жайында аз-кем тоқталсаңыз.

Жақында Оқу-ағарту министрлігінің қатысуымен Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облысы мектеп директорларының форумы өтті. Осы 800 мектеп басшысының алдында іс-тәжірибеммен бөлістім. Бұл мектеп директоры ретінде жетістігім болса, оқушылардың жетістігі бір төбе. Ауылдағы жалпы білім беретін мектеп болсақ та, бағындырған белесіміз жетерлік. Қарасай ауданындағы көштің басындағы білім ұясы десем артық емес. Бүгінде 3200 оқушы білім алатын шаңырақта 245 ұстаз еңбек етеді. Осы оқу жылында шахмат үйірмесіне қатысатын балалар Алматы облысы бойынша бірінші орын алып, Қызылорда, Семей қаласына республикалық байқауға жол жүргелі отыр. Сондай-ақ, оқушылар үстел теннисі, гандбол ойыны бойынша республикалық жарысқа қатысатын болды.

«Айқанат» олимпиадасынан республикалық кезеңге оқушымыз Есберген Ернұр жолдама алды. Ержан Жасұлан «Сен ғылымға болсаң ынтық» республикалық байқауында бірінші дәрежелі дипломға ие болды. Ал Рысбек Ұлдана Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ұйымдастырған «Білім шыңы» жарысында бірінші орынды бағындырды. Жұмабай Ақсемсер «Алтын сақа» байқауының облыстық кезеңінде бірінші орын алды. Мұнымен қоса оқушылар «Ауыл мектебі» олимпиадасына да қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Қазір «Алтын сақа» олимпиадасынан өткен оқушылар республикалық білім жарысына дайындық үстінде.