31 Шілде 14:45
...

Жамал Дүйсенбайқызы: Қазір әйелдер еркектің міндетін мойнына жүктеп алған

Фото:

Елімізде тұрмыста зорлық-зомбылық көрген әйелдерге уақытша пана болатын  дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Соның біреуі – Тараз қаласында. Алайда, мұнда да орын жетіспейді екен. Себебі, психологиялық көмекке мұқтаж әйелдердің қатары күн санап артып отыр.

NEGE тілшісі «Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қиын өмірлік жағдайға түскен дағдарыс орталығы» КММ директоры Жамал Қалыбековамен әңгімелесіп, ана мен баланы қорғау мәселесі жөнінде сауалдарға жауап алды.  

  –​ Жамал Дүйсенбайқызы, дағдарыс орталығы аты айтып тұрғандай, отбасында жәбір көрген әйелдердің уақытша үйіне айналды. Орталық оларға қандай көмек көрсетеді? 

 – Дағдарыс орталығы Жамбыл облысы әкімінің шешімімен 2014 жылы ашылды. Қаражат тікелей мемлекеттен бөлінеді. Орталық 27 орынға арналған. Бүгінгі күнге дейін 900-ден аса ана қабылдадық. Жалпы, бізге отбасында зорлық-зомбылық көрген аналар баласымен бірге келеді. Мәселен, күйеуінен күнде зәбір көретін, барар жер, басар тауы жоқ аналар осы орталықты алты ай бойы паналайды.

Оларға сегіз түрлі көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық. Бізге келген әр әйелді балаларымен бірге бір бөлмеге жатқызамыз. Ең бірінші, ана мен балаға психологиялық көмек керек.

Үнемі әке-шешесінің ұрыс-керісі мен жанжал-төбелесін көрген баланың да психологиясы бұзылады. Сондықтан психолог мамандар тек әйелдермен ғана емес, балалармен де жұмыс істейді. Яғни, бізде аналар және балалар психологы бар. Өмірдің сынағынан мезі болып, әбден стреске түсіп кеткен әйелдерге барынша моралдық қолдау көрсетіліп, психологиялық кеңес беріледі. Мұнымен қоса жағдай ажырасуға дейін жетіп жатса, балалары мен мүлікті бөлу кезінде заңгер кеңесіне жүгінеді.

 – Мәселен, аналар қанша баласымен келсе де, бәрін қабылдайсыздар ма?

 – Бізге бір-екі баламен келетіндер сирек. Көбінесе үш, төрт, бес, алты, тіпті тоғыз баласымен келеді. Биыл Жамбыл облысынан бір әйел жеті баласымен орналасты. Бізде біраз уақыт болып, тиісті психологиялық көмек алып, отбасымен қайта қауышты. Жалпы, орталыққа келген әйелдердің 60-70 пайызы отбасына оралады.

Біздің жұмысымыздағы мақсат – оларды отбасына қайтару. Әрине, ажырасып кетіп жатқандары да бар. Себебі, күйеуі жөнге салынбайды, түзелмейді. Агрессор жәнк абьюзер, яғни қарапайым тілде жәбірлеуші күйеулермен психологтар жұмыс істейді. Әуелі телефон арқылы байланысқа түсеміз. Олар әйелдерінің бізде жатқанын білмеуі керек. Негізінен күйеулерін келтірмеуге тырысамыз. Себебі, есік-терезені тарсылдатып тыныштық бермейді.

  Кейбірі ішімдікке сылқия тойып келіп, әйелінің де, басқалардың да мазасын алады. Сондықтан хабарландыру бергенде тек телефон нөмірді ғана жазамыз. Ер азаматын дұрыс жолға салу не әйелі, не біздің қолымыздан келмейтін кездер болады. Кейде «енді қол жұмсамаймын», «жұмыс істеймін» деп әйелін алып кетеді. Сол әйел бізден тиісті көмек алып, отбасына оралса да, бір-екі жылдан кейін қайта есік қағады. Бірақ олардың саны өте аз.  

  – Құқық қорғау мекемесінде ер азаматтармен жұмыс істейтін арнайы мамандар болу керек сияқты...

  – Біз Ішкі істер органдарымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Онда отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдермен жұмыс істейтін топ бар. «Отбасына ораламын» деген әйелдердің күйеуін сонда шақырып, бетпе-бет сөйлесеміз. Әйтпесе, еркектерді білесіз ғой, мамандарды, жас психологтарды «әйел» деп менсінбейді, сыйламайды, тіпті дөрекілік танытады. Бірақ полиция қызметкерін көрсе дереу айылын жиып алады. Сол себептен ондай еркектермен құқық қорғау мамандарымен бірлесіп жұмыс істейміз. Содан кейін «Адам боламын, түзелемін» деп уәдесін беріп, әйелі мен балаларын алып қайтады.

  – Сіздерге аналар негізінен қай өңірден көп келеді?

  – Біз үнемі анализ жасап тұрамыз. Әркезде әрқалай. Кейде Жамбыл облысының аудандарынан көп келеді. Былтыр Байзақ ауданынан бірнеше ана орналасты. Басқа өңірлерден де пана іздеп келетіндер жетерлік. Мысалы, Түркістан облысынан, Шымкент қаласы маңайынан қашып келеді. Нұр-Сұлтан, Алматы қаласынан да әйелдер бар. Сондықтан нақты мына өңірден жиі келеді деп айта алмаймын. Себебі, біздің көмегімізге кез келген облыс, қала, ауыл әйелдері жүгіне алады.

Алайда, бізге келетіндердің бәрі ауылдың әйелдері емес. Олардың ішінде шенеуніктердің де әйелдері бар. Себебі, екеуара түсініспеушілік кез келген отбасында болады. Аз қамтамасыз етілген, толыққанды отбасы, күйеуі органда істейтін әйелдер де баршылық.

   – Әлгінде ғана алты, жеті, тоғыз баламен келетін аналар бар дедіңіз. Күйеуінің қандай агрессор екенін біле тұра бала туа беруі дұрыс па? Дегенмен, сіздің ойыңыз қандай?

  – Қазір әйелдерді сауатсыз деп айта алмаймын. Бұрынғыдай емес, жаңа технология дамыған заман. Еліміздің елді мекендерінде де интернет бар. Ақпараттың бәрін көріп, оқып отыр. Тіпті, ауылды жерлерде қаланың әйелдерінен де пысық келіншектер бар. Бұл адамның өзіне, тәрбиесіне байланысты. Егер епті болса, ауылда да қаладағыдай жұмыс істеп, күн көруіне болады. Сондықтан балалы болу, қанша бала туу – өз мәселесі. Бұл жерде басты түйткіл – ерлі-зайыптының бір-бірін түсінісе алмауы. Сондықтан да балалар күйзеліске түсіп жатады. Бәрі керісінше болса, мұндай отбасы қанша баланы да бағып-қағып, өсіре алады. 

 – Қазақы психологияда ілкіден «Әйелдің қырық жаны бар» дегенді ту етіп, қыз-келіншектің құлағына құйып келеді. Алайда, еркек көрсеткен озбырлыққа шыдап жүру дұрыс па?

  – Мүлдем дұрыс емес. Біз әйелдермен жұмыс істеп, кеңес бергенде осындай тақырып пікірталасқа айналады. Шын мәнінде, зорлық-зомбылыққа шыдауға болмайды. Біз әйелдерге үнемі «күйеулеріңе қол көтертпеуге тырысыңдар» дейміз. Бір рет қол көтерсе, оған ешкім қарсылық көрсетпесе, бұл әдет болып кетеді. Сосын әйелін күнде ұратын жағдай қалыптасады. Әйел ақылға салып, соған жеткізбеуі керек. Ойбайлап, айқайлап, аттандай бергеннен ештеңе шықпайды. Еркекті де бала сияқты тәрбиелеу керек. Өкініштісі, бір жағынан әйелдердің өзінен де кінә бар.

«Он бәленің тоғызы тілден» демекші, көбі тілінен тауып жатады. Сосын кейбірі мүлдем жалқау. Бізге келген кей ананың баласының киімі кір, тырнағы алынбаған, қыздарының шашы биттеген. Тіпті, балаларын таза ұстауға уақыты жоқ, есесіне күні кешке дейін телефонда отырады. Қазір балаларға да, жастарға да, ересектерге де телефон деген қасірет болды ғой. Ең сорақысы, балаларымен бірге орналасқан бөлмені жинағысы келмейді.

Бізде дайын тамақ ішеді. Аптасына бір-екі рет демалыс күндері асханаға кезекші болғанға ерінеді. Еркек те бекерден бекер қол жұмсайтын жынды емес шығар. Қалай болғанда да, әйел отбасының ұйытқысы ретінде тәрбиені өзінен бастап, алдымен өзі жөнделуі керек. Сосын ешқандай еркек әйелге қол көтермейді, ешқашан ұрыс-керіс болмайды. Сондықтан әйелдердің өзінен де бар деп айта аламын. Мекемеде тұру уақыты да шектеулі. Бізде әрі кетсе, алты ай ғана болады. Одан кейін бәрібір орталықтан шығады. Мұнда келгендегі пайдасы – миы тынығады. Тіпті, осындай өмірді көрмегендері де бар. Сенсеңіз, олардың ішінде төсектің ақ жаймасына жатпаған әйелдер де кездеседі. Керісінше, бұл өмірді де көргені жақсы. Содан кейін әлеуметтік еңбек деген бар. Орталыққа келген әйелдер өз-өзіне келгеннен кейін қолөнер бұйымдарын жасап, іс тігу, тоқыма тоқумен айналысады. Олар бұл арқылы өздерін таниды. Қандай қолөнерге қабілеті барын біледі. Арасында театр, концертке алып барамыз. Мынандай заманда театрдың не екенін білмейтіндері жетерлік. Осыдан үш-төрт жыл бұрын орталықтағы аналарды театрға алып бардық. Ертесіне бір әйел кабинетіме келіп: «Мен мына жалғанда қойдың соңында жүріп, қора тазалайтын ғана өмір бар деп ойлаушы едім. Сөйтсем, басқа да өмір бар екен ғой», – дейді таңқалып.

   «Таяқтың екі ұшы бар» дейсіз ғой. Дегенмен, қазір жастар арасында ажырасу дерегі көп. Одан бөлек отбасылық өмірдің ыстығы мен суығына төзу де шыдам мен сабырды қажет етеді. Отбасылық одақтың берік болуы үшін не істеу керек?

   – Отбасы болу үшін әркім өзін тәрбиелеуі керек. Бұрын «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейтін. Қазір бұл түсінік өзгерді. Үйленгенге дейін бәрі жақсы. Бірақ отбасын құрғаннан кейін әйел де, еркек те өзгеруі керек. Екеуі де «Өмірге ұрпақ әкелемін ғой. Балаларымды тәрбиелі етіп шығарайын» деп саналы түрде ойлануы тиіс. Кінә екі жақтан да кетеді. Сондықтан біржақты ойлап, тек еркекті ғана жамандай беруге болмайды. Меніңше, елімізде отбасы институтын қалыптастыру қажет. Біз балаларды дұрыс тәрбиелеуіміз керек. Қай жерден ағаттық жібергенімізді білмеймін, біз тәрбиені жоғалтып алдық. Еліміз жаңадан тәуелсіздік алған 1990 жылдары алмағайып, экономикалық дағдарыс қысқан кезде барымыздан айырылдық. Білім ошақтарында, жоғары оқу орындарында тәрбие жағынан көп әңгіме айтып, некеге тұратын АХАЖ бөлімдерінде арнайы кабинет ашып, сауатты психологтар жастарға тегін кеңес беруі тиіс. «Сүйдім, күйдім» деп қосылса да, біраз жылдан кейін отбасылық өмірдің ыстығы мен суығына шыдай алмайды. Егер отбасы институттары құрылса, біздікіндей дағдарыс орталығы азаяр ма еді, кім білсін? Бізде 27 орын бар дедім ғой, бүгінде бәрі толық. Маған екі-үш күннен бері үш баласы бар әйел «Сіздерге келсем, көмек бере аласыз ба?» деп хабарласып жатыр. «Жаным-ау, орын жоқ, не істеймін?» дедім амалсыз. Осыдан екі-үш күн бұрын дәл осындай көмек сұраған әйелді Шымкенттегі 50 орындық орталықтағы әріптестеріме хабарласып, орналастырдым. 

  – Жалпы, мұндай орталықты көптеп ашу керек пе?

  – Меніңше, қазіргі заманда ашу керек. Не үшін? Әйел күйеуімен ұрысып қалса, ата-анасының үйіне барады. Сөйтеді де, күйеуін, енесін жамандайды. Оған шешесі қосылады. Екеуі жылап-сықтап қояды. Алайда, анасы қызына ешқандай психологиялық көмек көрсете алмайды. Бір-екі аптадан кейін күйеуі енесімен келіп кешірім сұрап, алып кетеді. Оның үстіне қызы одан артық жатуға ұялып, амалсыздан үйіне қайтады. Бір-екі ай жақсы тұрады да, қайтадан баяғы әдетке салынып, ұрыс-керіс басталады. Сондықтан әйел әке-шешесінің үйіне барғанша біздің орталыққа келгені жақсы. Бұл жерден тиісті көмек алады. Кейде осында келген әйелдің артынан әкесі немесе ағасы келіп «Мұндай жерге қызымды, қарындасымды қалдырмаймын. Жұрттан ұят» дейді даурығып. Содан кейін ол кісілермен сөйлесіп «Қазір үйіңізге алып кеткенде қандай көмек бересіз?» деймін. Сосын түсініп қалдырып кетеді. Ал кейде қазақылыққа салынып, «ұят болады» деп алып кетеді. Мұндай отбасы көбінесе түбі ажырасып жатады. Сондықтан қазіргі заманда психологияолық көмек бәріне керек. Демек, мұндай орталықтың санын көбейту керек. Тіпті болмаса, сауатты психологтар көмек беретін арнайы кабинеттер ашу қажет. 2017 жылы Шу, Меркі, Сарысу аудандарынан біздің мекемеге қарасты отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге әлеуметтік-психологиялық көмек көрсететін, яғни кеңес беру кабинеттері ашылған. Коронавирус індетінен кейін былтыр Тараз қаласында тәулік бойы жұмыс істейтін кабинет ашылды. Онда төрт психолог пен бір заңгер үздіксіз көмек көрсетеді. Кеңес алушы аналар мен балалар тәулік бойы келе алады. Қазір психолог маған да, сізге де, бәріне де керек.

  – Отбасында зорлық-зомбылық көріп, әбден қажыған әйелдермен жұмыс істеп жүрген маман ретінде айтыңызшы, соңғы жылдары мұндай дерек неге көбейіп кетті? Бұған екеуара түсініспеушілік қана емес, отағасының міндетін дұрыс атқармай, жауапкершіліктен жалтаруы да себеп емес пе?  

  – Әрине, ондай еркектер де бар. Күні бойы қол қусырып, диванда жатады. Себебі, қазір әйелдер еркектің рөлін мойнына жүктеп алған. Күйеуіне бір рет айтады, екі рет айтады, сосын шыдамы таусылады.  Бірақ еркек қимылдамаса, оятатындай етіп, айта беру керек. Ешқашан алдына түсіп, «өзім істеймін» демеу керек. Одан кейін ол да «Жарайды, істей бер» деп екі аяғын көтеріп жатады. Олай болмас үшін еркек орнынан тұрғанша түсіндіріп айта беру керек. Бір ештеңе ұқпайтын, еш түзеуге келмейтін оңбаған болмаса түсінеді. Еркек те адам. Ол да бала-шағасын ойлайды. Қазақта «Әкенің жақындығы жездедей-ақ» деген сөз бар ғой. Бәрінде олай емес. Бала-шағасын әйелінен артық ойлайтын еркектер бар. Шешесі балаларын тастап кетсе де, қарап, бағып  отырған әкелер бар. Бәріне бірдей күйе жағуға болмайды. Олармен де бөлек жұмыс істеу керек.

Пандемиядан кейін отбасылық зорлық-зомбылық мүлдем ушығып кетті. Оған дейін де болды, бірақ қазіргідей емес еді. Жоқшылықтан бұрын, үйде отырып тіл табыса алмай қалды. Бұрын күні бойы жұмыс істеп, кешке бір-екі сағат сөйлеседі де ұйқтайтын. Ал індет кезінде түсініспеушілік, сыйыспаушылық көбейді. Бір-біріне деген мінезі сыртқа шығып, сабырлығы мен төзімділігі сыналды.

   – «БҰҰ-әйелдер» қорының мәліметіне сенсек, Қазақстанда 2019 жылы 400-дей әйел озбыр күйеуінің тепкісінен көз жұмыпты. Шарасыз ана, қараусыз қалған баланы көргенде қандай күйде боласыз?

 – Ең бірінші, балаға жаным ашиды. Ата-анасы қандай болса да, бала үшін екеуі де керек. Кейде отбасы ажырасып жатса, «әйелге күйеу, еркекке қатын табылады» деп жатады. Ал балаға өгей әке өзінің туған-әке шешесіндей жақын болмайды. Кез келген ата-ана балаға жақсы қарайды. Бала үшін шешенің жүрегі қалай ауырады, әкенікі де сондай. Бұл жерде бәрі ерлі-зайыптының бір-бірін түсініспей, кешірмеуі, иілмеуі кедергі келтіреді. Отбасында біреуінің мінезі ашық болса, екіншісінікі бәсең болу керек. Қазір жастарда ондай жоқ. Екі жағы да арпылдасып кетеді. Айналып келгенде, бұдан балалар зардап шегеді. Сосын баланың да өмірі ата-анасыныкіне ұқсас болады. Тіпті, қызбалалар сол өмірді қайталауы мүмкін. Сондықтан ата-аналар отбасы құрған күннен бастап ойлануы керек. Тағы да қайталап айтамын, отбасы институтын құруды мектептен бастасақ, қызбалалар мен бозбалаларды тәрбиелесек, бір-біріне деген түсініспеушілікті үйретсек, болашақта одағы мығым отбасылар шығады деп сенемін. 

– Әңгімеңізге рахмет! 

Тегтер: