Жалған айғақ
Астаналық кәсіпкер «арнайы прокурор Олеся Кексель мені азаптады» деп айыптауда. («Ложные доказательства», «Время» газеті)
Бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа мен өзге де тұлғалардың үстінен қозғалған қылмыстық іс сотқа жетпей жатып, дау-дамайға ілінді. Саран қаласының сотындағы алдын-ала сот тыңдауы барысында қорғаушы тарап Бас прокуратураның бұрынғы қызметкерлері Олеся Кексель мен Бауыржан Ғаббасовтарды ІІМ тергеуге алғаны жайлы елді дүрліктірген мәлімдеме жасады. Істі болған кәсіпкер Ерлан Нәбиев осы адамдардың өзін азаптағанын айтады. Тәртіп сақшыларының іс қозғауына да оның арызы түрткі болған. Дегенмен бұл істегі «қызықтар» мұнымен бітпейді.
Саран қаласының сотына Анатолий Шкарупа, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту Қоры» АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Қайсар Байдалы және кәсіпкер Ерлан Нәбиевтің ісі өткен жұмада түскен. Оларға кеншілер қаласында жылу есептеуіш құрылғыларын орнатуға бөлінген қаржыны жымқырды деген айып тағылған. Бұған дейін қорғаушы тарап сот ісінің Қарағанды облысында өтуіне үзілді-кесілді қарсы болған. Олардың пікірінше, сот тергеу амалдары жүрген Нұр-Сұлтан қаласында өтуі тиіс.
Осыған байланысты Саран қалалық сотындағы алдын-ала сот тыңдауында адвокаттар мен прокурорлар қызу айтыс-тартысқа түсті. Қорғаушылар судьяға үсті-үстіне өтінім жаудырды, солардың бірі – азаптауға қатысты мәселе Хамида Айтқалиеваның аузынан шықты. Дәлірек айтқанда, ол дәлелдерді жарамсыз деп тануды сұрады. Өтініш хаттың кей тұстарын келтірейік:
«…Айыптау актісі бойынша Нәбиевті ақша ұрлады деп айыптауға негіз болған дәлел-айғақтар қатарына өз еркімен берілгені, 12-13 және 15.11.2018 жылғы тергеу жауаптарының хаттамасы, тексеру және оқиға орнындағы жауаптарын нақтылау хаттамасы жатқызылған. Жоғарыда көрсетілген дәлелдер Нәбиевтің құқығын бұзу жолымен алынған, нақтырақ айтсақ: психологиялық қысым көрсету арқылы, қорқыту, сонымен қатар сусамыр дертіне шалдыққан Нәбиевке ұзақ уақыт ас-су, дәрі-дәрмек бермеу секілді азаптаумен бірдей шаралармен қол жеткізген…»
Одан әрі құжатта Нәбиевтің өткен жылдың 10-ы мен 21 қарашасы аралығында Бас прокуратураның ғимаратында болғаны айтылады. Алайда құзырлы орган қорғаушыларға жазған хатында 11 қараша күнгі жауап алу туралы ләм-мим демеген.
- Өзіне жасалған қысымның әсерінен дәл сол күні Нәбиев осы іс бойынша өзіне және өзгелерге жалған кінә тағуға мәжбүр болған, - дейді адвокат Айтқалиева. – Оның мойындау жауабы өзінің кінәсін мойындап келгені туралы өтінішіне негіз болды. Бірақ Нәбиевтің 11 қараша күнгі куә ретінде тергеуге берген жауаптарының хаттамасын жойып жіберген.
Адвокаттың сөзінше, кінәсін мойындаудың алдында бизнесмен Бас прокуратураның ғимаратында 12 сағат бойы отыруға мәжбүр болыпты. Ол тергеушілерге өзінің дерті туралы бірнеше мәрте айтқан, қатаң режим сақтамаса, қандағы қант мөлшері күрт көтеріліп кетуі, оның салдарынан инсулиндік шок немесе диабетикалық естен тануы мүмкін екенін ескерткен.
- Осы және өзге де жағдайлар прокуратура қызметкерлері Нәбиевті күштеп мойындату үшін оны азаптауы мүмкін деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдарын бастауға негіз болды. Қазір ІІМ тергеу комитеті қылмыстық істі тергеуді жалғастыруда. Куә ретінде Кексель тергеушілердің сұрағына жауап берді, - дейді Хамида Айтқалиева.
Бір ескеретін жайт, өткен қыркүйек айына дейін Ерлан Нәбиев пен оның сыбайластары ретінде танылған азаматтар астаналық тергеу абақтысында отырды. Сол жерден оны ауыр халде ауруханаға жеткізген. Біздің тілшімізге адвокат Айтқалиева дәрігерлердің прокурорларға науқасты дер кезінде әкелгендері, әйтпесе өліп кетуі мүмкін болғанын айтқаны туралы хабарлады. Кейінірек денсаулық жағдайына байланысты Нәбиевті үйқамаққа ауыстырған.
Бірақ оның сыбайластары әлі күнге дейін темір тордың ар жағында отыр. Бұрынғы энергетика вице-министрінің адвокаты Нұрлан Бейсекеев те қорғауындағы адамын абақтыдан шығарып алғысы келген. Оның үстіне Саран қаласының сотындағы алдын-ала тыңдалым басталған күннің ертесіне, 16 қарашада Шкарупаны қамауда ұстау мерзімі аяқталыпты. Осыған байланысты қорғаушысы Анатолий Шкарупаны бостандыққа шығаруды, оған қамаудан басқа бұлтартпау шарасын қолдануды сұрап өтінім берді. Бірақ қорғаушылардың пікірінше, қаулыда бұл мәселені айналып өткен судья Талгат Екзеков адвокаттардың наразылығына тап болды. Нұрлан Бейсекеев құжатта Шкарупаны қамауда ұстауды ұзарту туралы нақты бір ауыз сөз болмағандықтан, оның тергеу абақтысында отыруы заңсыз деп есептейді.
Өз кезегінде «Времяның» тілшісінің өтінішімен Саран сотының қаулысын Қарағанды облыстық сотының БАҚ-пен жұмыс бойынша үйлестіруші-судья Еркеш Мәукен түсіндіріп берді. Тек бұл жоғарғы сатыдағы соттың пікірі емес, жай түсініктеме екенін ескертуді де ұмытпады:
- Саран қаласының сотына қылмыстық іс түскен күні Шкарупаға қатысты қолданылған бұлтартпау шарасының мерзімі өткен жоқ. Жоғарғы Соттың 2017 жылдың 8 желтоқсанындағы №10 нормативтік қаулысына сәйкес, алдын-ала тыңдау кезінде судья ең алдымен соттылықты тексеруге міндетті. Егер іс бұл соттың қарауына жатпайтын болса, онда ол осы іске қатысты өзге жайттарды да қарауға міндетті емес. Мәселен істі тоқтатуға әкелетін жағдайлар бар ма, процессуалдық заң бұзушылықтар болды ма, айыптау актісінің көшірмесі берілді ме, келтірілген залалды өтеу шаралары қолға алында ма, айыпталушыға қатысты бұлтартпау шараларын өзгерту немесе тоқтату қажет пе деген секілді мәселелерді сот қарастырмайды.
Қылмыстық-процессуалды кодекстің 342-бабына сәйкес, сотталушыны қамауда ұстау мерзімі оның ісі сотқа түскеннен үкім шыққанға дейінгі аралықта 6 айдан аспауы керек. Ауыр қылмыстар бойынша бұл мерзім 12 айды құрайды. Бірақ бұл сот актісінің әлі заңды күшіне енбегенін айта кеткім келеді. Оған шағымдануға адвокаттарға 15 күн беріледі. Егер шағым облыстық сотқа түссе, қорғаушылардың дәлелдерінің бәрі мұқият тексеріледі. Тек содан кейін ғана қандай да бір шешім шығады, - деп түсіндірді Еркеш Мәукен.
Естеріңізге сала кетейік, Саран қаласы сотының дәл осы қаулысы бойынша Шкарупа, Байдалы және Нәбиевтің ісін Қарағандының Қазыбек би аудандық соты қарауы тиіс деген шешім қабылданған. Себебі Бас прокуратураға қарасты арнайы прокурорлар қызметі бастығының орынбасары Асхат Құтымов айыптау актісін дәл сол жерде толтырған екен.
Ирина Москвина, Қарағанды.
Қазір оқып жатыр
«Псевдо ұлт деу – артық»: депутат Танакөз ақынның жазбасы жайлы
«Ертең мың адам тағы барады»: Депутат шетелде соғысқан қазақстандықтарға жазаны жеңілдетуге қарсы
Ескертуді елеместен Таяу Шығысқа кеткен қазақстандықтар жауапқа тартыла ма?
Маңғыстаулық Ұлы Отан соғысының ардагері бейбітшілікті бағалап, болашақ үшін дұрыс таңдау жасауға шақырды