«Жайлы мектеп» жобасы: 2025 жылға дейін 840 мың орын мектеп салынады

Биыл оқу жылында еліміз бойынша 7600 мектеп 3 миллион 700 мыңдай балаға білім беруге кірісіп кетті. Алайда, бұған дейін қаншама бағдарлама қабылданып, мектеп пен балабақшаларда орын жетіспеушілігі мәселесін шешуге атсалысса да, түйткіл әлі де өзекті.
Cоңғы жылдары ел үкіметі білім саласына шындап көңіл бөле бастады. Себебі, елімізде әлі күнге үш ауысымды мектептердің саны азаймай тұр. Бұл тұрғыда президент арнайы тапсырма беріп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын әзірлеуді жүктеді. Сәтін салса, жоба бойынша 2025 жылға дейін 840 мың бала жаңа әрі соңғы үлгіде жабдықталған мектепте білім алады. Мұндай білім беру ұялары қала менм ауыл мектептері арасындағы айырмашылықты азайтуына әкеледі деген үміт бар.
Айтпақшы, қала мен ауыл мектептерінің оқыту сапасындағы алшақтықты азайту, орын жетіспеушілін түпкілікті жою, қауіпсіз, жайлы білім беру мәселесі «Білімді ұлт» сапалы білім беру жобасында да көтерілген. Бірақ бір емес, екі жобаның арқалар жүгіне айналған мәселе қалай шешімін таппақ? Бұл тұрғыда мемлекет басшысы мынадай ұсыныс айтты. Егер жемқорлық дерегі бойынша сотталған шенеуніктердің заңсыз ақшасы мемлекетке өтсе, бұл қаражат толықтай мектеп құрылысына көзделуі тиіс.
«Жайлы мектеп» – бұл пилоттық жоба ретінде жүзеге асады. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, жобаның мақсаты жас ұрпақтың сапалы білім алуын қамтамасыз ету. Яғни, балабақша, мектептерде орыс жетіспеушілігі мәселесі туындамауы үшін қолға алынған жобаның аясында бірталай білім беру мекемесі салынуы тиіс.
Айта кету керек, былтырдан бері елімізде 674 балабақша есігін айқара ашса, 326 мектеп қолдынасқа берілді. Одан басқа 1436 білім ұясына қайта жөндеу жүргізілген. Ал «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 2025 жылға дейін 840 мың орын болатын мектеп салу жоспарланып отыр.
Президент Қ.Тоқаев еліміздің үш өңіріне барған сапарында бұл түйткілді назардан тыс қалдырған жоқ. Мәселен, Шымкент қаласының білім саласы өкілдерімен кездесуінде қаланың демографиялық өсімін айта келе, 2025 жылға дейін шаһарда тағы бір Оқушылар сарайы мен Балалар шығармашылық орталығының пайдалануға берілетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, президент Шымкентте бизнес өкілдерінің демеушілігімен бес жылда 101 мектеп салынатынын да еске салды. Бір айта кетерлігі, қалада соңғы екі жылда ашылған 50 жекеменшік мектепті жергілікті кәсіпкерлердің қаржысымен бой көтерген.
Бұдан кейін Абай облысына барғанда да өңірдегі білім беру сапасына назар аударды. Бүгінде Абай облысына қарасты аудан, елді мекендерде 9 мың балаға мектеп пен балабақшада орын жетіспейді екен. Осы түйткілді шешу үшін алдағы жылдары 11 мектеп пен 14 балабақша салу көзделген. Алайда, президент бұл да мәселені шешпейтінін қаперге салып, үкімет пен жергілікті әкімдік бірлесіп шешу керектігін айтты.
Ал Павлодар облысы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда 10 мектеп салу жоспарланған. «Білім мен ғылым саласы мемлекеттің назарынан қыс қалған емес. Біз жас буынның сапалы білім алуына барлық жағдайды жасаймыз. Сондықтан құрылысы басталған білім беру мекемелері уақытында пайдалануға берілуі тиіс», – деген президент білімнен ештеңені аямау керектігіне екпін түсірген болатын.
Қазақстан президенті Қ.Тоқаев 1-қыркүйектегі жолдауында білім беру мәселесіне кеңірек тоқталды. Ұлттың сапалы болуы әуелі денсаулығы мен біліміне байланысты екенін айтқан президент бұл істі мектепке дейінгі тәрбие жұмысынан бастау керектігін жеткізді.
2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың көбі балабақшаға барады. Алайда, бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесі толыққанды шешілмей келеді. Тіпті, балабақша тәрбишелерінің жалақысы да өзгеріссіз қалып жүр. Президент балалардың тәрбиесі отбасы мен балабақшада қалыптасатынын ескеріп, тәрбиешілердің де мәртебесі мен еңбекақысын көтеру керектігін қадап айтты. Бұл тұрғыда тәрбиешілердің жүктемесін азайтып, аттестациядан өткізу қажеттігін ұсынды.
Оқу-ағарту министрлігі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мектептерде орын тапшылығы үлкен мәселеге айналғалы біраз жыл. «2021 жылы 277 мектеп пайдалануға берілді. Биыл 260 мектепті салып жатырмыз. Бізге 2025 жылға дейін мың мектеп салу тапсырмасы жүктелген. Алайда, бұл жоспар ойдағыдан да жылдап жүзеге асып жатыр. 1 мың мектеп салынса, миллион бала оқып, үш ауысым толық жойылады» деген болатын. Демек, үш ауысымды мектеп мәселесі шешілетін уақыт та алыс емес. Бастысы мектеп пен балабақша салу – үкімет пен жергілікті әкімдіктің назарында болуы тиіс.