Жақсы мемлекет. Қазақстан Орта Азиядағы көршілеріне несімен қызықты?
Орта Азия елдері Қазақстан арқылы халықаралық инвестиция нарығына шығуға мүдделі. Бұл ретте олар Астана халықаралық орталығының базасын пайдалана алады. Сонымен бірге, көршілеріміз елімізді транзиттік өткел ретінде қарастыруда.
Халықаралық сарапшылар алдағы 10 жылда Қазақстанның шетелден тікелей инвестиция тарту бойынша мүмкіндігін шамамен 170 миллиард долларға бағалап отыр. Соның ішінде, шикізаттық емес секторға орта есеппен 70 миллиард доллар көлемінде қаржы келеді деп болжанған. Бұл ретте, аймақтық жобаларға тікелей және портфельдік инвестицияларды ынталандыру үшін Қазақстанда тиімді жұмыс істеп жатқан «Астана» халықаралық қаржы орталығы өте лайық және баламасыз платформа бола алады. «Астана» халықаралық қаржы орталығы бүгінге әлемдік қаржы институттарының тәжірибесі мен жаңа қаржылық тетіктерді ұсынып отыр. Қазіргі таңда Астана халықаралық қаржы орталығына әлемнің 64 елінен 1400-ден астам компания тіркеліп үлгерді.
Қазіргі таңда, «Астана» халықаралық қаржы орталығына тіркелген шетелдік компаниялардың көпшілігі өз бизнестерін Қазақстан аумағында ғана емес, көршілес елдерде де жүргізгісі келеді. Бірақ Қазақстанда базасын ұстап отырады. Осы ретте, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін жаңа және барлық талаптарға сай келетін «AIFC Multipass» өнімі әзірленді. Бұл дегеніміз виза. Яғни, «Астана» халықаралық қаржы орталығы серіктестері осы орталыққа қатысушы мемлекеттердің аумағында кедергісіз жүре алады. Виза ерекше мәртебеге ие.
Мұндай жаңалықтар Орта Азия елдеріне жағып отыр. Себебі, олардағы компаниялар тиісті инфрақұрылымның жоқтығынан, өз елдерінде отырып, халықаралық капитал тарта алмайды. Ал егер Қазақстанға келсе, Астана халықаралық қаржы орталығына эмитент ретінде тіркеліп, өз облигацияларын орналастыра алар еді.
Қазақстанның транзиттік потенциалы біздің көршілерімізге қалай көмектеседі?
Қазір Орталық Азия елдері аймақтың көлік байланысын арттырып, біртіндеп транзитке жағдай жасау керектігін түсіне бастады. Сауда байланыстары үзілсе, экономикалық даму туралы әңгіме қозғай алмаймыз. Картаға көз салсақ, Ресей, Қытай, Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс және Оңтүстік Кавказдың түйіскен жерінде орналасқан Орталық Азияның географиялық ерекшелігі айқын көрінеді. Ал дәл осындай аумалы-төкпелі кезеңде шекарааралық сауданы дамытуда және ілгерілетуде біздің аймақтың рөлі қатты артып отыр.
Осы ретте Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын белсенді түрде дамытып отыр. Бұл бағыттағы контейнер тасымалы 2017 жылдан бері 3 есеге, яғни 25 мыңға дейін өсті. Осы арқылы Қазақстан Ресейге деген толық транзиттік тәуелділіктен құтылып, өз транзиттік маршруттарын диверсификациялауға мүмкіндік алады. Осы орайда, Қазақстан Президенті Әзірбайжан астанасы Бакуға екі ел арасындағы транзитті толық жолға қою үшін барып келді. Оның Қазақстанның болашағы үшін маңызы зор. Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы Каспий арқылы байланыс Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (ТМТМ) бөлігі болып табылады. ТМТМ - Қытайды Еуропамен байланыстыратын маршрут және соңғы жылдары тым ұзақ жүретін мұхит арқылы су тасымалына балама ретінде қарастырылып жүр. Қазір TMTM-ның жалпы өткізу қуаты жылына шамамен 6 млн тоннаны құрайды, оның ішінде 80 мың контейнер (TEU) тасымалданады. Бұл бағыт Қазақстан үшін транзиттік тығырықтан шығуға мүмкіндік береді. Бірақ арада шешілмей жатқан бірнеше проблема бар. ТМТМ-ге біз тек Ақтау мен Құрық порттары арқылы қатысамыз. Ақтаудың өткізу қуаты жылына 15 миллион тоннаны құрайды. Ал Құрықта - жылына 6 миллион тонна ғана өткізу қабілеті бар. Олар Әзірбайжанның Алят портымен қатынасады. Сонда біздің порттар арқылы өткізу қуатымыз бар болғаны жылына 21 миллион тонна ғана болып отыр. Қазақстан осы жерде ТМТМ үшін "тар тесік" саналады. Тесікті тез арада кеңейту қажет. Порттардан басқа, бізде Достық – Мойынты, Алматы торабы бойынша темір жолдардың өткізу мүмкіндігі шектеулі. Ал Каспий теңізінде сауда флотымыз өте шағын, яғни паромдар, контейнерлік кемелер жетпей жатыр. Әзірбайжанда да осындай "тар тесіктер" бар. Оларда порттағы ауыстырып тиеу инфрақұрылымы тым кішкентай. Сонымен бірге фитингтік платформалар дефициті байқалады. Президенттер Тоқаев пен Әлиев осы кептеліс проблемасын шешу бойынша жабық кездесулер өткізді.
2022 жылдың бес айында ғана ТМТМ бағыты бойынша 732,5 мың тонна жүк тасымалданған. Яғни, 2021 жылға қарағанда 2,5 есе өсім бар. Биыл жоспар бойынша 3,2 миллион тонна өтеді деп жоспарланған. Егер тарифтік бірыңғай кеңістік қалыптасса, осы көрсеткішті 10 есеге арттыруға болады. Транскаспий бағыты Қара теңіз бассейніндегі Поти порттары мен Батумиге шығады. Ал теміржол вагондары Баку-Тбилиси-Карс тж жүйесі арқылы Түркияның Мерсин және Стамбул порттарына барады. Ол жерден жүктер Еуропаға әрі қарай таралады. Сонда ТМТМ Қытай - Қазақстан (Алтынкөл – Ақтау) – Әзірбайжан (Баку) – Грузия (Батуми/Поти) арқылы Еуропаға небары 4 479 шақырым жол жүріп, тіке шыға алады. Бұдан бөлек, Қазақстан «Мазари-Шариф – Кабул – Пешевар» бағытындағы теміржол құрылысына атсалысуға әзір. Нақты айтқанда, ол өз көршілеріне теміржол құрылысына қажетті материалдармен қамтамасыз етіп, вагондар ұсына алатынын жеткізді. Және мемлекетіміз Орта Азич елдерін Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдерін байланыстыратын ең қысқа бағыт «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолын белсенді пайдалануға шақырып отыр.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы Иранға сапары барысында алғашқы контейнерлік пойыз Қазақстаннан Түрікменстан, Иран арқылы Түркияға жөнелтілді. Бұл жаңа логистикалық шешім 6 мың шақырымнан астам жолды 12 күнде жүріп өтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары Таяу Шығыс пен Еуропа елдерінің нарығына шығуға септігін тигізеді. Түркменбашы портының инфрақұрылымын табысты дамытып келе жатқан Түрікменстан да бұл ұстанымды қолдайды деп күтіліп отыр.
Дегенмен, Орталық Азия елдеріне өзара көлік коммуникациясын дамыту мәселесін естен шығаруға болмайды. Қазір бұл бағытта Қазақстан Өзбекстанмен белсенді түрде ынтымақтастық орнатып отыр. «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің іске қосылуы өткізу әлеуетін 2 есе арттыруға, ал жүк тасымалдау мерзімін 1,5 есе қысқартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Қазақстан «Түркменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы» жаңа автожолын салуды толық қолдады. 2025 жылдан бастап «Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы» автожолы учаскесін қайта салу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіру көлік-логистика саласындағы жобалардың пайдасын мейлінше арттыра түседі.