Алатау қаласы туралы заң жобасын әзірлеуде Қытай, Корея және Дубай тәжірбиесі ескерілген
Парламент палаталарының бірлескен отырысында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы конституциялық заң жобасын таныстырды.
Астана, NEGE. Оның мәлімдеуінше, заң жобасы Алатау қаласының жедел және тұрақты дамуына жағдай жасау мақсатында әзірленген.
«Жақында қабылданған Конституцияда жекелеген өңірлердің экономикасын ілгерілету үшін "қарқынды дамитын қала" арнаулы құқықтық режимін конституциялық заң арқылы енгізуге болатыны көрсетілген.
Осыған сәйкес Алатау жобасы дербес экожүйе ретінде қарастырылады. Ол жеке қаржылық модельге, арнайы басқару режиміне және жаңа институционалдық негізге сүйенеді», – дейді Бозымбаев.
Заң жобасын әзірлеуге жетекші халықаралық сарапшылар тартылған.
«Сарапшылар арнайы әкімшілік және экономикалық аймақтар арқылы қалаларды дамыту бойынша әлемдік тәжірибені зерттеді. Атап айтқанда, Шэньчжэнь, Хайнань (Қытай), Седжон мен Сонгдо (Корея), сондай‑ақ Сингапур, Дубай және Доха сияқты қалалардың тәжірибесі қарастырылды», – деп атап өтті премьер-министрдің орынбасары.
Мысалы, Шэньчжэнь мен Хайнань тәжірибесінде бұл өңірлерде жергілікті әкімшіліктерге кең өкілеттіктер берілген. Олар салық режимдерін бекіте алады, жеңілдіктерді әкімшілендіреді және инвестициялық қолдауды басқарады. Нәтижесінде шешімдер жедел қабылданады, орталық органдармен функциялары қайталанбайды. Хайнань провинциясы одан да кең экономикалық өкілеттіктер алды. Осы жылдан бастап Хайнань жаңа сауда және инвестициялық хаб ретінде жарияланды.
«Осыларды ескере отырып, Алатау қаласында да әкімшілік салық режимдерін бекіту, жеңілдіктерді және инвестициялық қолдаудағы дербестік енгізуді ұсынып отырмыз», – дейді Бозымбаев.
Оның айтуынша, бұл Қазақстанда әлі қолға алынбаған жаңа салалар үшін маңызды болмақ.