Татарстан мектебін қанға бөктірген жігіт өзін «құбыжықпын» деп атады

11 мамыр, 17:45

Фото: google.com

Татарстан астанасы Қазандағы гимназияны қанға бөктірген 19 жасар Ильназ Галявиев Ресейдің құқық қорғау органдарына алғашқы түсініктемесін бере бастады. Оның айтуынша, бұған екі ай бұрын ол өзін «құдай» санай бастаған.

«Жазда жан-дүниемде құбыжық пайда бола бастады. Мен барлық адамдары жек көремін. Мен бұрын да жек көретінмін. Бұдан соң бәрін қатты жек көріп кеттім», – деп жауап берген.

Фотода Ильназ Галявиев

Ұсталған жігіт өзінің «құдайға айналғанын» алдымен анасына айтқан көрінеді. Бірақ артынша әке-шешесінің жоқ екенін мәлімдеген.

«Мен алғаш рет анама айттым. Менің шешем жоқ. Мен оған тек «сіз» деп айтамын. Ол менің анам емес. Менің ата-анам жоқ. Мен бәріңді жек көремін. Мен бәрінен бас тарттым. Мені туған әйел – шеше емес. Шешем де, әкем де жоқ, оларды атаған емеспін», – дейді Галявиев.

Сөздеріне қарағанда, оқу орнына шабуыл жасаған жігіттің есі дұрыс емес сияқты. Десе де, ол жағын дәрігер-мамандар анықтап, нақты кесімін әлі айтатын болады.

Естеріңізге сана кетсек, Ильназ Галявиев бүгін Қазан қаласындағы №175 мектепке қарумен баса көктеп кіріп, оқты қарша боратқан. Бұл мектепте оқушылар сабақ оқып жатқан кез еді. Салдарынан сегіз адам опат болды. Қаза тапқандардың жетеуі – оқушы балалар (сегізінші сыныпта оқыған төрт ұл және үш қыз бала), біреуі – мұғалім. Бұдан бөлек, 20 адам түрлі жарақат алған. Мектептің үстіңгі қабатынан, терезеден секіріп кеткен екі бала опат болыпты. Оқиға орнынан 32 адам ауруханаға жеткізілген.

Куәгерлердің айтуынша, шабуылдан бұрын мектепте бір немесе бірнеше жарылыс болған көрінеді. Атыс кезінде мектептегі мұғалімдер мен балалар шұғыл түрде терезеден секіріп қашып шығуға мәжбүр болған. Кейбір деректерге қарағанда, аталған білім мекемесінде мыңнан астам шәкірт білім алып, 57 мұғалім жұмыс істейді.

Ильназ Галявиев бұрын осы мектепте білім алған көрінеді. Кейінгі төрт жыл бойы техникумда оқып жүрген. Алғашқыда «терроршылардың саны екі адамнан көп» деген ақпарат тарағанымен, Ресейдің ішкі істер министрлігі «мектепке жасалған шабуылға күдікті жалғыз болды» деп хабарлады. Татарстан президенті Рустам Минниханов ұсталған жігіттің ресми түрде тіркелген қаруы болғанын айтты.

«Күдіктіні патруль қызметінің өкілдері ұстады. Құқық қорғау органдары мектепте жедел шаралармен айналысып жатыр» – деп ақпарат берді ІІМ ресми өкілі Ирина Волк.

Қайғылы оқиға Ресейді ғана емес, бүкіл әлемді дүрліктіріп отыр. Татарстанда 12 мамыр – аза тұту күні болып жарияланды. Қазан қаласындағы мектепке жасалған шабуылдан кейін Ресей президенті Владимир Путин қару айналымы ережесін қатайтуды шұғыл әзірлеуді тапсырды.

 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации