Жайсанғали Бидайбек: «Анамды Меккеге апару үшін жүргім келеді» деген бала бәрімізді жылатты

Бүгінде не көп, қайырымдылық қоры көп. Бәрінің мақсаты – мұқтаж жандарға қолұшын созу. Алайда, кейбірі шынымен қысылып, көмек сұрайды, енді бірі – «дайын асқа тік қасық» емес пе? Бұл ой «Үміт шуағы» қайырымдылық қорының басы-қасында жүрген Жайсанғали Жапбарұлын да мазалайды екен.
«Жалғызбасты аналарға кәсіп ашып бердік»
Қоғамда, айналамызда көмекке зәру отбасы көп. 2019 жылы «Үміт шуағы» қоры құрылғанға дейін де шама-шарқымыз келгенше қолұшын беріп келген жайымыз бар. Одан бөлек балалар үйі, қарттар үйіне арнайы барып, қайырымдылық концерт ұйымдастырып жүрдік. Мұнымен қоса қайырымдылық концерт өткізіп, науқас балалардың еміне ақша жинап бердік.
Қазір қайырымдылық қоры көп. Мұны ашудағы мақсат – сауап қана. Мүмкіндігінше, мұқтаж жандарға көмектесіп, біреуінің болса да көз жасын сүртсек дейміз. Бүгінге дейін қаншама отбасыға көмек бергенімізде есеп жоқ. Бізден республиканың түкпір-түкпірінен жазып, хабарласып, көмек сұрайды. Бірақ әр өңірден сенімді өкіл таппадық. Сол себептен әзірге Алматы қаласы мен Алматы облысы төңірегіндегі отбасылардан аса алмай жатырмыз.
Десек те, таяуда Түркістан облысы, Жетісай қаласында тұратын бес баласы бар жалғызбасты анаға кәсіп ашып бердік. Ол тәтті тағамдар пісіреді екен. Соған қажетті құралдарын сатып алып, жалға алған асханасының бірінші айының ақысын төледік. Мұндай мысал көп. Алматы қаласының «Шаңырақ» ықшам ауданында баспана жалдап тұратын жалғызбасты анаға шаштараз аштық. Өзі тұратын жерде бос бөлме бар екен. Қожайынымен келіскен. Қалған шаруаны біз тындырдық. Қазір тәп-тәуір жұмыс істеп жатыр.
Одан бөлек «іс тігемін» деген талай келіншекке тігін машинасын сыйға тарттық. Өкініштісі, олардың кейбірі жұмысын әрі қарай алып кете алмады. Дегенмен, біз оларға «істей алмайсың, тігін машинасын қайтар» деп айта алмаймыз. Кім біледі, бүгін болмаса, ертең шаруасын дөңгелетіп әкетудің сәті түсер.
«Дайын көмекке үйреніп алатындар бар»
Жалпы, бізге жұрт бір-бірінен естіп хабарласады. Әуелі жағдайын көріп, тексеріп, «Біздің көмекке шынымен мұқтаж ба?» деген мәселені де ұмытпаймыз. «Адам аласы ішінде» демекші, өмірде түрлі жағдай кездеседі.
Бірде бір келіншек «Бес балам бар, маған көмек керек...» деп хабарласты. Алып ұшып көрсетілген мекенжайға барсақ, алдымыздан бір ер кісі шықты. «Пәленше деген кісі осында тұра ма?» десек, «Жоқ, тұрмайды!» деді. Бірақ тура сол мекенжай. Әлгі азамат «Қызық, біздің үйдің мекенжайын бергені несі?» деп қояды. Сонымен, бізге осы ақпаратты берген телефонға қайта-қайта қоңырау шалдық. «Басқа біреу тұратын үй екен» дедік те, келесі мұқтаж отбасыға кетіп бара жатқанымызды айттық. Бір уақытта әлгі әйел «Маған қоңырау шалған екенсіз, мына мекенжайға келіңізші» дейді. «Біз жаңа ғана сонда болдық қой» десек, «Жаңа келген сіздер ме?!» дейді таңырқап. Сөйтсек, ол келіншек күйеуі жұмысқа кеткен уақытта басқа атты жамылып, көмек сұрайды екен. Бұдан кейін бәрін анықтап алуға тырысатын болдық.
Тағы бірде көпбалалы отбасы хабарласты. Бірақ жағдайы жақсы. Күйеуі тәуір жерде жұмыс істейді. Ауылда саяжайы, қалада пәтері бар екен. «Бізге неге хабарластыңыз?» десек, «көпбалалы отбасы деген соң, хабар берген едік» деп тұр.
Қазір байқасақ, қайырымдылық қоры көбейген сайын көмек алу үшін ажырасатын отбасылар да кездесетін көрінеді. Бұған дейін баспана алу үшін де ажырасатындарды естідік. Төрт баласы бар келіншек арасында күйеуі ішімдік ішкен кезде кетіп қалады екен. Пәтер жалдап тұрады. Сосын көмек сұрап, бізге өтініш жасады. Талай мәрте азық-түлік жеткізіп бердік. Арада уақыт өтеді. Күйеуі кешірім сұрап, қайта татуласады. Бір күні тағы ұрсып, кетіп қалады. Сол кезде бізден көмек талап етеді. Осылай бірнеше рет қайталанды. Татуласқан кезде бізге «Неменеге келе бересіңдер?! Күйеуім қызғанады...» дейтін болды. Онысы ұзаққа бармай, тағы бір кеткен кезінде: «Өткенде қатты кетіп қалдым, күйеуім түзеле ме деп едім, болмады. Көмек бересіздер ме?» деді.
Біз жанымыздағы азаматтармен ақылдаса келе: «Бұл кісіге көмектеспей тұрайық, біраз уақыт байқайық. Қатты қысылған кезде қолұшын берейік» дедік. Содан кейін бізден көмек болмаған соң, күйеуіне кетті. Қазір жақсы тұрып жатыр. Осы мәселеге байланысты пікірлесіп, қандай қиындық болса да, бәріне шыдап жүрген жағдайы төмен, көпбалалы толық отбасыға кәсіп ашып беруді қолға алсақ дейміз. Сонда бір-біріне демеу болып, ажырасудың алдын алар едік.
Кеше ғана бір отбасына бардық. Төрт баласы бар. Үш баласымен ажырасқан келіншекті жар етіп алған азамат төртінші балалы болды. Бірақ денсаулығы ауыр жұмысқа жарамайды. Қолынан дәнекерлеу келеді. Жұмыс іздеп барса, «өзіңмен құралдарыңды ала кел» дейтін көрінеді. Енді соған қажетті құрал-жабдықтар алып берсек деп ниеттеніп отырмыз. Одан бөлек Алла нәсіп етсе, жарнамасын да жасап береміз. Себебі, қалай болғанда да жалғызбасты әйелді үш баласымен алды ғой. Бәріне өз баласындай қарап отыр. «Жұмысқа жарамаймын...» деп аяқты көтеріп жатып алған жоқ.
Міне, осындай өмірге құштар адамдарға, толық отбасыға көмектесу арқылы басқаларға ажыраспау керек деген үндеу тастасақ деймін.
«Әйелі мен баласын жылатқаны үшін ақыретте жауап береді»
Бастапқы кезде біз көбінесе науқас балаларға көмектестік. Церебалдық параличпен (ДЦП) ауыратын балалардың анасы жиі хабарласты. 40 шақты балаға көмек бердік. Бірақ ақшалай қолдау көрсетіп жүргендерге «Бұл бала жазылды!» деген қуанышты жаңалық айта алмадық. Олардың бір курс еміне кем дегенде 200 мың теңге кетеді. Бір курстан ол бала жазылмайды. Біреуі емдеу үшін Ташкентке апарды. Енді бірі еліміздегі оңалту орталығына барды. Жағдайы әжептәуір жақсарып келе жатады. Жалғызбасты анаға балаға қарау қиын. Тамақ алу үшін жұмыс істеуі керек. Ем тоқтап қалса, қайтадан бұрынғы қалпына түседі.
Біз көмек берген бір балада кәдімгідей жақсы нәтиже болды. Бала жата да, отыра да алмайтын. Ем жүргізілген кезде әлгі бала оңай жатып, отыра алатын дәрежеге жетті. Іші тоқпен жылитын төсек жабындысын алдық. Анасы қуаныштан көзіне жас алды. Анасы баласынан «Не үшін емделесің?» деп сұраса, «мен жүруім, жүгіруім керек» дейді. Сол сәтте біз де әңгімеге араласып «Не үшін жүргің келеді?» десек, «Анамды Меккеге апару үшін» деді. Қаршадай баланың сөзі жүректі толқытты, тебірентті! Еріксіз көзге жас келді.
Өкінішке қарай, анасының тұрып жатқан пәтері салқын екен. Емді, массажды қалай жасау керектігі жөнінде түсіндірілсе де, соны үй жағдайында дұрыс жасамаған соң, бұрынғы қалпына түсіпті. Жалғызбасты ана қайсысына үлгереді? Жары мен баласын осындай қиын жағдайда қалдырған ер азаматтарды түсінбеймін. Бала өзінікі ғой. Оның ауру болып өмірге келгеніне әйелі ғана кінәлі ме? Алла тағала сондай сынақ жіберді, содан бірге өту керек еді ғой. Әрі-беріден соң сол баланың дүние есігін ашуына себепкер болды ма, «өмірінің соңына дейін асырап бағуы керек» деген үндеу тастар едім. Ертең ақыретте баласы мен әйелін жылатып тастап кеткені үшін және олардың әрбір көзжасы үшін жауап береді.
«Жаңа оқу жылында оқушыларға көмектессек деген ниет бар»
Бізге негізінен көмектесетін қарапайым халық. Өз еркімен қайырымдылық шараға атсалысып жүрген азаматтар жетерлік. Кейбірі жұмыстан тыс уақатта көмек қолын созып жатады. Біреу 100 теңге, біреу 200 теңге, енді біреу 5 мың, 10 мың теңге салады. Әркім өз жағдайына қарай береді. Бәрі әлеуметтік желі арқылы естіп, біледі. Олардың арасында ауқатты, кәсіпкер азаматтар да бар шығар. Біз кім көмектесіп жатқанын білмейміз ғой.
Биыл жаңа оқу жылында балаларға көмек жасасақ деген ниетіміз бар. Әне-міне дегенше оқушылардың мектепке баратын уақыты да кеп қалды. Оқу құралдарын барлық ата-ана дайындай алмайтыны да белгілі. Осы орайда әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларының балаларына «Мектепке жол» акциясы бойынша «Оқу құралдарын алып берсек» деген ниетпен ел-жұртқа қолқа салып отырмыз. Жаңа сөмкесін көріп жымиған сәбидің, жүзіне жылу ұялаған ананың қуанышына ортақ болсақ деген ой ғана. Әрине, «Балық емес, қармақ бер» қағидаты бойынша да қызметімізді жалғастырамыз.
«Көп түкірсе – көл», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген бабалар өсиетіне сай, жұрт болып жұмылып көмек қолын созсақ дейміз. Игі іске атсалысушы әр азаматқа Алла жар болсын! Садақаларыңыз берекелі, қайырлы болып, өздеріңізге еселеп қайтсын!