Ресейліктер Қазақстаннан жаппай пәтер сатып алып жатыр – сарапшы
Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығында шетелдіктер тарапынан сұраныс айтарлықтай артқан. Халықаралық жылжымайтын мүлік агенттігінің сату тобының жетекшісі Асхат Тәжиевтің мәлімдеуінше, соның ішінде Ресей азаматтарынан тұрғын үйге деген сұраныс шамамен екі есеге өскен.
Астана, NEGE. Сарапшы Қазақстанда маусым айынан бері байқалып отырған үрдісті маусымдық белсенділік емес, нарықтағы түбегейлі өзгеріс деп бағалады, деп жазады Inbusiness.kz.
Тәжиевтің айтуынша, ресейліктер тарапынан, әсіресе, Ақтау қаласындағы жылжымайтын мүлікке сұраныс арта түскен. Бұл аймақта соңғы екі айға жуық уақыт ішінде өткен жылғы жалпы статистикаға қарағанда, бес есе көп өтініш қабылданған.
«Ресейлік сатып алушылар үшін Батыс Қазақстан мен Каспий жағалауы – жақын әрі қауіпсіз өңір. Мұнда олар капиталын сақтап қана қоймай, өздерін де тыныш сезіне алады», – дейді Асхат Тәжиев.
Ресейліктердің кейбірі Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түскен баласына баспана сатып алып жатса, енді біреулері баспананы ықтимал гиперинфляция мен банк салымдарының бұғатталуынан қаражатын қорғау мақсатында сатып алып жатқан көрінеді.
Бұл ретте сарапшы ресейліктердің Қазақстанда жеке меншік құқығы қаншалықты қорғалғаны көбірек қызықтыратынын атап өтеді. Оның пайымдауынша, жалпы алаңдаушылық болғанымен, нақты мәмілелер мен миллиондаған теңгелік инвестициялар олардың қазақстандық нарыққа сенім білдіретінін көрсетеді.
Сондай-ақ ол Ресейден келіп жатқан қазіргі көші-қон толқынының бастамасы ғана екенін, күзге таман Қазақстанға қарай қоныс аударатын ресейліктер саны әлдеқайда артуы мүмкін екенін алға тартады.
«Ресейліктердің айтуынша, Владимир Путиннің жуырдағы мәлімдемесі әскери іс-қимылдардың тоқтамайтынын аңғартқан. Сондықтан олар жағдай одан әрі ушығуы мүмкін деп есептейді. Қазақстанға келіп жатқан адамдар тәуекелді алдын ала бағамдай білетін жандар. Олар қақтығыс ұзаққа созылса, жанармай, азық-түлік және басқа да дағдарыстар күшейеді, ал қылмыс деңгейі 1990-жылдардағыдай өсуі ықтимал деп қауіптенеді. Мұндай жағдайда өмір сүргісі келмейтіндер аз емес. Сондықтан қазіргі байқалып отырған көші-қон толқыны – бастамасы ғана. Күзде Ресейден келетін клиенттердің саны айтарлықтай артады деп күтіп отырмыз», – деп түйіндеді Асхат Тәжиев.
Сарапшының сөзін Ұлттық статистика бюросы жариялаған дерек те қуаттайды – Қазақстан бойынша тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны небәрі бір айдың ішінде орта есеппен 28,4%-ға артқан. Соның ішінде Маңғыстау облысында бір айдың ішінде тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша аяқталған мәмілелер саны 67,4%-ға дейін күрт өскен.