16 Сәуір 12:39

Вице-министр Шолпан Каринова: Педагогке 5 жыл сайын біліктілігін растау қиындық тудырмайды

Фото:

Алматы қаласында аттестация тапсыру кезінде мұғалім қайтыс болды. Қайғылы оқиғаны сан-саққа жүгіртушілер бар. Кейбір мұғалімдер аттестациядан өту тәртібін өзгертуге шақырып, наразылық білдіріп жатыр.

Сөздерінен аңғарғанымыз, мұғалімдердің негізі талабы – бұрынғы аттестация тәртібіне қайтып оралу, жасы келгендерді одан босату. Кейбір ұстаздар «қағазбастылықтың кесірінен аттестацияға дайындалуға мұршасы келмейтініне, тым қатаң түрде (телефондарын алып қою, камерамен бақылау және т.б) өтетініне» шағымдануда. Бұл мәселе төңірегіндегі Nege.kz cауалдарына Білім және ғылым министрінің бірінші орынбасарыі Шолпан Каринова егжей-тегжейлі жауап берді.

– Аттестация кезінде мұғалім қайтыс болды. «Телефонды алып қойғандықтан, әріптестер дер кезінде жедел жәрдем шақыра алмады» деп пікір білдірушілер де бар. Бұл қайғылы жағдай аттестация тәртібінің өзгеруіне түрткі бола ма?

Фото: ғаламтордан

– Әріптесіміздің отбасы мен жақындарына көңіл айтамын. Алматы қалалық білім басқармасы марқұмның отбасына қажетті көмек көрсетеді.

Әріптесіміздің созылмалы дертке шалдыққаны және оның жүрек ауруы бойынша есепте тұрғаны белгілі. Білім саласының өкілдері әріптесіміздің туыстарының үйіне барғанда оның соңғы кездері өзін нашар сезініп жүргенін, тестілеу күні таңертең де өзін жайсыз сезінгенін айтқан. Жақындары үйде қалуға кеңес берген...

Естеріңізге сала кетейін, мұғалімдер денсаулықтары нашарлап, өздерін нашар сезінген жағдайда тестілеуге бармауына немесе күнін басқа мерзімге ауыстыруына болады. Мұндай мүмкіндік қарастырылған.

Айта кетсем, педагог алғаш рет 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап мұғалім қызметін атқара бастаған. Сондықтан жаңадан келген мұғалім ретінде ол санатсыз жұмыс істеді және оған аттестациядан өту міндетті болмады. Біздің ақпаратымызға сәйкес, педагог өзін сауатты, талантты ұстаз ретінде танытқан. Туыстарының айтуынша, ол өз біліміне сенімді болған. Сол себепті ҰБТ-ға мерзімінен бұрын жазылған.

Осындай қайғылы жаңалықтарды пайдаланып, әлеуметтік желілерде мұғалімдердің өз-өзіне қол жұмсауының бірнеше оқиғасы туралы фейктер көптеп таралып жатыр. Бұл – жалған ақпарат.

– Аттестациялауға тоқталсақ, соңғы тәртібі көп ұстаздардың көңілінен шықпай отырған секілді. Бұған не айтар едіңіз?

– Бұл – педагогтің біліктілігін растаудың ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан рәсімі. Басқа елдердегідей, оны жүзеге асыру тәртібі уақыт талабына қарай өзгеріп келеді. Жыл сайын білімін жетілдіретін педагогке 5 жыл сайын біліктілігін растау қиындық тудырмайды. Оның үстіне мұғалім аттестациядан өтпесе, жұмысын жалғастыра береді. Аттестация қосымша ақы алуға әсер етеді.

Фото: ғаламтордан

Мұғалімнің біліктілігі балаларды оқыту мен білім сапасына тікелей әсер етеді. Мұғалімдердің жалақысы жыл сайын өсіп отыр. Онымен қоса, ата-аналар қауымының талабы да артып келеді. Сол себепті мұғалімдердің құзыреттілігін тексеру құралдары үнемі жетілдіруді қажет етеді.

2018 жылға дейін аттестаттау жүйесі басқаша болатын. Ол кезде екінші, бірінші және жоғары санаттар болды. Ал қосымша төлемдер мынадай болды: екіншісіне – 5 мың теңгеге жуық, біріншіге – 7 мың теңгеден жоғары, ал жоғары санатқа – 17 мың теңге. Әрине, бұл мардымсыз қосымша төлемдер болды.

Қоғамда жалақыны көтеру мәселесі белсенді көтеріліп, мұғалімдер педагогикалық шеберлік деңгейіне қарай сараланған жалақыны талап етті.

2018 жылдан бастап аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді, оған сәйкес біліктілік санаттары бойынша қосымша төлемдердің мөлшері жалақының 30%-дан 50%-ға дейін көлеміне жетті.  Мысалы, педагог-шебер 300 мың теңге алса, онда қосымша ақы 90 мың теңге немесе одан да көп болуы мүмкін.

Аттестаттаудың жаңа жүйесі мұғалімнің ақысын шеберлік деңгейіне қарай ондаған, тіпті жүз мың теңгеге көтеруге мүмкіндік берді.

– Мұғалім қанша уақыт сайын бұл сынақтан өтіп тұруы керек?

– Ережеге сәйкес, мұғалімдер бес жылда бір рет біліктілігін арттырады немесе растайды. Егер мұғалім бірінші рет сынақтан өтпесе, оны қайта тапсыруға мүмкіндігі бар екенін түсіну керек. Ең бастысы, сынақтан өтпеген ұстаз жұмысынан айырылмайды, ары қарай жұмысын жалғастыра береді.

Мұғалімдерге ыңғайлы болуы үшін аттестация жылына екі рет өткізіледі.  2018 жылға дейін бұл рәсім жылына бір рет қана өткізілетін. Мысалы, жыл басында тестілеуден өтпесе, онда сол жылдың қазан айынан желтоқсан айына дейін екінші рет сынақтан өтуге мүмкіндік бар. Бұл ретте әрбір педагог кез келген күнді және уақытты таңдауға құқылы.

Қазір мұғалімдердің аттестациядан мерзімінен бұрын жаппай өтіп жатқанын байқап отырмыз.  Бұл – міндетті процедура болмаса да. Бірақ бұл мұғалімдерге қаржылық мотивация ретінде қажет екенін түсінеміз.

Фото: ғаламтордан

– Аттестация кезінде қандай талап қойылады?

– Тағы бір маңызды жайт, мұғалім тек мектеп бағдарламасы бойынша ғана тест тапсырады. Бұл – мемлекеттік білім стандартының ең төменгі талаптары. Сондай-ақ ол мұғалімнің күнделікті оқушыларға үйрететін бағдарламалары. Тестілеу кезінде мұғалімдерден басқа ештеңе талап етілмейді.

Енді тестілеуді өткізу не себепті маңызды екеніне тоқталайық.

Мысалы, мұғалім мектепте 5-6-сынып бағдарламасы бойынша жұмыс істейді, бірнеше жыл математикадан сабақ береді. Біраз уақыттан кейін ол жоғары сыныптарда пәнді оқыта алады. Осы кезде 5-6-сыныпта ғана жұмыс істеп үйренген мұғалімнің 9, 10 немесе 11-сыныптарға арналған бағдарламаны еске түсіруі қиынырақ болады.

Сол себепті теориялық білімді үнемі жаңартып отыру және өз пәні бойынша 1-11-сыныптар аралығында мектеп бағдарламасын толығымен еске түсіру маңызды. Бұл мұғалімнің кәсіби дамуы үшін қажет.

– Жас мамандар да сынақтан өтуі тиіс пе?

– Былтырдан бері педагогикалық ЖОО мен педагогикалық мамандықтары бар ЖОО-да ұлттық біліктілік тестілеу енгізілді. Бұл өте маңызды. Өйткені мектепке келген университет түлегі жас мұғалім болғандықтан мектеп бағдарламасымен және балалармен жұмыс істейді. Былтыр 32 мың түлек сынақтан өтті. Оның ішінде, өкінішке қарай, 10%-ы ғана ҰБТ-дан өте алды. Осыны негізге ала отырып, болашақ мұғалімдерді дайындайтын университеттерге де талапты көтеріп жатырмыз. Осылайша қазірдің өзінде 36 университет педагогикалық лицензиясынан айырылды.

ҰБТ – бұл өз пәнін білу деңгейіне арналған емтихан. Оны 5 жылда бір рет тапсырған мұғалім 5 жыл бойына қосымша ақы алады. Өкінішке қарай, мұғалім оны жақсы білмесе, сәйкесінше тестіні нашар тапсырады. Балаларға да нашар білім береді. Бұған жол бермеу керек. Ұстаздардың өздерімен бірлесе отырып, мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Себебі, балалардың білім сапасы ең алдымен мұғалім білімінің сапасы мен дайындық деңгейіне байланысты.

Тегтер: